Қазақ тілін орыс тілінде оқытатын мектептерде оқытудың мақсат-міндеттеріне жету жолдары
Рахиева Замира Каиповна, Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданындағы Т. С. Позолотин атындағы № 1 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі |
Қазақ тілі — Қазақстан Республикасының байырғы тұрғындары қазақтардың ұлттық, мемлекеттік, әдеби тілі. Қазақ тілі — аса бай, таза, образды тіл. Сондықтан, педагогикалық — технологиялық базаны меңгерген оқытушы оны іс жүзінде оқу процесін дайындау, ұйымдастыру кезеңдерінде басшылыққа ең тиімді деген әдістемелер мен тәсілдерді алады. Қазақ тілін оқытудың мақсаты — қазақ тілін қатысымдық тұрғыда меңгерту, оқушыны өз ойын айқын, түсінікті жеткізуге үйрету; тілдік қабілеті дамыған дара тұлғаның дамуына мүмкіндік жасау.
Оқу пәнінің міндеттері:
- оқушының сөйлесім әрекетінің түрлерін әлеуметтік ортада қолдана білуге үйрету;
- оқушылардың тілдік дағдысы мен ойлау қабілетін дамыту;
- қарым-қатынас әдебінің нормаларын меңгерту;
- күнделікті өмір жағдаяттарында қазақ тілін орынды қолдана білуге дағдыландыру;
- оқушыны қазақ халқының мәдениетімен, әдебиетімен, ұлттық салт-дәстүрімен таныстырып, мәдени ортада пайдалануға баулу;
- оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып, іскерлік дағдыларын жетілдіру;
- оқушылардын қазақ тіліне қызығушылығын дамыту, қазақ еліне, мемлекеттік тілге деген құрмет сезімін тәрбиелеу.
Тұлғаның қалыптасу сапасына деген талаптар өсе береді де, педагогикалық технологиялар да жаңарып, өзгеріп отырады. Маған ұнайтын әрі қолайлы технологиялардың бірі — проблемалық оқыту технологиясы. Себебі, бұл технология оқушының ақыл — ой әрекетін, психикасын дамыта оқыту технологиясы. Проблемалық оқыту мұғалімнің басшылығымен проблемалық жағдаятар ұйымдастыруды, оны шешуде оқушылардың өз бетінше белсенді жұмысын қамтамасыз етуді көздейді. Мысалы: 8-сынып оқулығында «Ішкен — жегенің де маңызды» — деген мәтін бар.
Осы тақырыпты өткенде, мен оқушыларыма мәтінде тек тағам жайлы, оларды қалай, қай кезде ішкен — жеген жөн туралы екенін айтпай, жағдаят туғызып: «Саламатты өмір сүру» — дегенді түсіндір, «Ұзақ өмір сүру үшін не істер едің?» — деген сияқты жағдаятпен сөйлетемін. Бұл балалардың тек ой-өрісін дамытып қоймай, сөздік қорын молайтады, сабақта ойланып, тырысып еңбек етеді және де жақсы әдеттермен айналысуға оқушыға ой салады. Ұзақ өмір сүрудің ең дұрыс жолдарын өздері тауып есте сақтайды.
Тұлғаны әрекетке итермелейтін, тартатын күш — мотив. Мотив «белгілі бір нәрсені үйренсем, білсем, істесем» деген сезімнен туады. Қазақ тілі сабағында өзге ұлт өкілдері балаларының мемлекеттік тілді жақсы білу мәдениеттілікке жататынына көздерін жеткізе отырып, өзінің іс — әрекеті арқылы жоғары белсенділігінің арқасында нәтижеге жететінін дәлелдеп отыру деген сөз. Мысал ретінде қазақ әдебиеті сабақтарында Шортанбай Қанайұлының «Зар заман» өлеңімен танысқаннан кейін «Бұл қай заман?» деген сұраққа ақын қалай жауап бергенін нақты түсіндірген оқушы, және де «Зар заманның белгілерін» өлеңнен тапқан, өз сөзімен әңгімелеп берсе, сол оқушы бүгін «белсенді» болады деп тапсырма беремін. Әрине, белсенді оқушының «бес» деген баға алатыны сабақта белгілі. Дей тұрғанмен, тіл үйретуде тиімділік пен нәтижеге жету көрсеткіші болып саналатын жұмыс түрі, ол — диалог (сөйлесу). Диалогтік қарым — қатынас репликалардан тұрады, олар қарым — қатынас жағдайында бір — бірінен туындап отырады. Диалогтар қызметіне қарай бірнеше типке бөлінеді: өз еркін білдіретін диалог, пікір алысатын диалог, сұрау диалогі, дискуссиялық талас диалогі, әдептілік — рәсімдік диалог.
Мен диалогты мынандай көрсеткіштерге байланысты бағалаймын, реплика санына, түрлі рөлдерде айта алуына, коммуникативтік мақсаттарды орындай білуіне (сендіру, келісу, келіспеу), грамматикалық, лексикалық жағынан дұрыстығына көңіл аудара отырып бағалаймын. Оқушының сабақта қол жеткізген нәтижесін бірлесе, ашық бағалаймыз. Бұл жұмыс түрі сараптық нәтижелікті көрсетеді.
Диалог құруға үйретудің тағы бір сатысы, өнімді (продуктивті) сатыда болады. Мәтінді 2 рет тыңдағаннан кейін оқушылар бір-біріне сұрақ қояды, сол сұрақтарға жауап алады да, диалог құрастырады.
- Бір күні кім келе жатты?
- ............................................ .
- Ол кімдерге кездесті?
- ............................................ .
- Бірінші баладан не сұрады?
- ............................................ .
- Екінші баланың жауабы қандай болды?
- .......................................................... .
Бұл жұмыста оқушылардың субъектілік қатысы артады. Олар субъект сипатында бір-біріне сұрақ қоюға, оған жауап құруға үйренеді, сабақ тартымды өтеді.
Сөзімді қорыта келе, жан-жақты дамыған, ақпараттандырылған оқушы тәрбиелеуде, сапалы білім беру қызметіне күш жігерін жұмсайтын әр оқушының өмірде өз орнын табуда аянбай еңбек ететін ұстаздардың әр ісіне сәттілік тілеймін.
- 11738 просмотров