Балабақшада өзге ұлт балаларына қазақ тілін үйретудің тиімді бір жолы-ойын
Павлодар қаласы № 27 сәбилер бақшасының қазақ тілі мұғалімі Лаура Уахитқызы Жармағамбетова |
Қазақ тілі — ғажап тіл. Оның болашағы да ғажап.
Тек оны насихаттай білуіміз керек, оқыта білуіміз керек.
Қазіргі таңда білім беру жүйесінің барлық сатыларының алдында тұрған көкейтесті мәселелерінің бірі білім сапасын арттыру, оның әдістемесін жетілдіру жас ұрпақтың тұлғалық дамуына қолайлы жағдай жасау, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру. Осыған сәйкес бүгінгі күн талабы — баланың ақыл-ойын дамыту, ойлау қабілетін жетілдіру, өзіндік іскерлік қасиеттерін қалыптастыру, тілін дамыту, заман талабына сай оны жүйрік етіп тәрбиелеу. Шындығында сапалы білім, саналы тәрбиемен шынайы ұштасқанда ғана ұлт тілегі орындалып, қоғам өзінің рухани дамуында асыл қасиеттерге қол жеткізбек. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ана тіліне қамқорлық ең алдымен сол тілде сөйлейтін халыққа жүктеледі» демекші, менің парызым — балабақшадағы өзге ұлт балаларына мемлекеттік тілді меңгерту.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға білім беру стандарты бойынша мектепке дейінгі тәрбиемен оқыту барысында бүлдіршіндерге қазақ тілін үйретудің білім-деңгейі нақты бағдарламамен берілген. Қазақ тілін оқыту «Біз мектепке барамыз», «Зерек бала» бағдарламаларында жүзеге асырылады. Заман талабына сай әр мұғалім өз сабағын жаңаша ұйымдастырып, шығармашылық ізденіспен өткізеді. Осы мақсат пен міндеттерді негізге ала отырып, өзге ұлт балаларына қазақ тілін үйретуде тек қана сөздерді қайталау арқылы үйретпей, оларды ойындар мен көрнекіліктер арқылы үйреткен тиімді болып табылады. Ойын мен көрнекілік — балалардың тілді үйренуге деген қызығушылығын арттырады, сенімін оятады.
Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Ойын — балалар үшін қоршаған ортаны танып білудің ең жеңіл-де ұтымды тәсілі. Оның негізгі ерекшелігі — балалар үн-түнсіз ойнамайды, тіпті, жалғыз болғанның өзінде-де сөйлеп отырып ойнайды. Ойын процесінде сөйлесу үлкен рөл атқарады. Ойын — мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті. Сұлтанмахмұт Торайғыров «Балалықтың қанына ойын азық» деп бекер айтпаған. Ойын — бала үшін нағыз өмір. Өйткені, ойын үстінде баланың бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығуы анық байқалады.
Егер ойын, ақылмен ұйымдастырылса, ол балаларға ықпал жасауға мүмкіндік береді. Балалардың өмірі мен іс-әрекетін дұрыс ұйымдастыру — оларды тәрбиелеу деген сөз. Бала үшін ойын — өзін-өзі жетілдіру мен өзін-өзі көрсетудің құралы. Ойын әрекетінде баланың психикалық қасиеттері мен жеке басының ерекшеліктері әлдеқайда тез қалыптасады, яғни ол арқылы бала білім алады. Ойын ойнау барысында бала ешбір бүкпесіз, бар жан-тәнімен ойынға кірісіп кетеді-де, белсенділік пайда болады, қызығушылық танытады. Тіпті тілді үйренгісі келмейтін баланың өзі ойын ойнаған кезде оны ұмытып кетеді. Ойында балаларды не қызықтырады? — деген сұрақ туындайды.
Балалардың жас ерекшеліктеріне қарай ойын түрлері-де әр түрлі болып келеді. Баланы ойынға қызықтыра отырып оқу іс әрекетіне айландырып, ойын түрін күрделендіре түсу керек. Ойын тек балалар ойнайтын болып емес, оқу әрекеті барысында қолданылатын ойын түрлері болып мынадай топтарға бөлінеді:
Дидактикалық ойындар
Сюжетті-рөлдік ойындар
Қимыл-қозғалыс ойындары
Ұлттық ойындар
Саусақ ойындары
Үстел үсті ойындары………
Ойын мазмұны мен түріне қарай: мазмұнды-бейнелі, қимыл-қозғалыс, дидактикалық, құрылыс, кейіптендіру ойындары болып бөлінеді. Мазмұнды-бейнелі ойында балалар ойын мазмұнын түсінікті етіп жеткізуге тырысады, оған қажетті құрал-жабдықтарды табуға талпынады, оларды дайындау үшін еңбектенеді, ал еңбек ұжымдық іс-әрекетке біріктіреді және шығармашылық іс-әрекетке бағдарлайды, балалардың өзара қарым-қатынасын реттеп, олардың бойында адамгершілік қасиеттерін қалыптастырады. Бала алған рөлдеріне сай кейіпкердің киімін киіп, қимылын, дауыс ырғағын мәнерлі жеткізуге тырысады, көркемдік сабақтардан алған білімдерін пайдаланады, қуыршақты ұйықтату үшін бесік жырын айтып әлдилейді, бейнелеу өнері сабақтарында салған суреттерін ыдыс, үй жиһаздарын, қағаздан құрастырған заттарды ойын құралы ретінде пайдаланады.
Өзге ұлт балаларына қазақ тілін ұтымды, қызықты үйрету үшін жаңа әдістер мен технологияларды өз тәжірибемізде қолдануға ізденеміз. Жаңа технологияны, әдіс — тәсілдерді тиімді қолдану білім сапасын арттырады. Сонымен қатар қазақ тіліне үйреткенде балалардың жас ерекшелігін ескеру әдіс-тәсілдерді таңдаумен сай келеді. Ойын — оқу үдерісіндегі оқытудың әрі формасы, әрі әдісі ретінде дербес дидактикалық санат. Тіл үйретуде ойынды көрнекі құралдар, түрлі суреттер, кестелер, ойыншықтар, музыка және т.б. материалдар сабақты көркемдеп отырса, балалардың сөздік қоры біршама толығады, ауызша сөйлеу түрлері кеңейеді. Әрбір сабақта ойын түрлерін және өзара сөйлеу үлгілерін тақырыпқа сай қолданған жөн және тиімді.
Тіл үйрету барысында ойын элементтерін дидактикалық материал ретінде қолданудың пайдасы бар. Дидактикалық ойындар арнайы мақсатты көздейді және нақты міндеттерді шешеді. Дидактикалық ойындардың сапалылығы олардың сабақтың әр кезеңіндегі орны мен міндетін, мақсатын дәл анықтауға, оны қолданудың теориясы мен практикасын мұғалімнің жетік меңгеруіне, шеберлік танытуына, ойынға қажеті материалдарды алдын-ала дайындап алуына, ойын үрдісіне оқушыларды белсенді қатыстыруына байланысты болады.
Сабақтың басында — өткен сабақты еске түсіру.
Сабақтың ортасында — көңіл-күйін сергіту, ерік-жігерін дамыту, сабаққа ынтасын арттыру.
Сабақтың соңында — тақырыпты бекіту, сабақта алған білімді жинақтау мақсатын көздейді.
Ойын арқылы балалар қазақ тілін үйреніп, сөздік қорын байытады, мемлекеттік тілді меңгереді және жаңа материалды жақсы қабылдайды, есте сақтайды, зейіні дамиды, қызығушылығы артады. Қазақ тілі сабағындағы сөздік қорды дамыту жұмыстары: түсіндіру, сұрақ- жауап, сөйлесу, әңгімелесу, әңгіме, көрнекілік әдіс — тәсілдер арқылы жүзеге асады. Сөздік қорды дамытуға бағытталған әдістердің жалпы міндеті — сөздің мағынасын түсініп, оны дұрыс қолдану.
Түсіндіру әдісі — жаңа сөз, сөз тіркесі, сөйлемдерді түсіндіруде қолданылады. Сабақ барысында үйретілетін жаңа сөздер бойынша сөздік жұмысында іске асады.
Көрнекілік әдісі — әр сабақта жүргізілетін әдіс. Басқа тілді үйретуде ең нәтижелі және жиі қолданылады. Балаларға түрлі суреттер мен заттарды, ойыншықтарды көрсету арқылы іске асады. Дыбыстық жаттығуларды өткізуде балалар сөздердегі қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға жаттығады, дауыстың ырғағы дамиды.
Мысалы:
Шақ — шақ — шақ — кішкентай құлыншақ.
Ыр- ыр — ыр — ырылдайды қасқыр.
Ян — ян — ян — секіреді қоян
Қорыта айтқанда, ойын — балалардың негізгі іс — әрекеттерінің бір түрі. Бала өмірі ойынға байланысты. Дидактикалық ойындар балаларды өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландырады, олардың ойлау қабілеттерін, ізденпаздылығын арттырады, сөз қорын молайтуға көмектеседі, сабақта дидактикалық ойындарды пайдалануда оқушыларды әдептілікке, адамгершілікке, қамқорлыққа, қайырымдылыққа тәрбиелейді.
«Тіл жеке адамның шаруасы емес. Мемлекеттің де басыбайлы дүниесі емес. Тіл — халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәртебесі — елдің мерейі. Оның мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Осыны ұмытпауымыз керек.
- 34973 просмотра