Әл-фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті — Қазақстан Республикасының архивистері мен құжаттанушыларының алма-матері
Жакишева Сауле Аукеновна тарих ғылымдарының докторы, профессор, |
Әлемдік ақпараттындыру дәуірінде Қазақстандық жүйенің орныққанына біраз уақыт болды. ХХІ ғасырдың екінші онжылдығында әлемнің барлық елдеріне бірдей ауыр сынақ болған пандемия жағдайында жаһан елдері өздерінің цифрлық дайындық деңгейін объективті бағалауға мүмкіндік алды. Біздің тақырып, қоғамдағы маңыздылығы артып отырған басқаруды құжаттамамен қамтамасыз ету саласы мен архив ісінің мамандарын дайындау бойынша Қазақстандағы ең үздік университеттердің бірі — әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті (ҚазҰУ) білім беруде ақпараттық заман талабына сай жаңашылдықтарды қалай және қаншалықты пайдалана алды деген сұраққа арналмақ.
Еліміздің білім беру жүйесіндегі кадрларды дайындаудың ақпараттандыру мысалын алып қарасақ, бірнеше нақты шешімдер қабылданып, нық қадамдар жасалғанын айтуға болады. Мәселен, мемлекетіміздегі орын алған цифрландыруға көшудегі маңыздыларының бірі — 2017 жылы қабылданып, іске асыру жоспары 2018-2022 жылдарды қамтитын «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағадарламасы. Аталмыш бағдарламаның төртінші бағытында «Адам капиталын дамыту» негізделіп, «білім экономикасына» көшу мақсаты айқындалған болатын. Яғни, жоғары оқу орындарына да сапалы цифрлық білім беру жүйесін қалыптастыру міндеті қойылды.
Мемлекет болашағының кепілі болатын саналы, білімді ұрпақ қалыптастыруда жоғары сапада білім беру мемлекетке жүктелді. Осы ретте ҚазҰУ қойылған міндеттің жоспарлы тетігін дайындап, дәделді нәтижелер көрсетуде көшбасшылардың бірі болып саналады. Университеттің тарих, археология және этнология факультетінде 2010 жылдан бастап «Мұрағаттану, құжаттану және құжаттаманы басқаруды қамтамасыз ету» мамандығы бойынша Отандық архив саласы мен құжаттаманы басқаруды қамтамасыз етудің кадрлық ресурсын жасақтайтын білікті мамандар оқытылып келеді. Еліміздің еңбек биржасын жоғары білімді құжаттанушы және архив мамандарымен толықтыру мәселесінде мұндай мамандарды республика бойынша тек Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ даярлайды. Факультет студенттері өз білімдерін бұл мамандық бойынша бакалавриат, магистратура және доктарантура бағдарламалары бойынша шыңдай алады. Ақпараттық технологиялар заманының талабына сай, 2019 жылдан бастап магистратурада «IT архивтану және құжаттану» бағдарламасы ашылды. Сонымен қатар, архивистер магистратура бөлімі бойынша Ресей Мемлекеттік Гуманитарлық Университетінде (РГГУ) қос дипломдық бағдарламамен оқу мүмкіндігіне ие. Аталмыш оқу орнында магистранттар ТМД елдері шеңберінде архив саласының орталығы болып табылатын «Тарихи-архив институты» (Историко-архивный институт) базасында оқу курстарын өтеді.
ҚазҰУ-да құжаттанушы-архивистердің ақпараттандыру бағытындағы білімдерін тереңдету мақсатында «Архивтану және құжаттанудағы ақпараттық жүйелер», «Электрондық құжаттардың метамәліметтерін басқару», «Ақпараттық жүйелер инновациясы және жаңа технологиялар», «Өндріс архитектурасы және ERP-жүйесі», «Ақпараттық жүйелер стратегиясы, басқару және жинақтау» тәрізді пәндер міндетті оқылатын курстар жүйесіне енгізілді. Цифрлық модернизацияға сай жетілдірілген бұл пәндерді оқытуда осы салада арнайы білімі бар, білікті оқытушыларды тарту қажеттігі туындады. Осы ретте, техника ғылымдарының докторы, профессор Жапаров Барыс Әлікенұлын — мемлекетіміздің архив ісін ақпараттандыруда теориялық және практикалық білімнің тәжірибелі маманы ретінде айтуға болады.
Профессор 2014-2018 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінде басшылық қызмет атқарды және осы 2014 жылдан бастап Қазақ Ұлттық Университеті мен Президент Архиві арасында әлеуметтік серіктестік келісім-шарты жасалды. Барыс Әлікенұлы архивист мамандар дайындаудағы оқыту курстарында шетелдік білім беру тәжірібелерін негізге алады. Мәселен, 2017 жылы Жапаров Барыс Әлікенұлының бастамасымен ҚР Президенті архиві мен АҚШ-тың Архивтер және құжаттама Ұлттық басқармасы (NARA) арасында әріптестік келісімдер жасалып, екі жақтың архивист мамандары өзара тәжірибе алмасты. Сонымен қатар, ҚазҰУ-да білім алып жатқан архив мамандығы студенттері АҚШ Архивтер және құжаттама Ұлттық басқармасының (NARA) архивистері дайындаған дәрістерін тыңдауға мүмкіндік алды. Бүгінде, Барыс Әлікенұлы ҚазҰУ-да «Архив ісі және құжаттану» оқу-өндірістік кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарады.
Бұл дегеніміз, құжаттанушы-архивист мамандарды оқытуда цифрландыру мен ақпараттандырудың соңғы жаңалықтары мен жетістіктерін қолдану үрдісі әрі қарай да жалғасатын болады. Осылайша, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті бәсекеге қабілетті, үздік маман даярлауда Қазақстандағы алдыңғы қатардағы жоғары оқу орындарының бірі және Республика аумағында білікті архивист мамандар оқытатын жалғыз университет. Еліміздің мамандарының әлемнің ең үздіктерінің қатарында болуы — біздің бүгінгі мақсат.
- 5805 просмотров