Ұстаз ойшыл болмаса, Шәкірт ұшқыр болмайды
Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданы, Бидайық орта мектебінің қазақ тілі пәні мұғалімі Маликова Айнұр Кеңесбайқызы |
Бүгінгі таңда оқушыларды 21 ғасырға дайындау үшін ұстаздар әр сабағын сапалы түрде ұйымдастырып, әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана білуі шарт. Мектепте алған білімін өмірде қолдана алатындай етіп сабақты құру мұғалімдерден көп шығармашылық ізденісті талап етеді. Ол үшін ең алдымен, әр ұстаз үнемі өз білімін жетілдіру және өз шәкірттерін тұлға ретінде тану керек.Ұлы Абайдың «Адамның қасиеті үш-ақ нәрсе: нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек» демекші,шәкірттің алдына бару үшін жеткілікті білімің болу керек, сол тәжірибеңді ұғындыру үшін тиімді тәсілдерді қолдана білу және ұстаз мамандығын таңдаған соң, этикалық әрі моральдік құндылықтарды ұстану қажет. Мұғалімнің бұл үш көмекшілері сапалы әрі табысты оқытуына жол ашады.
Орыс мектептерінде қазақ тілінен сабақ беру көп дайындықты талап етеді. Сабақ үстінде оқушылардың жүйелі жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызу, тақырыпқа сәйкес қосымша тапсырмалар ойластыру шеберлікті қажет етеді.Өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді меңгертуде пән бойынша терең білім беріп, шығармашылық қабілетін, қызығушылығын дамыту сауатты ұйымдастырылған сабақ барысында қалыптасады. Осы мақсатқа жету барысында өз жұмысымда жаңа педагогикалық технология элементтерін қолданамын. Атап айтсам: Ж.Қараевтың деңгейлік оқыту технологиясы, Сатылай кешенді талдау технологиясы, Жеке тұлғағ бағытталған технология т.б.
Неге педагогикалық технологияларға ерекше көңіл бөлеміз? Оқушыларды пәнге деген қызығушылығын арттырып, білімдерін бір жүйеге келтіру мақсатында тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалану білімнің сапалы болуына себеп болады. Әр сабақта менің алға қоятын мақсаттарымның бірі балалардың сөйлеу тілін дамыту болып табылады, сондықтан әрбір сабағымда диалог құру үшін бірнеше әдістерді қолданамын.
Сұрақ-жауап әдісі мен үшін өзге ұлт өкілдеріне тілді меңгертуде ең ұтымдысы, себебі балалар сұрақ құруға және сұраққа жауап беруге үйренеді. Нәтижесінде өзара қарым-қатынас жасауға дағдыланады. Сабақ басында оқушылардан күн, ай, апта күндерін сұрау қалыптасқан жағдай. Үй жұмысын тексеруде «Мозайка», «Сыртқы-ішкі шеңбер», «Ақыл қалпағы», "Мұғалімге хат«,т.б әдістерін қолданып, өткен тақырып бойынша жазбаша түрде сұрақ құрып, өздері жауап қайтарады. Жауап беруде толық жауап талап етемін, сондықтан оқушылар жауаптарын мысал келтіре отырып дәлелдейді.
Жаңа тақырыпты меңгерту барысында да оқушыларға жеңіл сұрақтар қою арқылы тақырыпты өздеріне ашуға мүмкіндік беремін, себебі балалар ойлана отырып сөйлеуге тырысады,білімін жетілдіруге талпынады,белсенділік танытады, жауапкершілікті сезінеді. Блум түймедағында берілген алты сұрақтың түрлерін қолдануға тырысамын. Жетелеуші және бағыттаушы сұрақтар арқылы оқушыларға дұрыс жауап іздеуде бағыт беріп отырамын. Практикалық сұрақтар арқылы теорияны тәжірибемен ұштастырып, оқушыларды өз ойын дәлелдеуге үйретемін.
Мысалы, «6 W» әдісі балалардың белгілі тақырып бойынша білімі қай деңгейде екенін анықтап, жаңа ақпаратты қай мөлшерде беру жайлы мәлімет береді. Сұрақ-жауап әдісін ойын, топтық, жұптық жұмыс ұйымдастырғанда да тиімді қолданамын. Ең алдымен, балалар түсінбегенін бір-бірінен сұрап алуға мүмкіндік алады, екіншіден, білмегенін сұрау үшін сұраулы сөйлем құруға үйренеді.Сабақты қорытындылау үшін «Сюжеттік кесте», «Бестік диктант», «Жұқа-қалың сұрақтар» әдісін және «Сұраулы сөйлем» стратегиясы ұтымды деп есептеймін.
Мысалы, белгілі бір лексикалық тақырыпты аяқтау үшін оқушыларға тақырыпқа сәйкес негізгі сөз жазуды тапсырамын. Сол сөзбен сөз тіркесін жасайды. Келесі кезеңде сөз тіркеспен сұраулы сөйлем құрып, оған жауабын жазады.( спорт + спорт түрлері + Сен спорттың қай түрімен шұғылданасын? Маған баскетбол ойыны ұнайды.) Сабағымның сәтті я сәтсіз тұстарын білу үшін рефлексияны да сұрақ- жауап әдісі арқылы білемін. Бұл кезеңде оқушылар түсінбеген тұстарын айтып, келесі сабақта менің мұқият болуыма ой салады.
Маған айтшы — мен ұмытып қаламын, |
Қазіргі заманда оқушыларға дайын білім беруден яғни «дәстүрлі» стильмен оқытудан алшақтау керек. Сыни тұрғыдан ойлау қабілеттері дамыған оқушыларды қалыптастыру үшін мұғалімнің өзі де жаңашыл идеяларға көңіл көкжиектерін ашу керек. Сабақтың әрбір минутын тиімді пайдалану үшін сабақ жоспарын табысты болатындай етіп құру біздің міндетіміз, себебі мұғалімдер әрбір баланың болашағы үшін жауапты. Көзбен көрген ақпараттың 30% есте сақталатынын ескере отырып, жаңа тақырып түсіндіру барысында АКТ мүмкіндіктерін пайдалану мен үшін маңызды. Бүгінгі заманда сандық сауаттылығымыз жоғары болу керек, себебі балалар алдында өз беделімізді нығайтамыз.
Мүмкіндігінше электронды оқулық, дискілер, видеокассеталар,фильмдер, мультимедия мүмкіндігін толық деңгейде қолданса, өз нәтижесін береді.Көргенін ұзақ мерзімде сақтайды,көру арқылы тапсырманы орындау жеңілге түседі және сабақта уақытты ұтымды пайдалануға негіз болады.
2010 жылы аудан бойынша Бидайық орта мектебінің ұжымы республикалық «Сабақ үрдісін жаппай технологияландыру» атты пилоттық жобаға қатысты. 10 ұстаздың ішінде мен де болдым. Электронды оқулықтық мүмкіндіктерін сабақтың әрбір кезеңінде ұтымды пайдалану мұғалімнің шеберлігіне байланысты, сондықтан жаңа тақырыпты түсіндіруде, пысықтау немесе қорытындылау бөлімінде электронды оқулықты қолданамын. Мен үшін сәттілігі: оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырады, оқу ынтасын жоғарлатады, түсінбеген материалға кері оралуға немесе керісінше озат оқушыларға қосымша жұмыс беруге болады, жаңа тақырыпты түсіндірген кезде сурет, бейнематериал қосуға мүмкіндігі бар. Интерактивті тақтаның құралдарын пайдалана отырып, оқушылардың логикалық, сыни ойлауы қалыптасатындай етіп сабақ құруға әбден болады.
Оқыту сапасын арттыру мақсатында балалардың танымдық қабілеттерін дамыту, дәлірек айтсам, оқуға деген қабілетін, зейін, сөйлеу дағдылары, шығармашылық ойлау сияқты қабілеттерін дамыту мен үшін маңызды. Сыныптағы әр оқушы ақпаратты әртүрлі қабылдайды. Оқушылардың қабылдау ерекшеліктерін ескере отырып,әр сабақта тиімді стратегиялар мен әдіс-тәсілдерді қолдануға тырысамын. Жаңа сабақты түсіндіруде аудио, бейнемәтіндер болса, қолдану сатысында топтық, жұптық түрлерін жүргізген ұтымды болады, себебі жұптық жұмыста көршілес оқушылар өзара жұмыс істеп, сұрақ қоя отырып тақырыпты игеруге мүмкіндік алады. Ал топтық жұмыс барысында әрқайсысы өз идеясын ұсынуға, жалпыға бағытталған белгілі бір жұмыс түрін орындай алады. Мұндайда «оқушы үнін» естиміз.
Өзге ұлт өкілдеріне тілді үйрету-күрделі үдеріс, сондықтан оқытылатын ережені есте сақтап, өмірде қолдана алатындай етіп ұғындыру үшін ойын элементтерін де жиі қолданамын.Мысалы, мәтінмен жұмыс істегенде топтың ішіндегі оқушылар рөлге бөлініп талқылайды. «Оқушы» — мазмұндайды, «сыншы» — оқушының жіберген қатесін айтады, «жақтаушы» — оқушының жауабын қолдап, ұтымды шыққан тұсын айту керек. Әр бала өзіне жүктелген рөлді атқару үшін, мәтінді толық меңгеріп, өз ойларын айтуға міндеттеледі.
Мұндай жұмыс түрлері оқушыларды жетік дайындыққа, сөйлеу дағдыларын, сыни көзқарасын қалыптастырады.Ойнап отырып ойландыру үшін «жәрмеңке», «ыстық орындық», «даналық ағашы», «футбол» т.б сонымен бірге дидактикалық, грамматикалық, рөлдік ойын түрлерін қолданған кезде өз нәтижесін береді.
Белгілі бір модуль бойынша білімдерін жинақтау мақсатында өткен мәтіндердегі кейіпкерлерін оқушылармен бірге еске түсіріп,кейіпкерлерін адастырып өз әңгімесін құруды тапсырамын.Мұндай тапсырманы топтар орындаған кезде талантты оқушылрды анықтауға мүмкіндік береді, себебі креативті ойлайтын оқушы өз сценариін ұсынады, әртістік қабілеті бар рөлді сомдайды, есте сақтау қабілеті дамыған оқушы кейіпкерлерді мәтінге сәйкес сипаттап береді.Мысалы
Тақырыбы
Алдар Көсе |
Алдар |
бай |
кемпір |
Оқымысты бала |
Әкесі |
бала |
данышпан |
Хан жауабы |
Хан |
уәзір |
кедей |
Шығармашылық қабілеттерін шыңдау үшін дарынды оқушылармен үнемі жұмыс істеу керек.Проблемалық сұраққа тапқырлық жауап, естіген музыканы бояумен түсіндіру,тақырыпқа сәйкес сурет салу, өлең-жұмбақ шығару,жаңаша модель құру сияқты деңгей бойынша тапсырмалар оқушылардың лингвистикалық, логикалық, кеңістіктік зияттық қабілеттерін ашуға мүмкіндік береді.
Оқуды жақсарту үшін оқушылардың білім деңгейі қай дәрежеде, оның дамуына ықпал ету жолында бағалаудың да бірнеше түрін қолданамын, себебі әділ бағалау өз күшіне сенімділік, өзгенің жауабын тыңдау және пікір айтуға үйретеді.
Өзара бағалауды көбіне үй жұмысын тексеру барысында қолданған тиімді, себебі оқушылар тек баға беріп қана қоймай қай тақырып, қай мәтінді мұқият қайталау керек екеніне ұсыныс жазады. Топпен жұмыс істегенде топтық бағалау, кей тапсырманы критерий бойынша бағалау, өз-өзін бағалау парақтарын кең қолданамын.
Бұл деген оқушының өсу деңгейін бақылауға, баланың өз жетістігін немесе кемшілігін анықтайды, қай бағытта жұмыс істеу керектігін түсінеді. Балалардың жұмыс дәптерлерін тексерген кезде ең алдымен, жасыл сиямен дұрыс орындаған тапсырмаларын белгілеймен, қара сиямен әлі де өңдеуді қажет ететін жұмыстарын белгілеймен. Мұндай жұмыс түрі балалардың өз қатесін түзетіп, өткен тақырыпқа оралуды және өз білімдерін жетілдіру үшін мұқият оқуды талап етеді.
Сабақ-мұғалімнің шығармашылығы. Оқыту процесінде барлық оқушыларды белсенді қатысуы мен өзара қарым-қатынасқа түсуі бізге байланысты. «Пассивті» оқушыны «активті» оқушы етіп шығару үшін интерактивті оқыту технологиясын қолданамын.
Әр ұстаз өз бетінше сыныппен жұмыстың жаңа формасын ойлап таба алады. Сабақ бойы оқушылардың өздері әрекет ететіндей етіп, бір-бірімен ақылдаса отырып бір шешім қабылдауына ықпал болатын әдістерді қолданған абзал. Оқушы-оқушы, оқушы-мұғалім бір-бірімен диалогқа түсу барысында өзара түсіністікке, бірлескен әрекетке, қажет шешім алып келетін үдеріске айналуына ықтимал.
Мысалы, менің оқушыларыма «Аквариум» әдісі ұнайды. Оның мәні: бірнеше оқушы шеңбер ішінде бір жағдаятты жасырады, ал қалғаны олардың қимылын бақылап, талдау жасайды. Мұндай оқытудың белсенді түрлері балалардың шығармашылық ойлау қабілеттерін дамытып, зерттеу жүргізу барысында өз шешімін қабылдауына баулиды. Бүгінгі таңда бірінші орынға баланың білімін, білігі мен дағдысын емес, оның тұлғасын, білім алу арқылы дамуына көп көңіл қою керек. Қазіргі кезде Қазақстанның білім берудің ұлттық үлгісі қалыптасуда. Ол балаға өзін-өзі тануға және өзін-өзі жүзеге асыруға ұмтылатын дамушы тұлға ретінде бағытталған. Сондықтан оқушының дамуына жағымды жағдай тудырып, оқу процесіне қатыспай қалуы мүмкін болмайтындай етіп сабақты құрастыратын біз- мұғалімдер.
Ал бүгінгі мұғалім қандай болу керек? Менің ойымша, өз-өзін реттей білетін, жаңалыққа құштар ұстаз заман ағымына қарай өзгере алатын болу керек. Мұғалім тағдыры- өмір бойы іздену, оқу-тоқу.Үнемі ізденіс үстінде жүретін мұғалім жаңа мектеп моделін шығаруына өз үлесін қосады. Себебі білікті ұстаз өз сабағына оқушыларды тегіс қатыстыра алады. Егер сабағын балалардың қызығушылығы арттыратындай етіп құрастырса,оқушының оқуға деген ынтасы пайда болады, әр сабаққа бала өз қалауымен барады. Бұның бәрі тек біздің өзіміздің қолымызда және балаларды қолдап, мадақтап отыру қажет. Иә, мадақтау керек, себебі көмек көрсетпей мадақтаса-оқушының табысты оқуына ынтасы артады. Егер мадақтамай көмек етсе-ынтасы төмендейді. Егер мұғалім ұрысып отырып бірақ көмек көрсетсе-оқуға деген қызығушылығы бәсеңдейді, ал ұрысып отырып көмек етсе—ынтасы мүлдем жоғалады. «Оқушы-толтыратын құмыра емес, тұтататын алау», — деп Д.Ховард айтқандай, шәкірттерімізге сапалы білім беру-біздің міндетіміз.
- 15789 просмотров