Ағылшын тілі сабақтарында оқушылардың жазылым дағдыларын жақсарту жолдары
Айтенова Жадыра Болатовна, учитель английского языка, учитель-модератор, Назарбаев интеллектуальная школа г.Астана |
Ағылшын тілі пәні мұғалімі ретінде оқушылардың жазылым дағдысын қолдануда қиналатындығы тәжірибеде мәлім. Мәселен 8-сынып оқушыларының оқу мақсаттарына жету кезіндегі яғни формативті және жиынтық бағалау нәтижелері, сыншы дос ретінде бір-біріміздің сабақтарымызға қатысу арқылы берілген кері байланыс пен сабақ барысында жүргізген зерттеудің нәтижесінде көрінді. Оқушылар сөйлемдерді дұрыс құрастырып, оларды бір-бірімен байланыстыра алу дағдысы өмірде пайдалану үшін де, академиялық жетістіктерге жету үшін ең қажетті дағды болмақ. Сол себепті де мақаланың басты мақсаты — оқушылардың сөйлемдерді бір-бірімен логикалық түрде байланыстырып, абзац, мәтін жазып, жазылым дағдысын жақсарту жолындағы тиімді болған тәсілдермен бөлісу.
Мақалада оқушылардың жазылымдағы негізгі проблемалары мен грамматикалық инструкцияның жазылымды жақсартуға әсерін анықтау және соның аясында қолданылған түрлі әдістерді көрсету міндеттелмек.
Зерттеу әдістемесі
Оқу-үйрету әдістерінің ішіндегі жазу — үйренушілердің және мамандардың баяндауы бойынша академиялық және мансаптағы жетістікке жету жолындағы ең қажетті дағды. (Çavdar and Doe, 2012, Hyland, 2013 and Lengelle et al., 2013). Қазіргі таңдағы екінші тілде академиялық жазылымды үйрету туралы әдебиеттерде жазылымның қоғамдық аспектісіне назар аударылады (Spack). Алайда үйренушілер осы тақырыпта білімге ие болғанымен, жазу үдерісінде сол білімдерін қолдануда қиындыққа тап болады. (Hyland, 2013; Kellogg, 2008) [1].
Жоғарыда көрсетілген әдебиеттердегі мәлімет біздің жағдайымызға да қатысы бар. Аталмыш зерттеу жұмысын жүргізу мақсатында ағылшын тілінен 8-сыныпқа сабақ беретін 4 мұғаліммен бірігіп пәндік топ құрылды. Зерттеу жұмысты бастауға себеп болған проблемаларды нақты анықтау үшін тілді меңгерудегі А, В және С-деңгейдегі оқушылардың жұмыстары негіз болды, әсіресе жазудан қиналатын С-деңгейдегі оқушылар басты назарда болды. Алдымен біздің пәндік топ жазылым дағдысы бойынша сабақта бірізді абзац жазуды үйреткенде оқушылардың дұрыс сөйлем құрудан қиналатындықтарын анықтады. Сонымен қатар Джон Пек және Мартин Койльдің «Оқушының жазу нұсқаулығы» атты кітабында оқушыларға бағалау кезінде ұпай жоғалтуға итермелейтін қарапайым қателерден қалай арылуға болатындығын айтады, онда оқушыларға жазылым дағдысын дамытуды үйрену үшін алдымен «дұрыс» сөйлем құрып үйрену керектігі айтылады. [4]. Осыны негізге ала отырып, біз жазуды үйретудің алғашқы қадамын ағылшын тілінде дұрыс сөйлем құрудан бастадық.
Жазылымды үйретудегі тағы бір мәселе грамматика болып табылады. Джеймс Д. Виллиамстің «Жазылымды үйретуге дайындалу» деген еңбегінде Вайз (2001) интенсивті грамматиканы үйретуде жұмысты орындауды жақсарту туралы дәлелдемелер жоқ екенін жазып өтен [3]. Дегенмен, Джон Фостер ағылшын тілінде сөйлеуде сөздер қалай бір-бірімен байланысатындығы және жазылым тілдің құрылымы ретінде танылатыны туралы айтады. Құрылым мен ережелер грамматика деп аталады. Сонымен қатар онда жазуды алдымен сөйлем құрылымынынан бастауды және біртіндеп күрделі сөйлемдерге т. б. көшуді ұсынады. Грамматиканы білетін ағылшын тілін екінші шет тіл ретінде үйренушілерді бақылай келе, оларға жазуда сенімділік беретінін және сөйлемдерді дұрыс құруда аса маңызды екендігі туралы атап көрсетіледі [2].
8-сынып оқушыларының жазба жұмыстарын зерттей келе жиі кездесетін қателердің келесі түрлері анықталды:
1. Сөйлем құрылымындағы қателіктер
2. Сөйлемдерді өзара байланыстыра білмеу
3. Абзацтарды дұрыс байланыстыра алмауы.
4. Ағылшын тіліндегі артикльдердің дұрыс қолданылмауы.
Бұл мәселені шешу үшін алдымен пәндік топ мұғалімдері екі аптада бір рет кезекті кездесулер ұйымдастырып, оның алғашқы кездесуінде оқушыларға арналған элективті және сабақтан тыс қосымша сағаттарда, сабақтарда да грамматиканы қолдана алу дағдысын жақсартуға бағытталған жоспар жасалды. Осы сағаттар оқушылардың грамматиканы дұрыс қолданудың маңыздылығын түсінуіне ықпал етті. Жоспардың жүзеге асырылуын қадағалау үшін пәндік топ мұғалімдерімен бірге өзара сабақты бақылау жүргіздік және бақылаудан кейін бір-бірімізге сындарлы кері байланыс бердік. Соның нәтижесінде сабақ жоспраларына қажетті өзгерістер енгізіліп отырды. Осы мұғалімдердің бірігіп жасаған орта мерзімді жоспарлауында тыңдалым және айтылымға бағытталған сабақтардың орнына, екі сабақты сөйлем құрылымын үйретуге арнадық. Сонымен қатар сол жоспарлау бойынша келесі аптада оқушылар хат жазу керек болған. Осы өзгертілген екі сабақта оқушылар жазған хаттары бойынша жақсырақ нәтижеге қол жеткізгенін байқадық. Алайда сөйлем құрылымын үйрене бастағанымен, грамматика жағынан әлі мәселенің шешілуі баяу жүргендігі байқалды. Оқушылар ережелерді білгенімен, жазылым кезінде сол білімді жеткілікті қолдана алмады. Ол үшін оқушылар жұмыстарының алғашқы нұсқасы тексерілген соң, кері байланыс берілді. Содан кейін оқушылар сол кері байланысты ескеріп, жұмысты қайта қарастырып және терең талдау жүргізді. Ағылшын тілін үйренуде жазылым дағдысын дамыту үдерісі бойынша жұмыстың екінші нұсқасы жазылуы керек. Оқушылар өз жұмыстарын терең талдағаннан кейін қайта жазды, яғни екінші нұсқасын жазды. Алайда мұнда біз әдісті өзгертіп, оқушылар қайта жазарда жөнделген қателері және кері байланыс жазылған жұмыстың нұсқасына қарауға тыйым салынды. Оқушыларға бұл сынақ қиын болып көрінді. Нәтижесінде оқушылар өз қателерін қайта қайталамас үшін кері байланысқа назар аудара бастады.
Джон Фостердің «Кел жазайық» атты кітабы оқушыларға жазылым дағдысын дамыту жолында пайдалы құрал болды. Үйретуде оқушылар қандай жазу жұмысын жазса да, жазу үдерісінің бір екенін білдіру маңызды болып табылады. Онда жазудың бес сатысын ұсынады және сол кеңесті біз шет елдік әріптес мұғаліммен бірге сабақта қолдандық. Олар:
1. Идеяларды жинау
2. Идеяларды таңдау және жұмыстың алғашқы нұсқасын жазу
3. Қайта жазу
4. Қарап шығу (тексеру)
5. Басып шығару
Ал жазуды үйретуде мынадай сатылар қолданылды.
• Сөйлемнің құрылымын үйрену
• Абзац жазу (абзацтағы тақырыптық, дамытушы және қорытындылау сөйлемдерін қамту)
• Абзацтарды байланыстырушы сөздермен байланыстыру
• Жұмысты қарап шығу
• Өңдеу
• Бірін-бірі тексеру
• Өзін-өзі тексеру
• Соңғы нұсқасын жазу
Тәжірибеден мысал
Сөйлемдерді абзацта бірізді етіп байланыстыруы үшін «Гамбургер» әдісі қолданылды. Яғни абзацтағы алғашқы сөйлем — тақырыптық сөйлем (Topic sentence), кейінгі сөйлемдер сол сөйлемдегі идеяны баяндайтын және түсіндіретін сөйлемдер, онда ғылыми фактілер және т. б. ақпараттар болады. Ал соңғы сөйлем — сол идеяны қорытындылаушы сөйлем. Абзацтың көлемі айтылған ойға және идеяға байланысты. Осы сөйлемедер бір-бірімен бірізді байланыстқанда ғана жақсы абзац шығады. Осы дағды әр сабақта қолданылып отырды.
Сурет-1. «Гамбургер» әдісінде қолданылған жұмыс парағы
Оқушылар абзац жазуды үйрене бастаған соң, толық мәтін жазуға көшті. Оқу бағдарламасы бойынша олар ендігі кезекте туристерге арналған мәтін (to write a guide) жазуы керек болатын. Олар алдымен жазудың алғашқы сатысы — миға шабуылдан бастап (brainstorming), жоспарлау (outlining) жасады.
Оқу бағдарламасы бойынша оқушылар сабақта ақпараттық бюллетень (newsletter) жазуды үйренуі керек еді. Сабақта мынадай әдіс қолданылды:
1. Оқушылар 3-топқа бөлінді
2. Әр топ өздері жасаған тұжырымдамалық картадан бір экологиялық проблеманың салдарын табу үшін және ұсынылатын шешу жолдарын талдау үшін таңдайды
3. Әр топ ақпараттық бюллетеньнің үлгісіне өз экологиягиялық проблемалары туралы ақпаратты жазады
4. Топтар өз жұмыстарымен алмасып кері байланыс береді (жұмыстың сәтті шыққан екі тұсын және жақсарту керек бір тұсын көрсетеді)
5. Оқушылар өздерінің жұмыстарын қажет болған жағдайда қайта қарастырады
6. Оқушылар өздерінің ақпараттық бюллетеньдерінің соңғы нұсқасын ноутбукта жасайды
Онда оқушылар:
1. Өздері білетін бір қаланы не ауылды таңдап, ондағы көрікті жерлері туралы ақпарат түртіп жазуы керек;
2. Жазған ақпараттарын 3-4 абзацқа жазатындай етіп ұйымдастыруы керек;
3. Туристерге сол жерге келуі үшін 3-4 себеп жазып, оны жазылым жұмысынң кіріспесіне енгізуі керек.
4. Жоғарыда жоспарланғандай жалпы 3 абзацтан тұратын мәтін жазуы керек
Сурет-2. Туристерге арналған мәтінді жоспарлауға жасалған органайзер
Сонымен қатар, оқушыларға мынадай жазу критерийлері ұсынылды:
1. Жазу жұмысына тақырып қою
2. Сәйкес стиль және жүйе қолдану
3. Тақырыптық лексика қолдану
4. Сөздерді орфографиялық түрде дұрыс жазу
5. Дұрыс грамматикалық құрылымды қолдану
6. Ойдың бірізділігін білдіру үшін байланыстырушы сөздерді ретімен қолдану
7. Шамамен 140-150 сөз жазу
Егер оқушылар байланыстырушы сөздерді білмеген болса, қарастырған жөн:
Сондықтан/Сол себепті (Therefore/Thus)
Мәселен/Мысалы (For example/For instance)
Сонымен қатар (Moreover/Furthermore)
Қорытындыйлай келе (In conclusion/To sum up)
Оқушылар жұмыстарын өздерінің сыншы достарынан алған кері байланыстың нәтижесінде қарастырады. Оқушылар өз жұмыстарын қарастыру үшін жеткілікті уақыт беріледі. Ендігі кезекте оқушылар жұмыстың соңғы нұсқасын ешқандай мәліметке немесе алдыңғы қолданған парақтарына қарамай қайта жазады. Бұл әдіс оқушылардың алдында жасаған қателері туралы терең ойланып қайталамауға мүмкіндік береді.
Өзін-өзі бағалау
Оқушылар өз жұмыстарын қарап шығып жоспарлау бөлімі кезінде жазған қажетті ақпараттарды қолданғанын тексереді. Осында мұғалім алдында көрсетілген жетістік критерийлеріне қайта сүйенуге кеңес берсе болады.
Бірін-бірі бағалау
Бұл кезде оқушылар бір-біріне сыншы дос ретінде қарайды. Сыншы достар бір-бірін қолдайды, кері байланыс береді және қажет ұсыныстар айтады. Мұндағы мұғалімнің рөлі жұптарды тағайындағанда олардың деңгейін ескерген жөн немесе оқушылардың өз еріктерімен жұптарын таңдатуға болады.
Жазу жұмысын бағалау
Оқушылар оқу мақсаттарына жету жолдарын және жазу сатыларының негізгі ережелерін түсінгенде біз жазу жұмыстарының қалай бағаланатынын талдадық. Жазылымды үйрететін мұғалімдердің барлығы дерлік жұмысты дұрыс бағалаудан қиналатындығы белгілі болды. Едуард Уайт (1986) жазу жұмысын бағалауда ең басты ескеретін нәрсе негізінен мұғалімдер оқушылардың жазу жұмыстарын дұрыс бағалау туралы аз біледі, тіпті білмейтіндері де бар, себебі жеткілікті түрде үйренбегендігін айтады. Джеймс Уиллиамстің айтуы бойынша барлық жазуды бағалау алдын-ала белгіленген стандартқа негізделеді. Кей жағдайларда ол стандарт бөлім немесе аймақ деңгейіндегі нұсқауға сүйенеді, кейбір жағдайда мұғалімнің өзінің білім беру тәжірибесінде қалыптасқан жеке қабылдауына байланысты жүзеге асады [3].
Зерттей келе, мұғалімдер алдымен бағалауды үйренуі қажет себебі кейде ағылшын тілінде жазу жұмысына баға беру қиынға соғады, мысалы тілді жеткілікті қолдану мен шамалы жеткілікті, жеткіліксіз немесе қарапайым, арнайы дескрипторлардың болғанына қарамастан бағалау субъективті болуы мүмкін. Бұл тақырып одан да терең зерттеуді қажет етеді.
Зерттеу нәтижесі
Жазылымның тиімділігін көру үшін төрт 8-сынып алынды. Барлық сыныптарды сөйлемнің құрылымын үйренгенде жеке, жұппен және топпен жұмыс істеді.
1-топ
Нәтижесінде «үлгерімі жоғары» оқушылар грамматикалық қателерін таба алды және бір-біріне үйрете алды, бұл жазуға оң әсерін тигізді. Дегенмен, «әлі де талпынатын» оқушылар бір-бірінің жұмысын тексергенде қиындыққа ұшырады. Зерттеу нәтижесі орташа есеппен 9-10 грамматикалық қате кетірген болса, олардың саны 4-5-ке азайды. Мұнда кейбір оқушылар бір-бірінің жұмысын тексергенде қиналды, сол себепті мұғалім көмек көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырды.
2-топ үйренушілерінің жазу үдерісі:
Бұл кезде мұғалім жұмыстарын жинап алғанда грамматикалық және басқа да қателер тікелей жөнделген жоқ, тек комментарийлер көрсетілді. Мысалы, «to be» етістігін қою қажет, «басқа етістікті қой», «сөйлем құрылымын ауыстыр», «етістік шағын ауыстыр» т. б. Сонымен қатар оқушыларды жиі қайталанатын қателер талқыланып, сыныпқа жалпы кері байланыс берілді. Оқушылар ойланып, қарастырып жұмыстарын қайта жазуы қажет еді, бұл жұмысты соған қарап қайта көшіре салғаннан гөрі оқушыларды терең ойлануына және талдау жасауына ықпал етті. Бақылаудың соңында олардың жиі жіберетін қателерінің саны 1-2-ге азайды.
Бағалаудың екі әдісінің де тиімді және тиімсіз тұстары болды, бірақ нәтижесінде жазу жұмыстарының едәуір жақсарғанын анық байқауға болады. Мысалы, бірінші топта бағалау үдерісі жүргенде оқушылар біліміне сенімсіз болған жағдайда бір-бірімен келіспей жатты және сабақта көбірек уақыт кетті. Дегенмен, бұл оқушылардың бір-біріне түсіндіріп, зерттеушілік әңгіме жүргізуіне және үлгерімі жақсы оқушылардың түсінбей жатқан оқушыларға бағалауды түсіндіріп, қолдап жатқаны көрінді. Ал екінші жағдайда, тексеруді тікелей мұғалім жүргізеді, бірақ онда қателері жөнделмейді, тек кері байланыс арқылы ұсыныстар жазылады және оқушылар соны ескеріп, жұмыстарын қайта жазу керек болды.
Таблица-1
Зерттеу үдерісі
Проблеманы анықтау |
Оқушылар жазуда қиындыққа ұшырады және көптеген грамматикалық қателер жіберді |
Тақырып таңдау |
“8-сынып оқушылары сөйлем және абзац құрылымын үйрену арқылы сөйлемдерді бір-бірімен байланыстыра отырып, абзац жаза алу үшін жазылым дағдысын жақсарту” |
Мәлімет жинау |
Әдебиеттерге жүгіну, шет елдік әріптестермен кеңес, жергілікті әріптестермен талқылау жүргізу, топ ішінде жасалған жазулар, оқушылардың суммативті бағалау нәтижелері |
Ақпаратқа талдау жасау |
8-сынып мұғалімдерімен коллаборация |
Әдістерді сынау |
Сабақ жоспарларына өзгеріс енгізу, күнделікті формативті бағалау парағын қолдану, бірін-бірін түзетуге арналған жұмыстар, өзін-өзі бағалау үрдістері, оқытудың белсенді әдістері, сөйлем құрылымын үйрету, гамбургер құрылымы арқылы абзац жазу |
Сабақты бақылау |
Пәндік топ мүшелері мен өзге де мұғалімдермен сабақты бақылайды және апта сайынғы жиналыстарда коллаборативті түрде кері байланыс беру |
Талқылау және сабаққа рефлексия жасау |
Апта сайын сабақты бақылаған мұғалімдер бірге талқылайды және кері байлаынс береді |
Қорытынды
Мақалада оқушылардың жазудағы негізгі проблемалары мен грамматикалық инструкцияның жазуды жақсартуға деген әсері анықталды және соның аясында қолданылған түрлі әдістері көрсетілді. Зерттеу нәтижесінде оқушылардың жазылым дағдысын қолдануы едәуір дамыды, соның ішінде ағылшын тілінде сөйлем құраудағы сөздердің орналасу тәртібін, сол арқылы дұрыс сөйлем құрау, сөйлемдерді мағынасына қарай бір-бірімен байланыстыру, бір идеяны бір абзацта көрсету және сол абзацтарды мәтінге біріктіру секілді дағдыларды қолданды. Соның нәтижесінде оқушылардың формативті және суммативті бағалауында алдыңғы нәтижелерге қарағанда анағұрлым өсу байқалды. Сонымен қатар оқушылардың бойында ағылшын тілін қолдануда сенімділік қалыптасты. Бұл зерттеудің пайдасы тек оқушыларға ғана тиген жоқ, пәндік топтағы мұғалімдердің мәселені бірігіп коллабортивті түрде шешуге бағытталған үлкен талпыныс болды.
Ал бұл дағдылар тек ағылшын тілінен ғана емес, өмірге қажетті дағды болып есептеледі, себебі мақаланың басында жазылып кеткендей, мемелекетімізді бәсекеге қабілетті елдер қатарына енгізу үшін болашақ азаматтарымыз үш тілді де еркін меңгерген және сол тілдерді қарым-қатынасқа түсу үшін қолдана алуы керек.
Әдебиеттер тізімі:
1) «Assessing writing» by Sara Cushing Weigle, The Cambridge Language Assessment Series, 2002
2) «Let’s write» by John Foster, published in 2014, New York.
3) «Preparing to teach writing» research, theory, and practice by James D. Williams, 4th edition, 2014, published in New York.
4) «The student’s guide to writing» spelling, punctuation and grammar, John Peck & Martin Coyle, 3rd edition, 2012, published by Palgrave Macmillan.
- 21700 просмотров