Мектептердегі қарым-қатынас сапасын жақсартудағы медиаторлық қызмет
Орындағандар: Рамазан Айзат Максатовна, Қапашева Дана Асқатқызы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Алматы қ., Казақстан Ғылыми жетекші: профессор, доцент Жанатаев Данат Жанатайұлы |
Аңдатпа
Қазіргі уақытта Қазақстандағы кезегімен жүзеге асырылып келген құқықтық реформалар қадамдарының бірі медиация институтын енгізуін және осы құқықтық институттың немесе феноменнің бір көпұлтты, көпконфессионалды, полимәдени құбылыс тәрізді менің мектебімнің шеңберінде қаншалықты тиімділігіне көз жеткізу үшін осы жобаны бастауға бел будым. Туралығы мен әділдігі қара қылды қақ жарумен теңелген билер дәстүрімен таныс қазақ халқы үшін бұл институт таңсық емес, тек көнені жаңғырту іспеттес. Тек қазіргі заман талаптарына сай модификацияланған әрі трансформацияланған құбылыс ретінде қабылдағанымыз жөн болар. Тарихнамалық база өзінің кеңдігімен және молдығымен сипатталады, яғни бұл тақырып төңірегінде шетелдік және қазақстандық ғалымдар мен Фемида өкілдері көптеген мақалалар мен ғылыми зерттеулерін оқырман қауымы назарына ұсынған. Біз бұл жоба аясында ғаламтор кеңістіктерінде ұсынылған негізгі анықтамалық-ақпараттық монографияларға тоқталуды жөн көрдік.
Медиация дегеніміз не? Бұл терминнің төркіні латын тіліндегі mediare — делдал болу деген сөзден шыққан. Медиация — үшінші бейтарап әрі осы жанжалда мүддесі қозғалмайтын жақтың көмегімен дауды шешудің баламалы жолы. Ол делдалдықтың ерекше түрі [1]. Мұнда үшінші жақ шешім қабылдап немесе жаза тағайындамайды. Сәйкесінше, медиатордың маңызды міндеті дауласушыларды өзара тиімді және өміршең шешімдерді қабылдауына ықпал жасау. Медиатордың басты қағидалары: рәсімде ерікті түрде қатысуы, медиация үдерісі барысында бейтараптылық позициясы, құпиялылық, әділдік, бір-біріне деген құрмет пен қабылдау болып табылады. Қазіргі уақытта қолданыстағы медиация түсінігі ХХ ғасырдың екінші жартысында дами бастады. Алдыңғы кезекте ол англо-саксондық құқық мектептері —АҚШ, Ұлыбритания, Австралияда, кейінірек Европа елдерінде кеңінен танылды. Медиацияны рәсім ретінде қолданудың алғашқы талпыныстары отбасылық және неке қатынастарын реттеуде жасалды. Дами келе медиация жанжалдардың кең спектрін шешуде таптырмас құралға айналды. Ол спектр ішінде білім беру үдерісінің қатысушылары арасындағы жанжалдар да өзіндік орынға ие. Ғылымда және тәжірибеде медиацияны бітімгершілікпен байланыстыруы мүмкін. Ол екеуі де екі жақтың құқықтарының бірдей қорғалуын, жария болатын сот немесе орындаушылық рәсімінен ерікті түрде бас тартумен түсіндірілетін азаматтық құқықтың заңдық фактісі болып табылады. Алайда еш елде бітімге келу медиациямен теңестірілмейді [2]. Медиация мен бітімгершіліктің сотқа альтернатива ретінде маңыздылық дәрежесін айқындау үшін бітім келісімі, ымыраға келтіру және медиация түсініктерін айқын сипаттап алу қажет. Олардың арасында, әрине, белгілі-бір байланыс бар екендігін мойындағанымыз жөн. Алайда ол бізге оларды тең балама ретінде қарастыруға құқық бермейді. Бітім шарты, мәселен, сот тарапынан жүргізілген бірнеше келісімге негізделген рәсімнің қорытындысы болып табылады |3|. Яғни ол ұзақ мерзімді қамти отырып, түрлі ресурстар шығынын қажет етеді. Бұл шығындар қатарынан қаржы, адам, уақыт т. б. ресурстарды көруге болады. Қазіргі заман үрдістеріне тәуелді адам үшін бұл шығындар залалды және орны толмас кедергілер. Ал енді гуманизацияны басты қағидатына айналдырған сот жүйесіндегі оң өзгерістерді ойласақ, медиациядан мықты жанжал шешу құралы табылмас. Сондықтан да медиацияны тек сот жүйесінде ғана емес, сонымен бірге, мектептегі жанжалдарды шешуде медиацияны қолданған әлдеқайда тиімді. Бұл өз кезегінде медиацияға байланысты, әсіресе, мектеп медиациясына байланысты, нақты және жүйеленген нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыруды қажет етеді. Сонымен бірге, ол үдерістің қатысушыларына, рәсіміне детальды тұрғыны саралауды талап етеді. Егер осы аталған бөліктер заңды түрде реттелсе, күмәнсіз республика азаматтары, ата-аналар, мұғалімдер, оқушылар бұл құбылысқа сеніммен қарап, делдалдық жүйесінің дамуына өз үлесін қосады.
Ендігі кезекте мектеп медиациясы қызметіне көңіл бөлсек. Мектеп — қоғамның қимасы, сондықтан да оған түрлі бағыттағы жанжалдар тән: оқушылар арасында, оқушы мен мұғалім арасында, мұғалімдер арасында, мұғалімдер мен ата-аналар арасында туындайтын жанжалдар. Кейде бұл жанжалдар өте қауіпті, салдарлары ауыр болуы мүмкін. Мектепте медиация қолданудың бірінші фактілері АҚШ-та 1980 жылдардың басында тіркеліп, қазіргі уақытта ол бірнеше мемлекеттер шеңберінде жүзеге асырылады [1]. Медиация әрқашан компромисске емес, консенсусқа қол жеткізуді көздейтіндігін еске алсақ, мектеп шеңберінде оны қолдану жемісті нәтижеге әкелері анық. Былтырғы жылы білім және ғылым министрлігінің білім беру жүйесінде медиаторлық қызметті енгізу туралы шешімін жаңалықтардан естігеніміз рас. Бұл қызметті, алайда, қалай ұйымдастырылатындығы, іске асыру механизмі түсініксіз қалып қойған тәрізді. Ғаламтордан жинақталған ақпараттардан түсінгеніміз, мектеп медиациясының қазақстандық үлгісі шетелдік әріптестердің тәжірибесіне негізделіп, білім мен тәрбие беру үдерісінің барлық қатысушыларына бағытталған.
Бұл дүниеге келген әрбір бала кез-келген тұлға тәрізді дамудың оң және теріс потенциалдарына ие. Сондықтан ересек адамдардың міндеті болып, оған берілген бар жақсыны дамыту болып табылады. Өмірінің алғашқы жылдарында ол міндет отбасына таңылса, кейінірек мұнымен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына, мектепке, қоршаған ортасы, құрбы-құрдастары шеңбері айналысады. Бұлардың ешқайсысының маңызын бағаламай қоюға болмайды, әрине, әр кезде олардың ықпалы түрлі болатындығын ескерген жөн. Мысалы, жасөспірім шағында балаға өз құрбыларының әсері басым екендігі анық.Бірақ барлық кезеңдерде бала өзін қорғалғандығын, қымбаттылығын, құрметтелетіндігін, маңыздылығын сезінгендігі қажет. Тек сондай жағдайлар ғана баланың қалыпты психофизикалық және зияткерлік дамуына мүмкіндік туғызады. Сонымен, мектеп медиациясы — бұл бала тұлғасын қалыптастыру мен тәрбиелеуде атсалысатын ұйымдар мен институттарда қолдануға арналған инновациялық әдістеме мен оқу технологиясы.
Бірнеше жылдар бұрын АҚШ пен Европа мемлекеттерінде қазіргі Қазақстанда өзекті проблемаға айналған — соттардың асқан үстемелік жұмыстармен шұғылдануы, бірнеше жылдарға созылған сот үдерістері, жеке немесе заңды тұлғалардың қомақты сот шығындарына кезігуі тағы сондай сынды кедергілер сот жүйесінің нәтижелі жұмыс жасауына тұсау болды. Индустриалдық және ақпараттық төңкеріс, прогресс жаһандану үрдісі жанжал мен қақтығыстардың санын күрт өсіріп жіберді. Осындай жағдаят дауларды шешуде басқа баламалы жол іздестіруге итермеледі. Нәтижесінде, АҚШ-та «дауларды баламалы жолмен шешу» термині еніп, ол арбитраж, келісім, делдалдық тәрізді түсініктерді қамтыды. АҚШ-тың тәжірибесінің арқасында әлемде бітімгершілік пен ымыраға келу маңызы арта түсуде. Алайда, бір айта кетер жайт, қазақ халқының билер институты одан әлдеқайда ертерек өмір сүргендігін еске түсірсек, бұл тәжірибе «гендік деңгейдегі» ақпарат екендігіне көзіміз жетпек.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, АҚШ, Австрия, Германия, Европа комиссиясы заңнамалық тұрғыда медиацияны бекіткен. Еврокомиссия медиатор кодексін бекітіп үлгерді. Халықаралық сауда бойынша БҰҰ комиссиясы да Типтік заңды да құрастырған. Алдыңғы қатарлы дамыған елдерде құқық жүйесі міндетті түрде медиаторға бір рет болса да дауласушы жақтарды жүгінуге бағыттайды. Медиаторсыз тіпті, бір де бір экономика, саясат және бизнес мәселелері шешімін таппас. Дауларды шешудің ұлттық институтына басқа АҚШ-та мәселен, жеке меншік медиаторлық кеңселер де өз орнын таба білген |1|. Ал Ұлыбританияда міндеттемелердің бірі болып табылатынын мына жайттан көруге болады: медиатор көмегінен бас тартқан жақ бүкіл сот шығындарын өтеуге мәжбүр. Германияда медиация сот жүйесінің бір табиғи құрамдас бөлшегі болып табылады. Онда делдалдар сот жанында қызмет етіп, потенциалдық сот істерінің санын азайтуға жағдай жасап беруде. Қазіргі таңда медиация неміс жерінде тек неке істері бойынша ғана емес, сонымен бірге, әкімшілік сот, экономикалық сот жанында қызмет атқарады. Ал Ресейде империялық сот жүйесінде ХІХ ғасырдың басында коммерциялық сот түрі енгізілгені белгілі. Осы сот қызметінде әдеттік нормалар негізінде ымыраға келу дәстүрі қалыптаса бастаған еді.
Ұлттық азаматтық сот істерін жүргізуге бітімгершілік рәсімдерін енгізу жайлы ұсынысты алғаш рет елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2009 жылы 18 қарашада өткен судьялардың Ү съезінде сөйлеген сөзінде биік саяси аренадан жасаған етін. Ал Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңы 2011 жылы 28 қаңтарда қабылданып, медиаторлар мәртебесінен бастап, рәсімнің қағидалары, ережелері мен тәртібін бекітті. Орталық Азияда медиацияны қабылдаған мемлекет те Қазақстан ғана емес, 2007 жылы өз құқықтық жүйесіне оны енгізген Қырғыз Республикасы осы жолда бірталай нәтижелерге қол жеткізіп үлгерді. Алайда қырғыз ағайындардың инфрақұрылымдық қамтамасыздандыруы әлсіз болғандықтан, олардың медиация қызметі жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Айыр қалпақты қырғыз бауырлардың кейпін кимеу үшін қандай нақты шаралар мен әрекеттер жасау қажет екендігін реттеп, саралап алғанымыз жөн. Бәрімізге белгілі болғандай, кез-келген жаңалық сыншылардың оғына ілігеді. Әрине, алғашқы кезде өзгеріс нәтижесі бірден болмауы да мүмкін. Алайда, мектеп жасынан бастап, әр азаматқа оның тиімділігі жайлы құлағына құя берсек, онда дауды шешудің керемет ізгілікті, адамгершілікті жолы жайлы дұрыс қоғамдық пікір қалыптаспақ.
Ал енді нақты мектеп медиациясы тәжірибесіне тоқталсақ, онда өкінішке орай, Қазақстанда ондай жобалар іске аспады. Көршілес Ресей Федерациясында, жер-жерлерде мектеп медиациясын қалыптастыратын кадрлер даярлайтын курстар, оқыту семинарлары, вебинарлар, конференциялар, жобалар сайысы тағы да сондай сынды шаралар жүйелі түрде өткізілді, тіпті, нәтижелері де оңды. Мәселен, медиация жөніндегі комиссия төрайымы Ц. Шамликашвилидің бір баспасөз құралына берген сұхбатына Саратов облысында бір мектепте орын алған мұғалімдер арасындағы жанжалды арнайы кәсіби медиатор көмегімен шешіп қана қоймай, сол мектепте медиаторлар клубын ашқандығы туралы мәлімет келтіреді. Осы ақпараттарды, статистикалық мәліметтермен таныса отырып, біз осындай пилоттық жобаны өз мектебімізде ұйымдастыруға шешіп, бел буа кірісуге даярланып та кеттік. Сондықтан оның құрылымдық аспектілерін қарастыруға кірісейік.
Сонымен, мектеп негізінде құрылған медиациялық қызмет қандай болмақ? Мектеп медиациясы жобасының әдістемелік негізі ретінде түсіністікті алдық, осы тұрғыдан алғанда балаға деген көзқарас позитивті болып қала береді. Түсіну дегеніміз не? Бір қарағанда коммуникация бар болса, диалог орнығады. Алайда бұл тек сыртқы бейне ғана. Әдетте жанжалда дауласушы жақтар бірін-бірі түсінуге талпыныс та жасамай, тек қарсыластарын айыптап, оның ар-намысына тиетін сөздермен балағаттауға көшеді. Ақпаратты алу деген бір мәселе, ал оппоненттерді түсіну қиындыққа соғады. Бұл медиация қызметінің бір қыры — бұзылған немесе деформацияланған коммуникацияны қайта қалпына келтіру. Тек өзгені емес, өзін де түсінген адам даудан дұрыс шешім қабылдай алады. Қарым-қатынас сапасына білім сапасы тәуелді. Мектеп медиациясы өзіндік қатынас құру мәдениетін тәрбиелейтін орта екендігін еске сақтаған жөн.
Бұл құрылымға сай мектеп медиаторлық қызметінің екі блогі болмақ: психологиялық және құқықтық-ағартушылық. Ең алдымен, ересектер тобын медиацияның негізгі қағидалары мен ережелерімен таныстырып, олардың коммуникативтік, құқықтық, делдалдық құзыреттіліктерін арттыра отырып, авангардтағы тәрбие жетекшілеріне айналуына көмек көрсету. Күрделі жанжал немесе дау мектеп өмірінде қалыпты жағдай болуы мүмкін. Жанжалдың түп-төркіні деструктивті де, дамушылық та болуы мүмкін. Ал мектеп медиациясының басты міндеті осы деструктивті энергияны жасампаз энергияға айналдыру болып табылады. Оның перспективалық болжамы бірлескен серіктестік екендігін ұмытпайық. Алайда ағартушылық қызметпен тек ересектерді ғана қамтымауымыз керек, бұл үдеріске балаларды тартып, олардың арасында да құқықтық сауатсыздықпен күресті үнемі жүргізіп отырғанымыз жөн. Оқушыларды осы жұмыстың барысында белсенділікке, жанашырлыққа, адамсүйгіштікке баулу қажет. Менің ойымша, осы аталған қасиеттер адамды адам етіп отырғанына ешкім шек келтірмес. Медиацияға оқушыларды баулудың бір әдісі ретінде «теңдестер тобын» құруды көздемекпіз. Бұл топта барлық қатысушылар тең жағдайда мүмкін жағдаяттарды қарастырады. Осы әдіс көмегімен оқушылардың өзіне медиативтік идеяларды таратушыларға айналады. Ескерер жайт, дау тек құқықтық сауатсыздық жағдайында өрши түседі |1|. Егер біз шағын қадамдармен сол құқықтық сауатсыздықпен күрес жүргізер болсақ, келешекте орын алар дауларды болдырмастай үлес қосар едік. Қазақстан Республикасы тәуелсізідік алғаннан бастап құқықтық мемлекет, азаматтық қоғам құруға бағыт алды. Осы жағдайда біздің таңдаған әдіснамамыз жемісті болатындығын күмән жоқ. Ал енді екінші блок — психологиялық блокқа түсіндірме жасасақ. Өкінішке орай, қазіргі заманғы білім беру саласы нормативті құбылысқа айналып баруда. Осының кесірінен бұл нормаға сай емес балалар өзін «төмен сорттылар» деп есептеуі кең етек жайып келе жатыр. Сырт көзге экономикалық айырма күрделі әрі терең әлеуметтік қақтығыс екенін түсіну оңай. Бұл стрессогендік және криминогендік жағдайлардың пайда болуына тікелей себепші. Ал психологиялық консультацияның жаңа форматы мұны шешпек, шындығында психологиялық біліміміз таяз болғандықтан бұл блокқа түсіндірме жасауды кәсіпқой маманға тапсырғанымыз жөн.
Қорыта келе айтарымыз, мектеп медиациясы бала үшін қолайлы психоэмоционалдық ортаны қалыптастыратын керемет құрал екендігін нық сеніммен көрсетуге болады. Әзірге Қазақстанда оның тиімді жобасы лайық еместігі өз кезегінде көп кедергілер тудыруы мүмкін. Бірақ біз оған қарамастан, өз мектебіміздің аясында сондай медиаторлық қызметті ұйымдастыру жобасын ұсынуды ержүректілікпен қолымызға алдық. Оның нәтижелі болатындығына да күмәніміз бар, алайда, кез-келген дүниені бастарда «көз — қорқақ, қол — батыр» деп білек түйген қазақтың баласы емеспіз бе? Тек осы бастаманы қолға алуда оның жүйелі жұмыс жасауды талап ететіндігін ұмытпаған жөн.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Балагумарова С. Медиация в Казахстане // интернет-портал Закон.кз.
2. ГАРАНТ. РУ: http://www. garant. ru/ia/opinion/shamlikashvili/7/#ixzz4OswSits4 Медиация: введение в понятие Нина Березникова Школьная медиация как действенный метод защиты прав ребенка // интернет-ресурс
3. Зинченко Г. И. Мировые соглашения в гражданском судопрозводстве Саратов,1981.
4. Крамар Г. Урегулирование трудовых споров Москва.,1998. Стр.8
5. Медиация в образовании: школьный социум, основанный на позитивном общении. Интервью «Вестнику образования» председателя комиссии по медиации ассоциации юристов Российской Федерации // интернет-сайт журнала «Вестник образования»
6. Рожкова М. А. Мировая сделка: Использование в коммерческом обороте — Москва, Статут, 2005
7. Рясенцев В. Мировые сделки (соглашения) Социалистическая законность — 1984 № 3
8. Сулейменова М. К., Куанышев Б. Г. Альтернативные процедуры рассмотрения споров- В кн. Международный коммерческий арбитраж: сборник статей и документов (на рус. и англ. языках)
9. Что такое медиация? // ЮиТ, № 58, октябрь
10. Цисана Шамликашвили Школьная медиация как действенный метод по защите прав ребенка // сайт газеты «Вестник образования»
11. Юрген-Захорка Ханс Медиация в индивидуальном трудовом законе Проект Икон-институт Германия // интернет —портал Юрист.
- 11814 просмотров