Балаларды оқыту мен тәрбиелеудегі қазақ тілінің орны
Каконова Гульнара Амирбаевна, преподаватель казахского языка и литературы, вторая квалификационная группа, КГУ «Агротехнический колледж Айыртауского района с. Саумалколь», СКО, Айыртауский район, село Саумалколь |
Президент Н. Ә. Назарбаев бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тіліне ерекше назар аударуға айрықша маңыз берді. Бұл қазақ тіліне беріліп отырған конституциялық мәртебе ғана емес, бүкіл мемлекеттік қызметке жүктеліп отырған ең басты конституциялық міндет.
Қазіргі кезеңде мектептерде, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында қазақ тілін оқыту дұрыс жолға қойылған. Орыс тілді дәрісханаларда қазақ тілін оқытудың мақсаты — оқушыларға қазақ тілін меңгерту, ойлау қабілеті мен сауаттылығын арттыру, қазақ тілінде сөйлеп, жаза білетін дәрежеге жеткізу, қазақ халқының әдет-ғұрпын, тарихын тануға талпындыру, Отанды сүюге, тілін құрметтеуге тәрбиелеу.
Тәрбие арқылы білім беру — үзіліссіз жүргізілетін үрдіс, ол адам өмірге келген күннен бастап өмір бойы жалғаса береді. Абайша айтқанда «көкірек көзін оята тәрбиелеу» — ата-анадан басталып мектепте жалғасып, бүкіл қоғам болып атсалысатын жауапты міндеттердің ең бастысы.
Елбасы Н. Ә. Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттік тілдің оқу сапасын арттыру қажеттілігіне ерекше назар аударды: «Халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып қазақ тілін оқытудың қазіргі заманғы озық бағдармалары мен әдістерін әзірлеп, енгізу қажет. Мемлекеттік тілді тиімді меңгерудің ең үздік инновациялық, әдістемелік, тәжірибелік оқу-құралдарын әзірлеу керек» деген болатын.
Оқытудың жаңа әдістерін пайдалану арқылы мұғалім оқушының белсенділігін, шығармашылық ізденісін арттырады, пәнге деген қызығушылығын оятады. Әрбір сабақтың мазмұнына сай әдістер мен тәсілдерді дұрыс таңдап, саралап, даралап оқыту керек, сонда ғана біз басқа ұлт балаларын қазақ тілін өз еркімен, ынтасымен қызыға оқуға, қадірлеуге, бағалауға, жақсы меңгеруге, ауызекі дұрыс сөйлеуге үйретеміз.
Сабақта жиі қолданылатын әдіс-тәсілдердің бірі сыни тұрғыдан ойлау. Бұл технология бойынша мультимедиялық слайдтарды пайдалану өте тиімді. Мұндай сабақтар оқушының тақырыпты терең меңгеруіне, өз бетінше жұмыс жасауына, уақыт үнемдеуге өте ыңғайлы. Кластер құру, Венн диаграммасы, «Түртіп алу», «Миға шабуыл», «Эссе жазу», «Синквейн» стратегиялары арқылы сын тұрғысынан ойлау қабілеті дамиды, күнделікті оқыту үдерісінде оқушының толғанысын ұйымдастырады, білім арқылы тәрбиелікке, даналыққа бастау алады.
Әр сабақ сайын тақырыпқа сай тірек-кестелер, бейнетаспаларды пайдаланып, тақырып бойынша электронды оқулықтармен сабақты көркемдеп отырса, оқушы көптеген қосымша мағлұматтар ала алады. Электронды оқулық — ерекше көрнекілік. Ал қазақ тілі сабақтарында көрнекі құралсыз оқушыларды сабаққа ынталандыру, олардың алған білімдерінің тиянақты, баянды болуы мүмкін емес.
Мұғалімдердің әрбір қазақ тілі сабағында берген білімі — дүниеге деген бүтін бір көзқарастың кішкене бөлшегі. Сондықтан мұғалім өз тәжірибесінде қазақ тілін оқытуда оқушыларды тәрбиелей отырып білім беруді ұйымдастыра білсе, болашақ жас ұрпақ өз елін, жерін сүйетін, өз тілін құрметтейтін патриоттық рухы жоғары азамат болып қалыптасуына үлкен үлес қосқан болар еді.
Ақиқат пен аңыздың асқарында ғұмыр кешкен ұлы бабамыз Әбу Нәсір әл Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген екен. Мен өз тәжірибемде оқушылармен бірлесіп, ұйымдасып жұмыс істеуіне көп көңіл бөлемін. Топпен жұмыс барысында оқушылардың бір-біріне деген сыйластығы артады, жауапкершілікті сезінеді, бірлесіп жұмыс істеп үйренген оқушылардың білімдері нәтижелі болады.
Сабақ соңына қарай «БББ» немесе «маркировка» стратегиясын қолдану қажет. «БББ» — «білемін, білдім, білгім келеді» деген сөздерден алынған. Бұл әдіс мұғалімге әр оқушыны бақылауға, оған сабақ соңында баға қоюға мүмкіндік береді. Сын тұрғысынан дамыту технологиясының стратегияларын сабақта қолдану барысында оқушы бірде басқаға көмектессе, бірде басқаның көмегін өзі алады, бір-бірімен пікір алысып, ой бөлісіп, еркін сөйлеу дағдылары қалыптасады. «Баланың ізденіп білім алуы, талаптануы оның қызығушылығын оятып, тәрбиелеген жағдайда ғана жеміс бере алады», — деген Ыбырай Алтынсарин.
Оқушыларға жан-жақты білім берумен шектелмей, «Білім мен тәрбие — егіз» деген ұғымды ескере отырып, сапалы білім берумен қатар ұлттық тәрбиені де бойына сіңіру қажет. Осыған орай, топтар арасында «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» ойын сайыстары, сахналық қойылымдар, ақын-жазушылардың мерейтойларына арналған кештер өтеді. Оқушыларға қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын, мәдениетін, бабалардан қалған асыл мұраларды үйрету, оларды патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында «Бесікке салу», «Тұсау кесу», «Беташар» сияқты көріністер қойылады.
Тәрбиелеу жұмысын оқытушылар халық педагогикасы негіздерімен байланыстырады. Осы мақсатпен колледжде келесі танымдық қабырға тақталары безендірілген: «Ұлы ойшылдар», «Бұл — біздің тарих», «Атамекен. Отан. Туған тіл», онда қазақ халқының мәдениеті, тұрмысы жайында материалдармен танысуға болады. Өткен жылы Наурыз мейрамы қарсаңында колледж оқушылары киіз үйдің макетін дайындап, оның сыртқы және ішкі дүниесін сай келтірді. Колледжде Наурыз мейрамы кеңінен аталып өтіп қана қоймай, үлкен дүбірлі мерекеге ұласады.
Жыл сайын колледж шаңырағында «Тілдер апталығын» өткізу дәстүрге айналған. Апта күндері «Білгірлер сайысы», мәнерлеп оқу сайысы, тақырыптық газет байқаулары және ашық сабақтар мен сабақтан тыс іс-шаралар өткізіледі. Апта соңында қорытынды жасалып, жүлдегерлер сыйлықтар мен мақтау қағаздарымен марапатталады, салтанатты концерт қойылады.
Дарынды балалардың шығармашылық қабілетін дамыту, қазақ тіліне, еліне деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру, азаматтық позициясын айқындау, әдеби-мәдени танымдарын тереңдету мақсатында колледжмізде «Айыртау арыстары» үйірмесі жұмыс жасайды.
Сондай дарынды балаларымыздың бірі — Бабенко Надежданың ғылыми жұмысы өткен жылы Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдығына арналған «Мағжанның ұлы мұрасы — ұрпақ тұтастығының негізі» атты Халықаралық ғылыми конференцияда тыңдалып, жинаққа басылып шықты. Бабенко Надежда 3 дәрежелі дипломмен марапатталды.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан — 2050 стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез-келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады» делінген.
«Өзгені өкпелетпей, өз тіліңе деген құрметің артсын» деген ұлағатты сөзді еске ала отырып, қазақ атаулымыз өз тілімізде сөйлемейінше, өзге ешкімде тілімізді шындап құрметтемейді. Алихан Бөкейханов айтқандай: «Ғұмыр бәйгесінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар» деген сенімін мен де құптаймын.
Ана тілі арқылы жеткен бабалар аманатына адал болып, ана тілінің қадір-қасиетін танып білу, мәртебесін көтеру, өз ұлтын, өз дәстүрін сыйлауды қасиетті борышым деп есептегенде ғана тіліміз тамырын тереңге жайып, көктемек.
Колледж табалдырығын аттаған әрбір шәкіртпен жүйелі жұмыс жасап, кәсіби бағыт-бағдар беріп, шәкірт бойына адамгершілік құндылықтарды, асыл қасиеттерді қалыптастырып, саналы, сауатты, иманды, эстетикалық талғамы зор, білімді маман тәрбиелеу әрбір оқытушының басты міндеті болмақ.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан — 2030» стратегиялық құжаты.
2. Нартай Сембиев. Қазақ тілін оқытуда жаңа технологияларды қолдану тәсілдері.
//u-kz/publ/ashy_saba_tar/aza_tili/aza_tilin_o_ytuda_zha_a_tekhnologijalardy_oldanu_t_silderi/5-1-0-2713
- 13419 просмотров