Ән және академиялық бағыттағы вокал өнері
Алпысбаева Жанат Ануарбековна, преподаватель по специальности «Пение» ГУ «Комплекс „Колледж искусств — специализированная школа-интернат для одаренных детей музыкально-эстетического профиля“» г.Петропавловск СКО |
Ән өнері-ықылым заманнан бері көптің ортасына жылдам жетіп, кең таралатын өнердің ең түсінікті және көне түрі. Әншілік өнер әншінің дауыспен орындауы, музыкалық шығарманың образды-идеялық мазмұнын әнші дауысыньң мәнерімен, күшімен жеткізу және ашу өнері.
Адамзат ән мен күйдің кереметіне, ләззатына бөленіп, кейінгі ұрпағын адамгершілікке, адалдыққа, еңбекке, парасаттылыққа тәрбиелеп, эстетикалық талғамын байытып келді. Адам шыр етіп дүниеге келген күннен бастап бесік жырымен басталған ән-күй өмірінің соңына дейін адаммен бірге өтетіні табиғи заңдылық. Тынысек, екінің бірі ән айтады және ән айтқысы келеді. Бірақ, Жаратылыстан, табиғаттан адамзаттың барлығына сол әншілікті бере салмайды, әркімге дарымайды. Әнші болып жаратылу сол адамға «Алла-тағаланың мейірімі түсіп», табиғаттың берген үлкен сыйы деп түсінуіміз керек.
Әншінің ерекшелігі басқа музыканттардай емес, «әншілік аспабы» үнемі өзімен бірге болатындығында. Әнші болу үшін, ең алдымен, дауыс болу керек. Екінші, тыңдау кабілеті ерекше жетілген болуы керек. Сөйлейтін дауыс пен еститін құлақ адамзат, жан-жануардың бәрінде бар. Дегенмен, әншінің ерекшелігі дауыс пен есту қабілеті музыкалық ерекшелігінде. Әнші кәсіби немесе әуесқой болуы мүмкін, бірақ екеуі-де тыңдаушы көңілінен шығу үшін табиғат берген таланттың сыртында ән айтудың қарапайым, оңай, алғашқы шарттарын білгені жөн.
Ән айту физиологиялық құбылыс болғандықтан, ағза қызметіне, оның функционалдық қабілетіне байланысты құбылыс. Ән айтуда ми, жүйке жүйелері, дыбыс аппараттары, көмей, ауыз қуысы, тіл, таңдай, кеңірдек, кеуде, өкпе сияқты, ағзалар бір-бірімен өзара тығыз байланыста қызмет атқарады. Осы, ағзаларға жүйелі талдау жасамасақ та, әнші үшін келешекте «дауысты тәрбиелеу», баптау, дамыту, сақтау, аялау сияқты маңызды қадамдар кезінде жиі кезігетін болғандықтан кейбір қарапайым ерекшеліктері жайлы дыбыс аппаратының құрылымына қатысты айта кеткен жөн.
Дауыс шығару органдарының орналасуы, олардың құрылымы мен қызметіне байланысты адамның дауысы әр түрлі үнді, реңкті болып келеді. Сол үнді «тембр» дейді. Тембр «тимпанс» деген грек сөзінен шыққан. Ол дегеніміз бір биіктіктегі естілетін әрбір дыбыстың өзіндік үні, өңі мен реңк өзгешелігін білдіреді. Қандай бір биіктіктегі дыбысты әртүрлі аспапта ойнап немесе дауыспен айтқанда қайсысы қандай дегенді сол аспаппен немесе дауыстың өзіндік үнінің ерекшелігімен айтуға болады деген сөз. Тембр құлаққа жағымды, жағымсыз болып келеді.
Адамның физиологиялық ерекшелігі, дыбыс аппаратының орналасу жағдайына байланысты дауыс құбылысы әр түрлі. Сондықтан, ән айтқанда дауыс қуысын реттеп беретін дауыс сіңірлерінің қатысы өте зор. Дауыс сіңірлері музыкалық аспаптардың ішегі тәрізді ұзынды-қысқалы, жуанды-жіңішкелі болып келеді және соған сай әртүрлі дыбыстар шығарады. Дауыс тембріне әсер ететін екінші бір табиғи резонатор болып келетін жұтқыншақ, маңдай қойнауы, кеңсірік қуысы, қатты таңдай, жұмсақ таңдай, мұрынның қоршауы, көкірек қуысы, бас сүйегі сияқты басқа да мүшелері жатады. Жоғарғы тыныс жолындағы шырышты (слизистая) қабат үнемі жыбырлап, дымқылданып тұрады. Оны «формат» деп атайды. Формат тембрдің жақсы сақталуына, өзгеруіне өзінше әсер етеді. Жоғарыда айтылған табиғи жағдайларға байланысты дауыс ашық, көмескі, жіңішке, жуан, құлаққа жағымды, жағымсыз болып келеді.
Дыбыстың жалпы теориясын физикалық акустика саласы қарастырады. Акустикалық тұрғыдан алғанда, дыбыс қандай да болсын бір дененің белгілі бір ортасында теңеліп қозғалуының нәтижесінде пайда болады да, құлаққа естіледі. Дыбыс өтетін орта — ауа кеңістігі. Ауа кеңістігінсіз ешбір дыбыстың жасалып пайда болуы мүмкін емес. Акустика дыбыстардағы төмендегідей белгілерді ажыратады: дыбыс ырғағы, дыбыс күші, дыбыс әуені, дыбастың созылыңқылығы. Барлық музыкалық дыбыста тембірдің сыртында дауыс-деңгейі, дауыс күші және ұзақтылығы деген үш белгілі атаулар бар. Биіктігі — секундтағы дыбыс толқынының тербеліс мөлшері. Қаттылығы — тербелісті күшейте түскені, ұзақтылығы — дыбысты созып береді.
Ән айтуды халық әнін айту бағыты, эстрада әнін айту бағыты және академиялық бағыт деп бөлуге болады. Ән халықтан шығатындықтан халық әнін айтушылар да тыңдаушылар да көп. Халық әнін үйрену ұзақ уақыт бойы жаттығулар арқылы жүріледі, дегенмен ол үшін-де дауысты жан-жақты тәрбиелеп, дамыту қажет. Ал, тәрбиелеп, үйрену жолдары атақты әншілердің мол мұрасынан, айтқан әндерімен таныса келіп, қандай шеберлікпен орындаған тәсілдеріне еліктей отыра қайталау арқылы алғашқы қадамын жүзеге асырған дұрыс.
Эстрада жанрындағыларға қазір мүмкіншілік мол. Техника дамыған осы заманда кімге еліктеп, қалай қарап, қайтып айтам десе-де өз еріктері. Бірақ, бір ескеретін жағдай — қанша эстрада болса да өз ұлтының дәстүрі, тілі, ұлттық менталитеті, ұлттық нақышы, аңқып тұруға тиіс. Халық әндерін орындау, эстрада әндерін айтудың өз-өзіндік ерекшелігімен, тамашалығымен ерекшеленеді. Бірақ, дауыс шығару, техникалық орындау тәсілдері классикалық бағытта тәрбиеленген орындау тәсілдерінен айырмашылығы мол. Қай бағытта болса да ән орындаудағы негізгі мақсат — дауыс құлаққа жағымды, қысылып-қымтырылмай, дауысты дұрыс тәрбиелеп, еркін меңгеру болып табылады.
Ал, академиялық бағытта кәсіби әнші «вокалист» болғысы келгендерге айтарымыз аз емес. Әнші қай бағытта тәрбиеленсе-де, әсіресе, кәсіби әнші болатындар дауыс анатомиясымен, физиологиясымен жете танысып, дауысты «тәрбиелеуде» қатысатын мүшелердің өз ара байланыстарын анықтап, түсініп алғандары жөн.
Бес-алты жыл оқуын оқып, консерватория бітірген, жоғарғы мамандықты игерген кәсіби әншіні «вокалист» дейміз. Көбінде классикалық бағытта айтатын әншілік өнерді вокалдық өнер дейді. Вокал — итальян тілінде «Восе» — дауыс деген мағынаны білдіреді. Дауыс — әншінің құралы болып табылады. Әншілік өнер құр дауыстың сыртында мағыналы сөз арқылы адамның ішкі жан дүниесіндегі әртүрлі толқуларды, эмоциялық құбылыстарды көркемдеп, бейнелеп беруге тиіс. Әнші әнді көркемдеп, мәнерлеп айту үшін соған жеткізетін техникалық процесті, әдістемелерді «вокал» дейді.
Өңірдің қай саласы болмасын, ең алдымен, оның технологиясын — әдістемесін ұғу, түсініп меңгерудің маңызы зор. Сондықтан кәсіби әнші болу үшін вокальдық өнердің қыр-сырын ұғып, негізгі технологиясын еркін меңгеру абзал.
Әншінің аспабы қолға ұсталмай, көзге көрінбейтіндіктен студенттермен жұмыс істеу кезінде біраз қиындықтар туғызады. Музыканттар аспаптарын пайдаланғанда тыңдап, сезудің сыртында қолмен ұстап, көзбен көріп, саусақтарын өз ыңғайларына орналастыра алатын өз мүмкіндіктері бар.
Әнші мен ұстаз ондай мүмкіндіктің жоғынан тек қана тыңдау арқылы, дауыс аппаратының қозғалыс қызметі арқылы болжаммен бақылауға тура келеді. Дауысты дұрыс жолға қою үшін ең бірінші бақылау қажет, бақылау тек қана сырттан емес, әнші өзін-өзі сезіп бақылай алатын халде болуы керек.
Италияның ән өнерінің үздік жетістіктері туралы пікір қалыптасқан. Италия-операның отаны деп те аталады. Дүниежүзіне әйгілі тенорлар да сол елден шыққан. Сондықтан да Италияның вокалдық мектебі, аңызға айналып кеткен. Ол солай ма деп алып қарайық: Дүниеге әйгілі сол Италияның әншілерін тыңдай отырып, бір-біріне ұқсамайтын әр түрлі мәнермен айтатынына көзіміз жетті. Мысалға, әйгілі Э. Карузо, Б. Джильи А. Пертиле тағы басқаларды салыстырып көрейік. Бұлар бәрі бір пландағы тенорлар, айтатын репертуарлары да бірдей. Тынысек, ән айтудағы техникасы, әдістемесі бірін-бірі өткен тамаша. Сөйте тұра бір-біріне ұқсамайтынын, аңғарамыз.
Дауыс тембрінің сыртында орындаушылық мәнері, кейбірі ашық дауыспен, кейбірі жоғарғы регистрге ерте қамданып қалыптасқан. Енді бірі дыбысты күшті екпінмен бастаса, келесісі жұмсақтап келіп үдетеді, қайсыбірі орасан зор резервуар арқылы дауысы қүңіреніп, өзінен-өзі сарнап төгіліп жатады. Енді бір жағдай Б. Христов, Д.Узунов, Н. Херля, Т. Куузик, Щ.Пирс, Уоррад сияқты дүниеге әйгілі әр елдің мықты әншілері көптен бұрынғы Кеңес одағының тыңдаушыларына таныс. Бұлар да шамамен бір-деңгейде Италия мектебінің дауыс қалыптастыру мәнерімен айтатын әншілер. Бірақ, олар Италия мектебін меңгерді деген сөз емес, олар өз дауыстарының табиғаттан берген негізін меңгерген мықты әншілер. Тынысек, Италия мектебінің сыртында өз табиғатын таба білгендер. Осы шындықты дәлелдеген талай талантты әншілерді театр тарихынан көптеп кездестіруге болады-деп тұжырымдайды А. И. Иванов өз кітабында.
Соңғы жылдары халықаралық қатынас арқылы вокалдық өнер жағынан бай мұра жинақталып, біріккен бір вокалдық мектеп қалыптасты. Оның негізгі мақсаты-өз өздерінің амал, әдістемелерімен әнді әдемі дауыспен емін-еркін қысылмай-қымтырылмай орындау, кім қандай жағдайда орындаса да, әнші өзінің табиғатын тауып, түптің түбі бір арнаға келіп тоғыстыру деген сөз.
Ғасырлар бойы ұшы-қиырсыз қазақ даласы халық мұңы мен қуанышына ортақтасқан домбыраның күмбірлеген үні мен ән, аңыз, жырларына бөленді. Осы дала төсінде мыңдаған тарихи тұрмыс, лирикалық әндер туып, өмірге қанат қақты. Қазақ әндерін естіген орыс саяхатшысы Г. Потанин «Бүкіл қазақ даласы әндетіп жатқандай әсер алдым», — деп таңдана айтқан екен. Біздің қазақ халық ән-күй өнерінің дамуында орындаушылықтың ғажайып шыңына жеткен нағыз майталман өнер шеберлерінің рөлі ерекше. Сонау біртума дарын иелері Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Біржан сал, Сегіз сері, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Ақан серілерден бастау алған ән-күй өнерін Иса, Әмірелер жалғастырып қазақ деген әнші халық барын дүниеге таныта бастады.
Бертін ұлттық кәсіби өнеріміздің негізін қалаушылар — Қанабек Бәйсейітов, Күләш Бәйсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Әнуарбек Үмбетбаев, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев тағы басқа көптеген, ақсақалдарымыз музыкалық үлкен білім алмаса да, өздерінің табиғи, дара таланттарының арқасында ұлттық опера өнерінің негізін қалап, келешек кәсіби әншілердің өсіп-өнуіне үлкен ықпал жасап, жол салып кетті.
Солардан дәріс алған, кейбірі, аға буынмен бірге қызметтес болған Б.Досымжанов, Ш.Бейсекова, К.Кенжетаев, Рашид пен Мүслім Абдулиндер, Е.Серкебаев, Р.Жаманова, Б.Толегенова, Б.Жылысбаев, М.Мүсабаев, Н. Қаражігітов, Б.Әшімова, Х.Қалиланбекова, С.Құрманғалиева, Ш.Үмбетәлиев тағысын тағылар. Әншілік өнердің теориялық негізін меңгерген, нағыз кәсіби әншілердің алғашқы легі қазақ вокалдық өнерін дүниеге танытты.
Бұлар жоғарыда айтылған алыптардың тәрбиесімен сусындаған теориясын консерваториядан алған, кейбірі Ресейдің үлкен өнер ордасынан, қайсыбірі өз елімізге келген үлкен мамандардан дәріс алған «алыптан туған алыптар» еді. Осы алғашқы кәсіби мамандар 1950 жылдардан бастап елді өз шәкірттерін тәрбиелеп шығара бастады. Бұл арада халық әртісі, ардагер ұстаз, қазақтың вокалдық өнеріне айрықша еңбегі сіңген, талай-талай майталман әншілерді тәрбиелеген, жарты ғасырдан астам қажымай шәкірт тәрбиелеп келген Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның профессоры.
Бекен Жылысбаевтың еңбегі зор екенін ерекше атап өтуіміз керек. Осы профессионал ұстазтардың тәрбиесі мен ілімінен өткен өз замандастарымыз Мұрат Мұсабаев, бүкілодақтық вокалистер конкурсының лауреаты Әлібек Дінішев, бүкілодақтық вокалистер және Цвикау мен Рио де Жанейрода өткен халықаралық конкурстарының лауреаты Ғафиз Есімов, алғаш рет Италияның өзінде болып мамандығын шыңдаған ҚР енбек сіңірген әртісі Аманкелді Семтин, вокалистердің бүкілодақтық конкурстарының және Барселонада өткен вокалистердің халықаралық конкурстарының дипломанты Майра Мұхамедқызы қазақ өнерін дүние жүзіне танытса, ҚР халық әртісі Н.Үсенбаева, С.Байсұлтанов, еңбек сіңірген әртісі Ж.Баспакова, Б.Қожабаев, Б.Ысқақов, Ш.Әбілов, К.Мыржықбаев, М.Шалабаев, Ү.Кенжебеков тағысын тағылар казіргі опера өнерін өз елімізде, шет елдерде танытып келеген біздің өнер саңлақтарымызды тәрбиелеп, қазақ вокалдық өнірінің жетістікке жетуіне осы профессионал ұстазтардың үлесі зор дегенді айтқым келеді.
Соңында алыптар тәрбиелеген алыптар арқылы, оларды тәрбиелеген ұстаздар арқылы қазағымыздың дарқан даласына дүние жүзін әйгілі вокал өнерінің үшқыны осылай жалғасып келеді, жалғаса бермек. Енді жоғарыда үзіліп қалған межеден ары жалғастырсақ. Әншінің дауыс аппараты қолға ұсталмайды, көзге көрінбейді, тасада болғандықтан тыңдау арқылы және бұлшық еттерінің сезімі арқылы ғана бақылауға тура келеді. Дыбыс қай тұстан шыққанын, ол дыбыс сырылдап тұр ма, шырылдап тұр ма, көмескі, күңгірт естіле ме, дауыс жоғарылап, төмендеп интонациясынан айрылды ма немесе құлаққа жағымды, жұмсақ жинақталған дауыс па дегенді тек қана тыңдау арқылы анықтай аламыз. Әдеттегі осы белгілердің арқасында тәжірибелі ұстаздар дауыстың кемшілігі неден болып тұрғанын анықтап, диагноз қойып, дауысты дұрыс жолға қоюға кіріседі. Ұстаздың ақыл-кеңесін ынта қойып тыңдап, тез арада іске асыру қажет. Студент пен ұстаз арасындағы түсінушілік пен сыйластық қатынасы, келешектегі қиындықтарды бірігіп шешуге ықпалын тигізеді. Алғашқы кезіккен аздаған қиындықтарға төзбей ұстазға сенімсіз қарау, әрбір адамның сөзіне еріп тұрақсыздану зиян келтіретінін айта кетуіміз керек.
Ұстаз, студентті, ең алдымен, өзін-өзі бақылай алатын, өзімен-өзі дұрыс жұмыс істей алатын жағдайда тәрбиелей бастауы қажет. Студенттерге тікелей вокалдық міндеттер қойып, айқын нұсқаулар беріп, оны шешу үшін басты мәселе не дегенді түсіндіріп, мән-мағынасын ашып ұғындыру арқылы мүмкіндік тудырып беру қажет.
Қолданылған әдебиет тізімі:
- Қабылаш Әбікейұлы. Кәсіби әншілік өнері: оқулыққа қосымша методикалық құрал. — Алматы, 2004-43 бет
- Профессор Сембин Амангелді Нақыпұлы
- 29265 просмотров