Аяласаң табиғатты аяла
СҚО, Петропавл қ. Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимнаия-интернатының тәрбиешілері: Жакупова Айтансық Магзумовна, Исина Роза Васильевна |
Қазіргі уақытта жалпы білім беретін мектептердің алдында тұрған негізгі мақсат — оқушылардың ой-өрісін жан-жақты дамыту, оларға қазіргі заман талабына сай білім беру және тәрбиелеу. Ал оқушыны жан-жақты дамыту дегеніміз оның тек қана дене бітімі жағынан өсіп жетілуі емес, сондай-ақ баланың жан дүниесі байып, рухани өсуі, қабілеті мен дарынының анықталып, кең өрістеу, парасаттылық ой мен адамгершілік көзқарасының қалыптасуы болып табылады. Баланың бойында осындай ізгі қасиеттерді қалыптастыру, олардың іске асырылуы мектептерде жүргізілетін мектептен тыс жұмыстарды ұйымдастыруға да байланысты.
Жалпы білім беретін мектептерде мектептен тыс жұмыстарды оқушыларға экологиялық білім беру мен табиғат қорғауға тәрбиелеу бағытында жүргізгенде мектеп төмендегідей аса маңызды мәселелерді шеше алады:
— Мектеп оқушыларында табиғи ортаға деген сүйіспеншілік қалыптасып, оны қорғауға деген жауапкершілік артады;
— Туған жерге, қоршаған ортаға және өз Отанына деген отангерлік көзқарас қалыптасады;
— Оқушылар мамандық таңдауға мүмкіндік алады.
Мектептен тыс жұмыстардың мазмұны оқушының теориялық білімін кеңейте, толықтыра түсуге лайықталып, оқушылардың жеке қабілетін дамыта түсерліктей болғаны жөн.
Мақсаты: Оқушыларға экологиялық білім мен тәрбие беру арқылы олардың табиғатты қорғау қабілетін арттыру, табиғатты, қоршаған ортаны аялауға үйрету, табиғат пен адам арасындағы байланыс, табиғатты қорғаудың маңыздылығы туралы түсінік беру.
І бөлім
Жүргізуші. Армысыздар құрметті қонақтар мен ұстаздар және оқушылар! Бүгінгі таңда әлемді дүр сілкіндірген ғаламдық «Экология» мәселесіне үн қосу үшін ұйымдастырылып отырған «Аяласаң табиғатты аяла» атты әдеби музыкалық кездесу кешімізді ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер!
Табиғат, Жер-Ана, Отан, Туған жер, Атамекен деген құлаққа жылы естіліп, жүрекке шаттық сезім ұялататын ұлы да қасиетті, бір-бірімен мағыналас мазмұны бай сөздер. Адамның өзі табиғат пен Жер-Ананың перзенті. Жер-Ананы сүйе білу оны аялау — адамның азаматтық борышы.
1-оқушы. Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауынан: Жаһандану және күрделене түскен әлемдік бәсекелестік жағдайында қазақстандықтар адам дамуының басты салаларындағы таза ауыз су және табиғатты қорғау мәселелерін шешу адамдық және азаматтық борышы екендігі адамгершілік қасиетпен сезінуі тиіс.
2-оқушы.
Жер-Ана мен өз анаң егіз екен,
Мейірімдері мейілінше теңіз екен.
Анам туды Жер-ана жетілдірді,
Осыны өзім өмірге негіз етем.
(Н. Бәрменбаева)
3-оқушы.
Жаратылыс таңы — жан ана,
Қарық қып суға, ауаға.
Топырағыңмен асырап,
Сәулесін құйған санаға.
(С. Мәуленов)
Жүргізуші. Табиғат — бүкіл тіршілік атаулының алтын ұясы және аялы бесігі, құтты қонысы мен өсіп-өнер мекені.
Табиғат әсемдік төркінісің,
Ән саламын бір сенің көркің үшін.
Жан-жануар табынып бір өзіңе,
Сенен алып тұрғандай бар тынысын.
(Ж. Жабаев)
Музыка.
Жүргізуші. Табиғаттың басты байлығы — Жер. Адамдар, жануарлар мен өсімдіктер өз қорегін осы қара жерден алады. Жердің қасиетін сақтау, жер жомарттығын жойып алмау адамдардың өз қолында. «Жері байдың — елі бай», «Күте білсең жер жомарт» деген халықтың түсінігінде халықтың түсінігінде жер, топырақ деген халықтың түсінігінде жер, топырақ деген ұғымдар бір мағынада айтылды.
4-оқушы.
Бұл қара жер болған бізге кең мекн,
Кең мекенге қауіп төнді!
Білсең оны,
Төбе шашың тік тұрар,
Бейшараның көрмегені кемде-кем!
Сөне жаздап, сөне жаздап шамшырақ,
Талай рет жатыпты-ау ол қансырап.
Сондай кезде,
Сондай кезде қол созып,
Қай құдірет келіпті одан қал сұрап!
Жердің көрген қорлығы көп.
Жетеді!
Ол жыласа,
Жасқа толар етегі...
Аяғаннан,
Алдыма алып сәбидей,
Айдарынан сипағым кеп кетеді!
(Қ.Мырзалиев)
Музыка
Жүргізуші. Бүгінгі біздің арамызда қасиетті Жер-Ана, туған халқымыздың аяулы ұлдары, ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби, Асан қайғы, қыл қобызын ұрпағым деп күңіренткен Қорқыт аталарымыз құрметті қонақ болып отыр. Сөз кезегі сіздерге асыл, абзал бабалар!!
Жер-Ана. Уа, ұрпақтарым, қасиетті жерімізді қандай қайғылы күйге түсірдіңдер, сендерге өлкеміздің байлығын, асыл қазыналарын, айдын көлдері мен теңіздерін, таза ауасын бүлдіріп, ұшқан құс, жүгірген аңдарын қырып-жойыңдар деп қалдырған жоқ едік қой. Көздеріңнің қарашығындай сақтап, қаймағын бұзбастан сол табиғи күйінде игіліктеріңе ұстаңдар деп қалдырмап па едік?
Асан қайғы.
Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қайтіп күн көрер.
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан қайтіп күн көрер.
Қорқыт ата.
Қара тауларың құламасын,
Саялы ағаш сынбасын,
Қанаттарың қырқылмасын.
Күй орындалады.
Жүргізуші. Жер-Ана! Адамдарға бар не тілегің?
Қан төгіп соғыспаңдар,
Өтінемін!
Куәсі едім соғыстың,
Ұлы істің де.
Жетпейді екен еш нәрсе тыныш күнге,
Ақылынан адамның азап тауып,
Алмағайып тұрмайтын қыл үстінде.
О, адамдар!
Мезгілден сыр күткендер,
Бейбіт күнде жерді пір тұтты елдер.
Бабалардың ертегін шектемеңдер,
Маралдарды (жер тегін) үркітпеңдер.
Тұруы үшін бұлбұлды тұнық таңдар,
Отпенен ойнамайтын ғұрыпты аңғар,
Таза ауаны түтінмен құртпаңдар,
Есерліктің есігін құлыптаңдар!
Хиросима тағдырын ұмытпаңдар!
Тыныш жатсын құстар да ұясында әр,
Күрсінбесін қария, қия шыңдар,
Қару алмай,
Қастаспай, бостасып-ақ,
Барлығың да төсіме сиясыңдар.
Асан қайғы.
Пайғамбардың бағын берсін,
Сүлейменнің тағын берсін,
Әзіретәлінің айбатын берсін.
Әл-Фараби.
Бата бер, далам бата бер,
Батаңды бер де жата бер. Ақторғын жерім маужырап,
Ақ таңым күліп ата бер.
Жүргізуші. Біздің ата-бабаларымыз бұлақтың көзін ашып, айналасына жасыл желек еккен. Туған жерге бау-бақша егу де ата-бабадан қалған мұраның бірі. Ал қазіргі кезде қырқылған ағаштарды көргенде, ата-бабалармыздың өнегесіне немқұрайлы қарайтын қатыгездерді аяусыз жазалағың келеді.
Қоғамдық өндірісті, экономиканы игеру мен дамыту барысында табиғатты тоздырып жібергенімізді байқамай қалдық. Табиғи байлықты игеріп, оның дүлей күшін жеңдік деп жүріп өзімізге қастандық жасадық. Семейді полигонға айналдырдық, Аралды апатқа ұшыраттық, тың жерді эрозияға душар еттік, өзендерді жойдық, көлдерді құрғаттық. Осыған кім кінәлі? Өзіміз, адамдар!
Музыка.
Жүргізуші. Тіршілік тірегі — табиғат. Ол жалпы адам баласының ортақ қазынасы. Табиғат —Ананың қасиетті сырларын бойымызға сіңіріп алмайынша онымен тең отырып «сөйлесу» қиын. Ең бірінші, табиғатты туған анаңдай түсіну, екінші, табиғатқа туған бабаңдай табыну, үшінші, табиғатты туған ұлыңдай қорғауың қажет. Осы үш ұғымды бір-бірінен бөліп қарау мүмкін емес. Түсінбей тұрып табыну, табынбай тұрып қорғаудың қисыны жоқ. Табиғат — қоғамның қорғаны, заманның зердесі. Табиғат пен адамзат баласы дүниенің бірінсіз-бірі тұл болатын ажырамас бөліктері.
5-оқушы.
Экология!
Бөтен сөз,
Бір туғаның бір-ақ та.
Білгенге бұл көсем сөз,
Мәңгі қалар құлақта.
Өз үй — өлең төсегің,
Табиғат боп қалады.
Оған атқан кесегің,
Өз басыңды жарады.
Эко.. эко — Үй, Отан,
Ежелден-ақ грекше.
Сөз патшасын ұнатам,
Жүрегіме гүл ексе.
Ақ тілеулі көңілдің,
Бұл — көгершін жыры еді.
Экология — өмірдің,
Соғып тұрған жүрегі.
Ей, табиғат балаңмын,
Ертекіңе алаңмын...
Денсаулығы ғалымның —
Денсаулығы адамның.
Музыка.
ІІ бөлім. Оқушылар шығармашылығы.
(Оқушылар өздері шығарған өлеңдерін оқиды.)
Жүргізуші. Экологиялық ойлар мен мәселелердің білімнің басқа салаларына енуін экологизация деп атайды. Қазіргі кезеңде экология кең, әлі толық қалыптасып бітпеген іргелі және қолданбалы пәндер комплексіне айналып отыр. Олай болса, қазіргі заманғы экология тек жеке ғылым ретінде ғана қарастырылып қоймай, ол дүниеге көзқарасқа, адамзаттың тіршілігін сақтауы туралы ғылымға айналып отыр.
Бағбан бабам бау өсіріп жеріне,
Үлгі-өнеге көрсетіп өз еліне.
Бабалардан тағылым алған ұрпақтар,
Тартып туар арғы ата-тегіне —
демекші, біздің елімізді экология ғылымын дамытып, жастарға экологиялық тәлім-тәрбие беріп, үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ғалымдарымыз аз емес. Қонақтарға сөз беріліп, кеш аяқталды.
Туған өлке табиғатын қорғау және тиімді пайдалану, оны ластану мен бүлінуден қорғау үшін адамзаттық жауапкершілікке тәрбиелеу, табиғатпен қарым-қатынас жасаудың азаматтық-отангерлік негіздерін қалыптастыру- Отанға сүйіспеншілік сөзіммен байланысты.
Адам үшін табиғаттың жері мен суы, орманы мен тасы, жануарлары мен өсімдіктері тіршілік етудің көздері болса, табиғат адам үшін оның бағбаны іспеттес. Демек, барды қастерлей білу парыз. Жалпы білім беретін мектептерде мектептен тыс жұмыстарды табиғат қорғау бағытында жүргізгенде әрбір оқушы төмендегідей іскерліктерді меңгерулері қажет:
— Адамның табиғатқа әсерін бағалай білу;
— Адамның табиғатқа тигізетін әсерінің нәтижесін болжай білу;
— Табиғи ортада тәртіп сақтап, табиғи ортада адамның өзін қалай ұстау керектігін білу;
— Табиғаттың халық қазынасы екендігін сезіну.
Оқулық шеңберінде қалып қоймай, тірі және өлі табиғаттың өзара байланысын ғылыми тұрғыда аша отырып, экологиялық факторлардың жан-жақты әсерін қоғамға, жеке адамға білдіру мұғалімдердің негізгі міндеті болып табылады.
- 10612 просмотров