Мектептегі стрес және одан құтылудың жолдары
Жетыбаева Анар Ахметовна, жоғары деңгейдегі бірінші санаты бар мектеп психологы «Малайсары жалпы орта білім беретін мектеп» мемлекеттік мекемесі, Павлодар облысы, Май ауданы, Малайсары ауылы |
Оқуда жетістікке жету мұғалімге байланысты
Әрине, бұл шындық.Мұғалім бала өмірінде көп нәрсені анықтайды.Олар оқушылармен тым ымырашыл немесе өте қатал, үнемі қамқоршы немесе оны кез келген жұмыстан шеттеуші,қатаң талап қоюшы немесе оған түсіністікпен қарайтын...болуы мүмкін.Жалпы алғанда біздің ұғымымыздағы нағыз білікті де білгір ұстаз бейнесіне сәйкес келмейтін мұғалімдер жиі кездесіп жатады.Бірақ та баланың тағдырын,оның өмірдегі жетістікке жетуін немесе сәтсіздігін бір ғана адам шешпейді.Сондай-ақ,барлық мағынасынан алып қарасақ та мектепте-бала өміріндегі басты орын емес.
Не істеу керек? Оқу іс-әрекетінде ата-аналардыңда өз міндеттері бар.Олар мектеп табалдырығын енді аттаған баланы бақытты ете алады. Егер бала мұғалімнен қорықса,ол сезімді мойындаңыздар,оның күйзеліске түсуі:ол шынында да қорқады! Мұғалімнің қаталдығы оған қарсы бағытталмағанын,үлкендердіңде ашулануы мүмкін екенін балаға түсіндіріңіз. Егер бала қандайда-бір сабақтан жалықса,онда осы білімнің төңірегінде баланың қызығушылықтарын арттыруға өздеріңіз атсалысып көріңіздер. Балаға қызықты кітаптар оқыңыз, мұражайларды бірге аралаңыздар,теледидардан қызықты бағдарламаларды бірге көріңіздер,осының барлығы — оның ақпараттық-танымдық деңгейін кеңейтудің бірден бір тәсілі.
Оқу жүктемесі аса үлкен
Бала 6-7 жасынан мектепке барған алғашқы күннен бастап-ақ, оған күнделікті өмір үлкен адамдардың өміріне ұқсай бастайды. Нәтижесінді ол жиі шаршап, жиі ауырады.Кейде энергия мен уақыттың дұрыс жұмсалмауының нәтижесі шаршауға септігін тигізеді.Әлі оқу білмегендіктен кішкентай оқушылар тіптен артық нәрселерді көп орындайды,оларға әліде күн тәртібі қажет.Кейбіреуі мектепке дейінгі алыс жолды да көтере алмайды...
Не істеу керек? Барлығын таңғы астан бастаңыз.Таңертеңгі жиі болып жататын асығыс қимылдар оқушының «түнгі» жағдайынан шығуына және өз «қалпына» енуіне мүмкіндік бермейді,ал балаларға үйден мектепке толық дайындықпен,көтеріңкі көңіл-күмен шығу қажет. Бірге таңғы ас ішу баланың эмоционалды жағдайын жақсартып,оған күш-қуат береді. Әрине, таңғы ас үстінде баламен «профилактикалық» әңгіме жүргізудің қажеті жоқ,балаға ұрыспаңыз. Сабақтан соң балаға үй тапсырмасын ескертпес бұрын оның демалуына,ойнауына уақыт бөлген жөн.
Қойылған бағалар үнемі стрес туғызады
Оқушылардың басым бөлігі жаман баға алудан қорқады,олар бағаны өз жұмысына берілген баға деп қарамайды,.Баланың алаңдауына ата-аналардың өздері жиі себепші болады. Балаға үнемі: «Дәптерің тағы да кір, тапсырманы орындамағансың,кітабыңды жоғалтқансың ба, дұрыс оқи алмайсың...» деген сөздерді жиі айту арқылы баланың ұнжырғасын түсіріп, одан сайын басып тастайды. Соның нәтижесінде бала өз-өзіне сенімділігін жоғалтып, ата-аналары риза болатындай ешуақытта жақсы оқи алмаймын деген ойға сене бастайды.
Не істеу керек? Кейде тіпті ең білімді және ұқыпты баланың өзі тапсырманы толық орындай алмайды. Бұл оның жаман оқушы екенін білдірмейді. Осы айырмашылықты алдымен өзіңіз сезініп үнемі қызыңызға немесе ұлыңызға түсіндіріп отырыңыз. Әрқашан баланың өзін емес оның жұмысын бағалаңыз. Тапсырма жақсы орындалған жағдайда баланың талпынысын естен шығармаңыз. Уақыт өте келе кішкентай оқушыларда «артқа шегініс» орын алатынын білгеніңіз өте маңызды. Мысалы, 8-9 жастағы оқушылардың жазу мәнері өзгеріске ұшырап түсініксіз, ұқыпсыз, сауатсыз жазатын кезеңдері болады. Осындай жас ерекшеліктерін біле отырып,балаңызға «Сен тез жазуды үйрендің!» деп эмоционалды түрде қолпаштап, «ұмытылған» сауатты әрі таза жазу мәнерін қайта меңгеруіне көмектесіңіз.
Оны сыныптастары тітіркендіреді
Мұндай жағдай әртүрлі мектептерде болады, ол мектептердің беделіне, оның орналасқан орны мен ұстаздардың білім беру деңгейіне байланысты емес. Келемеждеуге себепші ретінде кезкелген ұсақ-түйек нәрселер болуы мүмкін. Мысалы: көзілдірік, шашының түсі, бойдың аласа немесе тым ұзын болуы, киген киімі, жүріс-тұрысы ...
Не істеу керек? Баланың шағымын тыңдаңыз, бірақ қорытынды жасап, бірден бұл мәселені шешемін деген ойдан аулақ болыңыз. Ол біреуге ашулы ма,әлде реніші бар ма,мүмкін бір жері ауырып тұрған шығар,алдымен осы жағдайды анықтап алыңыз. Ол сезімдерді атаңыз: «Егер сені солай атаса, әрине ренішті»; «Ондай ауыр сезімдерді бастан өткізу қиын». Әрине, бұл сенімсіздеу болып көрінуі мүмкін, бірақ біз балаларды тыңдағанда және олардың сезімдерін мойындағанда шынымен де оларға көмектесеміз. Іске бірден араласуды қажет ететін тек бір ғана жағдай бар, ол-сіздің болмаса басқаның баласының іс-әрекеті адамның ар-намысын аяққа таптаса немесе өмірге қауіпті болса.
Ол мектепке барудан бас тартады
Мұндай жағдай жиі болып тұрады. Бір жағынан алып қарасақ, біздің балаларымыз өздерінің сезімдері мен тілектерін жеткізуде еркін. Ал басқа жағынан қарасақ, мектеп шынында да әрқашан балалардың еркін таңдау жасауын қанағаттандыра бермейді.
Не істеу керек? Ол өзінің енді мектепке барғысы келмейтіні жайлы өтініш білдірді. Бұл жайында қызыңызбен немесе ұлыңызбен сөйлесіп көріңіз, бірақ бірден емес. Істің анығына жетіп,шындығында не болып жатқанын дұрыс түсіну үшін өзіңізге де, балаңызға да біраз уақыт беріңіз. «Қарсылық білдірушімен» келісімге келу қажет: «Мектеп-ол расында оңай емес... Бірақта онда саған ұнайтын достарың, сен жақсы көретін мұғалімдерің бар ғой... Қәне, тағы біраз уақыт ойланайық,одан кейін бірдеңе өзгертуге тырысып көрейік...». Сіздің міндетіңіз-баланы мектептен кету ойынан мейлінше алыстату. Егер мәселе сол күйінде шешілмесе, онда расымен де бала ол мектепте оқымауы мүмкін. Ең бастысы мектеп ауыстыру шаруасын 6-шы сыныпқа дейін қолға алған жөн. Ол уақытқа дейін бала құрдастарымен арадағы қарым-қатынасты өзі оңай шеше алады. Ал, 7-8 сыныптарда ол қиынға соғады.
Баланың оқуы нашарлай бастады
Әдетте мұндай жағдай бесінші сыныптан басталады:балалар нашар оқи бастайды, көбінесі үлгере алмай жатады.Мәселенің мәні мынада, бастауыш сыныпта оқушы үшін ең бастысы-ол жатқа айту мен әңгімелеп беру болатын. Ал,ортаңғы сыныпқа көшу барысында пәндердің саны артып, тапсырмалар көлемі ұлғайады, бірақ бастысы — жаңа кітап түрлері пайда болады. Олардың бірі-әдебиет, бұл оқушылар үшін жалықтырарлық әрі үнемі түсінікті бола бермейтін кітап. Енді оқушыларға бұрынғыдай жаттап алудың тигізетін көмегі шамалы, тақырыпты жете түсініп,материалды толық меңгеріп, жаңа ақпаратқа талдау жасау керек-міне, тек сонда ғана жаңа ұғымды түсініп, есте сақтауға болады.
Не істеу керек? Мүмкін,сізге бәрін басынан бастап еске түсіріп, қайталап оқуды үйрету керек шығар. Егер балада бірдеңе дұрыс болмай жатса оны ұялтпаңыз және айғай-шу шығармаңыз. Қайтадан тырысып көріңіз: «Қәне, мұны екеуміз бірге орындап көрейік». Бала сіздің жәрдеміңізді және оған көмектесуге ынталы екеніңізді сезінуі тиіс. Балаңызды әрқашан да қолдап отырыңыз, кезкелген мәселеге байыппен қараңыз-сонда ол өз шешімін табады.
Әдебиет
- Маклаков А.Г. — «Жалпы психология», СПБ, 2003 — 592с. (Глава 19).
- Столяренко. Психология негіздері, 1998.
- Стресс жизни: Сборник. Л. М. Попова, И. В. Соколов. (Как противостоять стрессу. Г. Селье. Стресс без болезней). — СПБ, 1999 −384 с.
- Рогоа Е.И. Эмоции и воля. — М., 2000. — 240 с.
- 8845 просмотров