Әдебиеттік оқу сабағында оқытудың жаңа әдіс – тәсілдерін қолдану
Балғабаева Мадина Жүнісбекқызы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Шашубай кентіндегі «Мектеп—балабақша кешені» КММ, Бастауыш сынып мұғалімі |
Егеменді еліміздің өскелең ұрпағын тәрбиелеуде ұстаздардың алатын орны ерекше. Бүгінде білім беру саласында оқытудың жаңа әдіс — тәсілдерін меңгермейінше, сауатты, жан — жақты болу мүмкін емес. Оқытудың жаңа әдіс — тәсілдерін меңгеру мұғалімнің интеллектуалды, кәсіптік, адамгершілік, рухани азаматтық және басқа да адами құндылықтарының қалыптасуына әсер етіп, өзін — өзі дамытып, оқу — тәрбие жұмысын тиімді ұйымдастыруына көмектеседі. Жас ұрпақтың өз бетінше шешім қабылдай алатын, өзіне нық сенімді, батыл, жігерлі, дүниетанымы дұрыс қалыптасқан азамат болуы ұстаздан өте қажырлы еңбекті талап етеді. Бұл міндеттерді шешу үшін ұстаздың күнделікті тынымсыз ізденісі, барлық жаңалықтар мен өзгерістерге батыл жол ашарлық тәжірибе мен қарым — қатынасқа өтуі қажет деп ойлаймын.
Білім беруде жаңашылдықты іздеуде мен де Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курсының үшінші деңгейлік оқуын аяқтап, бағдарламаның жеті модулін теория жүзінде меңгердім. Осы бағдарлама арқылы игерген білімімді оқушыларыма үйретіп жатырмын. Тәжірибе кезінде өзіме жинақтаған кейбір ой-түйіндерімді ортаға салғым келді. Күнделікті сабақтарымда білім беруде басты мақсат «не нәрсеге оқыту», «қалай оқыту» және оқушыларымның топтық, жұптық жұмыстарда өздерінің шығармашылықтарын шыңдай түсу үшін қандай тапсырмалар беру керектігін әбден зерттеп, зерделеп алған дұрыс екеніне көзім жетті. Сабақты бастамас бұрын оқушыларды шаттық шеңберіне тұрғызып, көңіл — күйлерін жүректерінің жылуы мен ыстық алақандарының түйісуі арқылы сездіре отырып, бүгінгі сабақтың қызықты әрі тартымды өтуі өздеріне де байланысты екенін сездіруге тырысамын. Одан әрі мұғалім мен оқушының рөлі ауысып, басты салмақ оқушыға ауыстырылуы тиіс. Оқушыға бәрін үйрету мүмкін емес, олардың рөлі үйренуге ұмтылу екенін естен шығармаған жөн. Шығыс даналығында айтылатын «Маған айтсаң ұмытып қаламын, көрсетсең есімде қалар, ал істеуін көрсетіп берші, үйреніп аламын», яғни бұл баланың ынтасын жетелеу арқылы оқыту, үйрету қажет деген сөзбен түйіндегім келеді.
Ендігі тоқталып өтетінім: тәжірибе кезінде байқаған топтық, жұптық жұмыстардың оқушыға тигізетін оң әсерлерін сөз еткім келіп отыр. Топтық жұмыстарға оқушыларды бағыттап отыру әсіресе көп үндемейтін, тұйық, баяу болып келетін оқушыларға аз да болса серпіліс жасатып, ұжымның ортасына қарай икемделетіндіктерін байқадым. Топпен жұмыс істеуге дағдыланған оқушылар бір — бірін тыңдауға, пікір сайыс құруға, араларынан көшбасшы сайлап, топ ұстанымын орындауға бірте — бірте бейімделе түседі екен. Бұған әрине, топ мүшелерінің ішіндегі белсенді оқушылар үлгі болатынын байқауға болады. Әдебиеттік оқу пәніндегі ертегі, аңыз, жыл мезгілдері, табиғат жайлы берілген тақырыптар топтық жұмыстарға өте қолайлы тапсырмалар беруге ыңғайлы. Белгілі бір тақырып бойынша бірігіп салған суреттер арқылы әңгіме айту жарысын ұйымдастырған жөн. Мұндай жарыс әңгімеге шыққан оқушының сөз байлығы шектеулі болса, оқушыға бағыттаушы сұрақтар қойып, өз ойларын еркін жеткізуге баулып отыру қажет. Әсіресе тұйық отыратын оқушы топтың қолпаштауымен ортаға шыққанда, өз тобының намысын ойлап, тәп — тәуір әңгіме айтып беруге тырысатыны байқалып қалады. Сонымен қатар рөлдік ойындар, кейіпкерлерге кластер жасау, олардың жағымды — жағымсыз қасиеттерін анықтау, кейіпкерлерге өз атынан немесе сол кейіпкердің образына кіріп хат жазу, ертегі мен аңыздардағы негізгі идеясын тауып, соған байланысты мақал — мәтелдер, жаңадан аңыз, ертегілерді құрастыру сияқты шығармашылық жұмыстарды топтық жұмыс кезінде орындау тиімді екеніне көзім жетті. Сонымен бірге тіл сабақтарында диалогтік оқыту да өте пайдалы, себебі оқушының сөз байлықтарын молайтумен қатар сұрақтарға нақты, дәл жауап беріп отыруларын бағыттап береді. Диалогті өз мәнінде кеңінен өрбіту үшін қойылатын сұрақтар мәнді де мағыналы болғаны жөн. Сонда оқушы өзінің беретін жауабына да немқұрайлы қарамайды.
Топтық жұмыстар кезінде «Сергіту сәтін » өткізу, оқушының ынтасы мен ойын ширатуға көп көмектеседі және әрі қарай жұмыс істеулеріне де, ұжымдық қолайлы орта қалыптасуына да ықпал етеді. Топтық жұмыс орындау кезінде тағы бір байқағаным олардың намысшыл, жеңісті қолдан бермеу сияқты дағдылары да қалыптасады екен. Бұл жерде әрине, балалардың бір — біріне және топтық жұмыстарға формативті түрде баға берулері көп әсерін тигізеді. Әр топқа неге мұндай баға қойылды, не себепті деген сұрақтарға жауап берген оқушылардың сөздері ұстаз көңілінде ескерусіз қалмауы тиіс. Топтық және жұптық жұмыстар оқушылар үшін жаңалық екені даусыз. Кезінде дәстүрлі сабақтарда мұндай жұмыстарды қолданған жоқпыз. Тек мұғалім мен оқулық арасында ғана өз білімдерін түйіндеп, белгілі бір шекарадан ауытқымайтын қағида болды. Ендігі жерде оқыту үдерісіне енген жаңалықтарды біртіндеп кіргізу арқылы жаңаша оқыту технологиясын сәтті пайдаланып, заманауи талаптардың басында көшбасшы болу — әр ұстаздың ұрпақ алдындағы парызы. Мұғалім — тек бағыттаушы,ал оқушы -ізденімпаз болып, өз бетімен шешім қабылдауға жүрексінбей кіріссе, бұл жұмысымыздың белгілі бір нәтижесі болады деп сеніммен айта аламын.
- 16265 просмотров