Дарынды балаларды анықтау, олардың қабілетін жетілдіру және қолдап-қуаттау үшін білім беру мекемелерінде жағдай жасау
Журина Сания Молдабековна КГУ «Арыкбалыкская средняя школа» Айыртауский район Северо-Казахстанской области учитель казахского языка и литературы, стаж 21 год, первая категория |
Адамдардың кішкентай кезінен бастап, белгілі бір жетістікке жетуді армандауы қалыпты жағдай. Алдына қойған мақсатына қол жеткізу барысында адамдар өзінің бойындағы туа біткен және жүре қалыптасқан қабілеттерін пайдаланады. Адамдардың бойындағы ерекше қабілеті, оны басқаларға қарағанда оқшауландырып тұрады. Бұл қабілет сырын ашу әлі күнге дейін жұмбақ секілді. Мұнымыз не — сирек кездесетін жеке-дара қасиет пе немесе әлеуметтік шындық па? Дарындылық дегеніміз не? Дарынды балаларды қалай анықтау керек және олармен қалай жұмыс жасау керек? — деген сияқты сұрақтар қазіргі ұстаздар ұжымын қатты толғандыратын мәселелердің бірі болып отыр. Осы сұрақтарға жауап табу мақсатында педагогикалық энциклопедияға жүгінсек, онда мынадай анықтама берілген: «Дарындылық — іс — әрекеттің белгілі бір саласында ерекше бір жетістікке жетуге жағдай жасайтын, адамның қабілетті дамуының жоғарғы дәрежесі».
Дарынды балалар қандай? — деген сұраққа жауап іздейтін болсақ, олар әр түрлі, бір-біріне ұқсамайды. Дарынды баланы байқамау мүмкін емес, көпшіліктің арасында ол өзінің іс-әрекетімен, бейімділігімен, қабілеттілігімен бірден көзге түседі.
Дарынды баланы қалай тануға болады? Белгілі зерттеуші Н. С. Лейтес қабілетті балалардың 3 категориясын анықтап берген болатын.
Бірінші категория — ой-өріс қабілеті ерте жастан байқалған балалар.
Екінші категория — жеке бір іс-әрекет түрімен белгілі бір мектептегі ғылым түріне қабілеттілігімен көзге түскен оқушылар.
Үшінші категория — дарындылық күш-қажырымен ерекшеленетін оқушылар.
Ой-өріс қабілетімен ерте жастан көзге түскен оқушыларға мектептегі оқу кезіндегі қарқындылық тән. Кейбіреулерінің ақыл-ойы табанды түрде дамиды да өз қатарластарын басып озады. Олардың ақыл-ойының кемеңгерлігі сонша — оларды байқамау мүмкін емес. Мұндай балалар 3-4 жастан оқуды, жазуды, сызуды үйренеді де, өсе келе белгілі бір ғылым түрлерімен шұғылданады. Олардың қызығушылығы ауысып отырғанымен, ақыл-ойға салмақ салатын пәндерге деген талпынысы төмендемейді.
Бала дарындылығының байқалмайтын жағдайлары да кездеседі. Кейде тіпті баланың есейген шағында сирек кездесетін қабілеттері көрініс тауып жатады.
Балалардың бойында белгілі бір қабілеттердің жарқын көрінісі, ой-өріс деңгейінің жалпы көрінуімен, дамуымен, ғылымның, өнердің арнайы бір саласына бейімделуімен сипатталады.
Үшінші категорияға жататын оқушылар жалпы дамуы жағынан өз қатарларының алдына шықпайды. Бірақ ақыл — ойының өзіндік ерекшеліктерімен өзгешеленеді.
Бұлардың өзгешеліктері неде? Оқушы пікірінің ерекшелігі мен дербестігінде, сұрақты әр қырынан қарастыруында болып табылады.
Оқушының дарындылығын байқаған сәтте не істеу керек? Дарынды бала ересектерге қарағанда, әлі адам ретінде қалыптаспағанын, болашағы алдында, қабілеттерін ашуды қажетсінетінін естен шығармаған жөн. Бала қабілеті — арнайы құбылыс, дарынды балалар жаңа жағдаяттарда аса сезімтал болады. Сондықтан да, дарынды оқушылармен жұмыс істейтін мұғалімдердің де арнайы даярлығы болуы тиіс деп ойлаймын.
Дарынды балалармен жұмыс жасайтын мұғалімдердің алдына қойылатын міндеттер:
1. қайырымды әрі әділетті болу;
2. дарынды балалар психологиясының ерекшеліктерін білу, олардың қажеттіліктері мен қызығушылығын сезіну;
3. ақыл-ой дамуы жоғары деңгейде болуы тиіс.
4. Қызығуы мен шеберлігі болуы тиіс;
5. Жан-жақты білімді болғаны абзал;
6. Дарынды балаларды оқытуға байланысты түрліше міндеттерді орындауға дайын болуы тиіс;
7. Белсенді әрі өте қозғалғыш болғаны жөн:
8. Әзілдесуге де икемі болғаны дұрыс (бірақ сарказм емес);
9. икемді, әрі өзін үнемі жетілдіріп отыруы тиіс;
10. шығармашылық, мүмкін болса, жеке дүниетанымы дәстүрлі емес болғаны дұрыс;
11. денсаулығы жақсы, балалармен жұмыс істеуге арнайы жоғары білімнен соңғы дайындығы болуы керек және әрі қарай арнайы білім алуға дайын болуы тиіс.
Осы міндеттерді бұлжытпай орындауға дайын ұстаз — дарынды балаларда дамыту керек болатын маңызды қабілеттер мен шеберліктерді де өз уақытында анықтай алады. Олар:
1. оқушының танымдық қабілеттері мен дағдылары
- үлкен ақпарат көлемін меңгеруі
- сөздік қорының бай болуы.
- себеп-салдарлы байланыстарды анықтау.
- жасырын тәуелділіктер мен байланыстарды табуы.
- қорытындыларды жасай білуі.
- күрделі проблемаларды шешуге қатысуы.
- ақпаратты ұйымдастыруы.
- көзге көрінбейтін айырмашылықтарды байқай білу шеберлігі.
- ситуацияларды талдай білуі.
- процестің өзі сияқты нәтижені де бағалай білу шеберлігі.
- болжам құра білуі
- идеяларды практикада қолдана білуі.
- ойлаудағы сыншылдығы
- жоғары дәрежедегі білімге құмарлығы.
2. шығармашылық қабілеттері.
- қатерге қабілеттілігі
- дивергентті ойлауы
- ойлау мен іс-әрекеттегі икемділігі
- ойлау тездігі
- ерекше идеялар айта білуі, жаңа нәрсе ойлап табуы
- қиялға бай
- жоғары эстетикалық құндылықтары
- дамыған интуициясы
3. эмоционалды ерекшеліктері.
- реалистік мен — тұжырымдамасы
- өзгелерге сыйластығы
- адамдарға эмпатиялық қарым-қатынасы
- өзге адамдар ерекшеліктеріне шыдамдылығы
- өзін талдауға бейімділігі
- сынға шыдамды көзқарасы
- тапсырманы орындаудағы табандылығы
- жарысқұмарлығы
- ойлаудағы тәуелсіздігі
- әзіл сезімі
- өз күші мен қабілетіне сенімділігі
- ішкі мотивациясы.
Жаңа ғасыр мектебі ұстаздар алдына оқушы бойындағы осындай ерекше қасиетін анықтап, ел ертеңі білімді, бәсекеге қабілетті азаматтар тәрбиелеу міндетін жүктейді.
Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында орналасқан біздің мектебіміз де заман талабына сай — өскелең ұрпақты тәрбиелеу міндетін атқарып жатыр. Мектебіміздің толық атауы Арықбалық гимназия мектебі. Мектеп тарихына көз жүгіртсек, оның іргетасын қалаушы, қазіргі уақытта құрметті еңбек демалысындағы зейнеткер ұстаздарымыз Чепалдина Галина Артемовна мен Нихаенко Валентина Васильевналар 1991 жылы «Дарынды балалар» эксперименттік бағдарламасын — оқушыларға 2-сыныптан, ерте жастан шетел тілдерін үйрету (1990-1991 оқу жылдары), соны 5 сыныпта тереңірек үйренуге көшу (1993-94 о. ж.), ал 1995-96 оқу жылынан бастап 7-сыныптан екінші шетел тілін енгізу бағдарламасын жасады.
1991-1992 оқу жылынан бастап, конкурс негізінде 1 гимназиялық сыныпқа бала қабылдау, бастауыштағы 4 жылға арналған оқу бағдарламасын 3 жыл ішінде өтіп, соңынан бітіру емтиханын тапсыруды енгізді.
Гимназияның екінші басқышы — 1994-1995 оқу жылынан, үшінші сынып оқушыларының бесінші сыныпқа көшуінен бастап ұйымдастырылады.
1992-1993 оқу жылынан бастап, жыл сайын негізгі мектепті бітірушілер арасынан конкурс негізінде 10 гимназиялық сыныпқа оқушы қабылдау.
Гимназияның үшінші басқышын ұйымдастыру 1994-1995 оқу жылынан кіру емтихандары негізінде 8-сыныпқа оқушы қабылдаудан басталды.
1993-1994 оқу жылдарын бейінді сыныптар ашу мәселесі де қарастырылып, бұл саладағы жұмысты 1994-1996 оқу жылдарында байқап көру межеленді.
1995-1996 оқу жылында эксперимент нәтижелерінің қорытындысы жасалып, 1996 жылдың 20-қыркүйегінде бағдарламаға толықтырулар енгізілді.
Бес жылдық сынау жұмысының шығармашылық есебі нәтижесі бойынша дарынды балалармен одан әрі жұмыс жасау қажеттілігі айқындалды. Тәжірибеге сүйене отырып, гимназиялық сыныпқа балаларды конкурс негізінде бірінші сыныптан кейін іріктеу бекітілді. Мектепте жалпы білім беретін сыныптармен қатар 1-11 гимназиялық сыныптар да өз жұмысын жалғастырды. Мектеп ұжымы мен оқушылар алдына шығармашылық еңбекпен «мектеп -гимназия» мәртебесін алу міндеті қойылды.
2001 жылғы 8-қазандағы толықтыруларда:
Мектебімізге «мектеп-гимназия» мәртебесінің берілуі педагогикалық ұжымның көпжылдық шығармашылық жұмысының нәтижесі деп есептеу; гимназиялық сыныптарды оқыту жүйесін жетілдіру; авторлық бағдарламалар жасау; мектеп мүмкіндіктерін ескере отырып, мемлекеттік стандарт негізінде оқу бағдарламаларына өзгертулер енгізу; оқушылардың қызығушылығын есепке ала отырып, қосымша сабақтар, жеке жұмыс түрлерін пайдалана отырып, дарынды балалардың қабілетін дамытуға ерекше көңіл бөлу; гимназия оқушыларымен психолог жұмысын жандандыру сияқты мәселелер қарастырылды.
Педагогикалық ұжымның қажырлы еңбегі нәтижесінде мектебімізден түлеп ұшқан дарынды азаматтар еліміздің түкпір-түкпірінде аянбай еңбек етуде. Баланың бойындағы ерекше қасиетті танып-білу, оны одан әрі дамыту, қолдап-қуаттау мәселесі мемлекеттік деңгейде көтеріліп, өз шешімін тауып жатыр. Біздің мектебіміз гуманитарлы бағыттағы гимназия, мектепте тілдерді меңгеру мәселесі жақсы жолға қойылған. Мектепте дарынды оқушылармен жұмыс алып бару үшін «Дарынды балалар» және «Біздің үмітіміз» жобасы іске асырылып, мектебіміздің білікті ұстаздары өз авторлық бағдарламаларын жасаған: Московкина Н. И., Шураева А. Т., Тиденберг В. Ф., Ильина И. С., Чепалдина Г. А., Багаева Л. В., Трофимова Л. А., Гусарова Т. А. Мектебімізде үш жыл қатарынан Бейбітшілік Корпусының еріктілері жұмыс жасады:
Оқушыларымыз мектепішілік, аудандық, облыстық, республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Олимпиадалық тапсырмалармен қатар, қашықтық зияткерлік байқауларында, ғылыми жобалар жасауда да белсенділік танытады. Осының барлығы мектептің дарынды балалармен жұмыс жүргізуді сауатты ұйымдастыруында деп білемін. Дарынды оқушылармен өткізген қас-қағым сәттің өзі ұстаздарды тоқтамай, әрі қарай ізденуге талпындырады.
Қорыта келгенде, әріптестеріме айтарым: дарынды баламен мұғалімнің өзара әрекет етуіндегі өте тиімді бір әдіс — баланың материалмен өзіндік жұмыс істеуіне басты мән бере отырып, жеке-дара сабақтар ұйымдастыру; баланың өзінің білім дәрежесіне орай, бейімділігіне орай және психикалық ерекшеліктерін ескере отырып сабақ жоспарын құрастыру, қиын әрі шатасқан сұрақтар бойынша кеңес беру тақырыптарын анықтау, белгілі бір уақыт аралығында берілген білімнің нәтижесін тест тапсырмалары арқылы тексеріп отыру, алдындағы оқушыға немқұрайлылық танытпай, оның жан-дүниесіне үңіле білу.
Мұғалім өте қайырымды, әрі зерек болуы тиістігін естен шығармаған дұрыс деп ойлаймын.
- 64454 просмотра