«Талаптың мініп тұлпарын...»
Зейнелова Лаззат Жубаткановна, Ақтөбе қаласы № 3 Балалар музыка мектебі домбыра класының оқытушысы |
Домбыра, вокал кластарының оқушысы Айтенов Дәулеттің жеке концерті
Көрнекілігі: Оқушының өнер жолында жеткен жетістіктері туралы слайд-шоу.
Сахнада бұлбұлдың сайрап тұрған дауысы естіледі.
Муза туралы өлең оқылады.
Ән-күй, сені тәтті көрем жаным сүйіп, |
Жүргізуші: — Қайырлы күн! қадірменді қонақтар, аяулы ұстаздар, қымбатты оқушылар!
Бүгінгі «Талаптың мініп тұлпарын...» атты домбыра, вокал класының оқушысы Айтенов Дәулеттің жеке концертіне қош келдіңіздер!
Асыл тастан, өнер жаста
Шығады деп дарынды.
Халық айтса, халық сөзі
Әрқашанда нанымды
Бұл шындықты күнделікті
Көріп жүрміз өмірден
Сан мыңдаған жастар өсті
Өнер алды елімнен.
Қоғамдағы кез келген оқиға-құбылысқа сергек қарайтын қағылез азамат пен азаматшаны тәрбиелеуде музыка өнерінің рөлі ерекше. Музыка арқылы бала білімділікпен қоса тәрбиелік қасиеттерді бойына сіңіреді. Музыка баланың сезімдеріне тікелей әсер етіп,оның моральдық бейнесін қалыптастырады,адамгершілік сезімдерін дамытады. Ғасырдан ғасырға, атадан балаға жалғасын тауып, дамып келе жатқан аса бағалы өнер, оның ішінде күйшілік,әншілік өнер заманымыздың болашағы — жас ұрпақтың ұлттық мәдениетін оятады деген сенімдеміз.
Ошағынан от кетпеген, белдеуінен бесті ат кетпеген дана халқымыз дауына қамшысын, жауына найзасын кезек сілтеген, ел басына күн туған алмағайып заманда да, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда да ұрпағының парасатты, көкірегінің көз ашық, өнерлі боп өрге асуын, көңілінің ояу болуын назардан тыс қалдырмаған. Кешегі ел іргесінің бүтіндігін аңсап, халқының қамын жеп, «желмая мініп жер шолған» қазына кеуде қарияларымыз «жігітке жеті өнерде аз», — деп өсиет айтқан екен. Сондай-ақ, ата-бабаның ұрпаққа деген саналы тәрбиесін ұштаған, перзентін өнер жолына жетелеген құс қанатты, жалаулы арманды ата-ананың үкілі үмітін жүрегінде жандырған, ұстаздың болашағынан үміт күтер баласы Дәулетке ақ жол тілей отырып,
Қуаныштан алаулайды ұланыңның реңі,
Толқыпта тұр кеудедегі кіп-кішкентай жүрегі.
Есінде қалсын көрерменнің мәңгілік,
Өнерпаздың шалқыта тартқан күйлері.
Қысылмағын келгін балам ортаға,
Сенім жүгін артты сенің арқаңа.
Өнер-күрес, өнер-көкпар түсінсең,
Қайтпас қайсар ер шыдамақ додаға.
Қолыңды соз,ұмтыл биік арманға,
Алданбағын бірер күндік жалғанға.
Біз сенеміз шығады деп биікке,
Жүрегінде ізгілік оты жанғанда.
Қол соғып,қошеметпен шақырайық,
Дәулет ұлың келсін қане, ортамызға. —
Деп сахнаға Дәулет Айтеновты шақырайық.
Күй ойнайды қазағымның қанында,
Күй ойнайды қазағымның жанында.
Жүрегінің,жүрегінің,жүрегінің дүрсілі,
Күмбірлеген домбырасы барында.
Дәулеттің орындауында Құрманғазының күйі «Балбырауын.
Аспапты жоғары дәрежеде меңгеру үшін орындаушының техникасын өсіру мақсатымен қазіргі дамыған дәуірде көптеген сазгерлер өз шығармаларына ұлттық музыканы кірістіре отырып,домбыраға арнап өңдеді.Мұндай шығармалар домбыраның құдіретін айқындай түсіп,әрілендіріп те жібереді .
Е.Үсенов. «Майра» күй сандықта сүйемелдеуші Л.А.Тарасова
Білмеймін теңі бар ма, бағасы да,
Домбыра-ата көзі, баба мұра.
Тербеліп кетсе шектер, теріп перне,
Теңіз күйі төгілгендей шанағына.
Домбыра-қазақ жаны, мөлдір әні,
Кімдер ол қомсынатын домбыраны?
Дәулеттің орындауында «Сүгірдің термесі»
Белгілі бір мазмұнда жазылған музыканың әншінің мәнерлі дауысымен орындалуы-вокалдық музыка болады. Оқушының ән айтуын дұрыс жолға қою үшін,олардың дауыстарын қалыптастырып, ән айту аппаратын дамытуда жүйелі жұмыс істелуі қажет. Осы салада біздің мектебімізде ер балалардан құрылған топ жұмыс жасайды. Ал Дәулет осы топтың белсенді мүшелерінің бірі.
Өмірде ана—бақыт, ана-дана
Өмірді өркендетер ана ғана
Өсірген талай көсем, талай шешен
Талай ер, талай ақын,талай дана.
Ана туралы әндер. орындайтын вокалистер тобы.
Күйлердің сөзін ішіп, сорғалатқан
Бармақтан бал тамызып, жорғалатқан,
Тәтті күй жанның тілі, жігер, қайрат,
Қазағым, мақтана бер, соны тапқан, –
Дәулеттің орындауында, Қазанғаптың күйі «Құс қайтару»
Дәулетке ақ тілегімен кішкентай інісі Сәулет келіп отыр. Өнерден бұл балада құр алақан емес екен. Ағасына өзінің ән шашуын арнайды.
«Бал балалық» әні. орындайтын Сәулет
Қолың босап отырғанда кей шақта
Қанат бітіп ой кетеді жан-жаққа
Шертіп-шертіп жіберетін сол сәтте
Бір домбыра керек екен қазаққа. — деп
Украин халық биі «Казачок» күй сандық сүйемелдеуімен.
Дәулеттің концертіне өнердегі достары да келіп отыр. Достардың тілегі ретінде көптеген халықаралық конкурстардың жүлдегері Маханова Шамшырақ биден шашу шашады. «Сылқым» биі
Ән, сал, жаным, әніңмен тербет мені,
Бір сәтке тынсын тірлік жер көктегі.
Дала ұйысын, дамылдап таулар жатсын.
Таулар жатсын мәңгілік жөргектегі.
Халық әні «Япурай»
Тайпалып, жорға болып салдырған күй,
Мейірін тыңдағанның қандырған күй
Тартқанда зарылдатып, сұңқылдатып,
Аққуды аспандағы қондырған күй.
Сахнада Дәулет ұстазымен бірге. Н.Тілендиевтің күйі «Аққу»
Жаны құштар жаңалыққа жансыңдар
Ата тұғын туған елге таңсыңдар
Ұстаз жаққан кеудедегі от сөнбей
Біз аспаған биіктерден асыңдар.
«Алатау» әні, ансамбльдің сүйемелдеуімен.
Кеткенде әсем саздар көкке әуелеп
Тыңдайды бұлбұлыңда тына қалып.
Күй сыйлаған күйшісін пірі тұтқан
Менің халқым не деген ғажап халық.
дей отырып,бүгінгі тойымыздың куәсі болып отырған қонақтарға сөз береміз.
Қандай ғажап, қарашы айналаңа
Бақыттан басың сірә, айналама
Дәулеті азамат боп есейді деп
Құрметпен сөз берейік ата-анаға.
Бақыт құсы алдыңнан сенің ашылсын.
Арман-ару ақ білекпен асылсын
Ел тілегі ақ тілектер қабыл боп
Құс жолындай ғұмырыңа шашылсын — деп тілейміз.
Осымен концертіміз аяқталды. Келесі кездескенше күн нұрлы болсын ағайын!
- 11439 просмотров