Абай Құнанбаев өлеңдерінің синтаксистік ерекшеліктері
Джахаева Алия Пернеевна, магистрант. Шымкент қаласы, Халықаралық Достық Университеті |
Аса көрнекті ақын-жазушылар шығармаларының тілі екі тұрғыдан зерттеледі. Бірі — қаламгердің қолданған тілінің даму барысында оның алған орны мен сіңірген еңбегін анықтау, екіншісі-оның өз қаламына тән шеберлік тәсілдері мен өзге де тілдік ерекшеліктерін талдау болып табылады. Қалай десек те, ауыспалы кезеңдердегі күрделі өзгерістер өтіп, ана тіліміздің биік көркемдік өлшемдері өзінің дәстүрлі эстетикалық, поэтикалық құндылығы мен әдеби тіл нормаларынан айырылмақ емес. Осы ретте қазақтың мақтан тұтар қайраткер қызы, көрнекті ғалым, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рәбиға Сыздықованың зерттеулеріне зер салуға тура келеді.
Өйткені, біз оның бұл әрекетінен өмірді Абайша толғап, адамды ақынша танып, оның жазған өлеңдерінің адам жанына әсер етерлік сыйқырлы сырын тіл көркемдігі арқылы сезінуге тырысатындығын көреміз. Мұны «Абай қара сөздерінің ерекшеліктерінен» (1959) бастап, «Абай шығармаларының тілі» (1968), «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылымы» (1970) және «Абайдың сөз өрнегі» (1995) атты еңбектерінен айқын аңғаруға болады. Ол Абай тілін де осы тұрғыдан қарастыру керек, өйткені ол әдеби тілде дайын тұрған қалып-нормаларды дұрыс, көркем пайдалана білген қатардағы қаламгер емес, сол тілдің даму тарихындағы жаңа кезеңді бастаушы, сапалық жаңа түрінің іргетасын қалаушы суреткер ретінде таныта білді. Қай тұрғыдан болса да Абай тілін өз алдына сөз ету оның туындыларын талдаумен қатар жүріп келді. Әрине, бір мезгілде, бірдей қарқында емес. Ең алдымен, ақын шығармашылығының идеясын, мазмұнын танып, білуге күш салынды, сол мазмұнның сыртқы көрінісі-тіліне үңілу содан кейін басталды.
Абай шығармашылығы хақында алғашқы пікір айту-19 ғ-дың соңы мен 20 ғ-дың алғашқы жылдарында басталған болса, тілі жайында да алғаш рет сөз қозғау осы тұстарға саяды. Әрине, бұл әңгіме ұлы ақынның тілін нақты түрде талдау емес, жалпы тұжырым айту, қазақтың поэтикалық дүниесінің тіліне жаңа лептің келгенін атау түрінде болды. 1901 ж. қазақ даласынан жиналып, Орыс географиялық қоғамына жіберілген өлең үлгілерінің ішінде Абайдың жылдың төрт мезгілі туралы өлеңдері: «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деп басталатын туындылары болды. Абай тілін танып-білу шын мәнінде 30 жылдардың ортасынан басталды да, 50-60 жылдар ішінде мәселеге С. Аманжолов, Н. Сауранбаев, I. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев, А. Ысқақов тәрізді тіл мамандарының қатысуына байланысты едәуір жандана түсті. 60 жылдардан бастап өзге тіл мамандары да: Ш. Ш. Сарыбаев, Е. Жанпейісов, Р. Сыздықова, Т. Қордабаев, Қ. Өмірәлиев Абай тілінің нақты фактілерін: сөз қолданысын, сөздің қазынасын, граммат. тұлға тәсілдерін талдады, Сыздықованың «Абай шығармаларының тілі» (1968) және «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» (1971) атты монографиялары жарық көрді.
Аталған монографиялардың алғашқысында Абайдың әдеби мұрасы қазақ тілі тарихының материалы ретінде зерттелді. Мұнда ұлттық жазба әдеби тіліміздің ірге тасын қалап, әрі қарайғы даму бағыттары мен принциптерін белгілеудегі Абайдың ерекше ролі мен теңдесі жоқ қызметі көрсетілді. Ақын өлеңдерінің синтаксистік құрылысына арналған 2-монографияда қазақ өлеңдерінің, оның ішінде Абай туындыларының синтаксистік амал-тәсілдері, ұйқасы, өлшемі, композициясы және олармен синтаксистік құрылымының өзара байланысы нақты талданды. Күрделілігі, сыйымдылығы, көркемдік әсері жағынан Абай өлеңдерінің синтаксистік жазба поэзия талаптарына сай түсетін, өзіне дейінгі қазақ поэтикасы дәстүрінен жоғары көтерілген, кейінгі қазақ поэзия тіліне бағыт-үлгі болатын сипатта екендігі дәлелденді. Бұл 2 еңбекте негізінен Абай шығармалары тілінің лексикасы мен грамматикасы жүйелі түрде зерттелді, дегенмен, Абайдың шеберлік тәсілдері, даралық ерекшеліктері, қысқасы, көркемдік дүниесі арнайы талдау дәрежесіне көтеріле алмаса да мұнда ұлы ақын поэтикасына қатысты мәселелер кеңінен қозғалды.
Стильдік ерекшеліктер — алуан тақырыптағы сөйлеу барысында тілдің стильдік мүмкіндіктерін әр жақты пайдалану. Ең басты ерекшелік тілдің ауызекі сөйлеу және жазу дәстүрлерінен көрінеді. Алғашқы дәстүр күнделікті сөйлеу тілінің стилі негізінде қалыптасады да онда күнкөріс-тіршілік қалпынан туған лексика. атаулар мен сөз қолданыстар молырақ және синтаксистік құрылымы жағынан сөз тәртібі біршама еркін жүйеленеді. Осы ауызекі дәстүрге жататын және синтаксистік жүйесінің белгілі бір нормаға сүйенетіндігі нәтижесінде жазу тілінің стиліне суығырақ келеді. Жазу тілі стиліне бейнелі беллетристиканың, яғни көркем әдебиеттің тілі, ресми құжаттар мен ағымдағы іс қағаздарының тілі, хабар-ошар, сәлем хат, қолжазба, күнделік және қойын дәптер хаттамаларына тән эпистолярлық стиль т. б. жатады. Абайдың қаламгерлік қызметінен осы айтылған Стильдік ерекшеліктерді аңғаруға болады. Ол ең әуелі өз халқының ауыз әдебиеті стилімен қара өлең ұйқасына құрылған «бір қақпай» өлеңдер шығарды.
Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысына арналған келесі монографиямызда оның ішінде Абай туындыларының синтаксистік амал-тәсілдерінің проза синтакисі қандай; өлеңнің ұйқасы, өлшемі, композициясы және шумаққа бөліну-бөлінбеу синтаксисінің арасында қандай байланыс бар; өлең құрайтын компоненттері іліктесіп, байланысу амалдары нендей деген мәселелердің сырын ашуды көздеумен қатар бұл еңбекте Абай поэзиясы мен оған дейінгі қазақ поэзиясының айырымдар, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің өлең синтаксисі саласындағы алшақтығы деген жайттар тұңғыш рет сөз болды. Әсіресе баса көңіл аудару Абайдың өлең архитектоникасына, синтаксисіне енгізген жаңалықтары, өзгерістерін талдау арқылы көрсету болды. Абай тілін зерделеуге бағышталған 1968 жылғы «Абай шығармаларының тілі» атты монографиясы үшін ғалымға Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығы берілді. Бұл еңбекте автор қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы ұлы Абайдың қосқан зор үлесін, орнын дәлелдейді.
Абай шығармалары тіліндегі лексика-морфологиялық ерекшеліктерді саралай келе ақын өмір сүрген кезеңдегі қазақ әдеби тілінің де жағдайын жан-жақты қарастырған. Суреткер қолданған лексикалық, грамматикалық қатпарларды әр қырынан талдап береді. Онда жаңадан жасалған, көнені жаңартқан, мүлде тың қолданыстардың себеп-салдарын анықтап, ұлы ақынның шығармашылығын даралай түсетін тұстары ерекше зерделілікпен баяндалады. Сөйтіп, «Абай — қазақтың қазіргі әдеби тілінің негізін қалаушы» деген тұжырымды тілдік деректермен бекіте түседі. Абайдың жазба әдеби тілдің негізін салудағы орнын анықтай отырып, ол өмір сүрген дәуір мен ортаның ара қатынасын, сол дәуірдегі әдеби тіл мен кітаби тіл байланысын жан-жақты талдайды.
Ғалымның «Абай өлеңдерінің синтаксисі» атты монографиясы жалпы өлең синтаксисіне арналған алғашқы еңбек десе де болады. Мұнда Абай тілінің құрылым-құрылысы соншама бір сарамандықпен қарастырылған. Осынысымен де ол ізденушілер мен студенттер қолынан түспей келе жатқан бірегей еңбектер қатарында.
Рабиға Сыздықованың «Абайдың сөз өрнегі» (1995) атты еңбегі лингвостилистикалық зерттеу болып табылады. Зерттеме лингвопоэтикалық танымның нысаны мен мақсат-міндеттерін саралаудан, Абай тілін танудың қырларын анықтаудан басталады. Еңбектегі «Сөз — өлеңнің арқауы» деп аталатын тарау поэтикалық сөз мәселелеріне бағышталған болса, келесі тарауларда ұлы ақынның сөз құбылту шеберлігі, сөзді үндестіру құпиялары, қара сөздерінің стильдік және тілдік табиғаты айқындалады, Абай дәстүрінің сабақтастығы мәселелері баяндалады.
Пайдаланған әдебиеттер:
«Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» — ҚазССР ҒА-ның «Ғылым» баспасынан 1970 ж. жарық көрген монографиялық еңбек. Авторы — Р. Сыздықова. Алғы сөзден және 11 тақырыптан, қорытындыдан турады.
«Абайдың ақындық айналасы» — «Жазушы» баспасы — Алматы — 1971ж. Авторы — Мұратбек Бөжеев.
«Абай ауылына саяхат» — «Жалын» — Алматы — 1994ж. Авторы — Қапен Оразалин.
«Абай Кунанбаев» — Казахское государственное издательство художественной литературы — Алматы — 1951ж.
- 15780 просмотров