«Әлемнің жарығын, сыйладың сен маған»
Зейнелова Лаззат Жубаткановна, Ақтөбе қаласы № 3 Балалар музыка мектебі домбыра класының оқытушысы |
Композитор Ш.Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған сазды кештің мақсаты: оқушылардың сазгер шығармалары мен өмірі туралы алған білімдеріне шолу жасай отырып,әуендерімен сырласу, рухына тағзым ету.
Шәмші әуендерінің мазмұнын түсіне отырып, әсемдікке, сұлулыққа, Отанды сүюге тәрбиелеу.
Оқушылардың өнерге деген қызығушылығын арттыру.
Көрнекілігі: сазгер суреттерінен слайд-шоу.
Жүргізуші: Армысыздар, қадірменді бауырлар, ұстаздар, ән сүйер ағайын! Бүгінгі «Әлемнің жарығын, сыйладың сен маған» атты бір туар сазгер, вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың рухына тағзым етуге арналғанкешке қош келдіңіздер!
Үнтаспа («Ән аға» әнінің әуені)
Жарқырап көрінер,
Жап-жазық ақ маңдай,
Сахна төрінде
Ай мен күн жаққандай
Жүректе лаулаған
Не дейін сезімге
Бір мені баураған
Әнің бе, өзің бе?!
Жүргізуші: Арыс өзенінің Сырдарияға құяр жеріндегі қойнауында «Сарыкөл» деген шағын көл бар.Осы көлдің жағасында қазақтың қобызы мен домбырасын құйқылжыта тартып, гармонын қолынан тастамайтын сері Қалдаяқтың қамыс күркесінде 1930 жылы бір бала дүниеге келеді.
Сахналық қойылым:
Құдайберген: Сүйінші! Сүйінші!
— Оу, Қалдаяқ, ұлды болдың!
— Бәрекелді!
Қалдаяқ: Айпырмай ә, рас па! (Үйге асыға кірген оған баланы шүберекке орап ұстата салды, нәресте шыр етеді)
Қалдаяқ: Айпырмай ә! Мен сені қиссадағы Жәмшиид патшаның атымен атағалы жүр едім.Бірақ мына даусың патшаныкі емес, әншінікіне көбірек ұқсайды екен.
Құдайберген: Оу, Қалдаяқ балаң адамдардың емес, әннің патшасы болса тақияңа тар келмес.
Қалдаяқ: Айтқаның келсін, болсын, болсын!
Жүргізуші: Бұл баладан басқа байлығы жоқ, өзі кедей,бірақ өнерпаз әкенің алғашқы қуанышы еді. Баласының Жәмшиид деген атпен аталып, аттай 30 жыл өткен соң Шәмші Қалдаяқов болып өсіп, жетіліп, вальс королі атанатынын ол тұрғанда білген жоқ. Ия, оған табиғат ана әннен қанат бітірді. Әні шарықтап, бүкіл қазақ даласына самғады. Ол әнді өміріне серік етті, әні халқына өмір бойы рухани азық болды.
Жүргізуші: Шәмші әндерінің ғұмыры ұзақ болып, жас ұрпақтарға жетті. Оның сазгерлік шығармашылығы халықтың ән өнерінің жарқын белесі. Сырлы да сыршыл әндер талай ұрпақтың жан жүрегін тербеп, рухани дүниесін байытты,сұлулыққа, ізгілікке іңкәр етті. Қазақ халқының 300 жылға созылған бостандықтан босауына септігін тигізді.
Жүргізуші: Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнін 1986 жылдың желтоқсанында бостандықты аңсаған қазақ жастары Алматыдағы Республика алаңында әнұран етіп орындаған болатын. Ал қазір тап осы ән-қазақтың мақтанышы, ар-намысы, Мемлекеттік әнұраны.
Хор. «Менің Қазақстаным»
Жүргізуші: Шәмші туралы айтқанда оның өмірі әнмен өрілгендесек артық болмас. Әр әні оның өмірінің бөлшегі іспеттес. Бір күні Шәмшіге қараторы жігіт келіп: Мен-Қалқожа Жолдықожаевпын, — дейді. «Е, оны неге айтып тұрсың?», — дейді Шәмші. «Екеуіміз де Арыс бойында туыппыз. Бір өзеннің суын ішіппіз. Артымда Арыс тұрғанда ештеңеден сескенбеймін. Әндеріңізде неге Арыс жоқ. Ерке өзеннің аруларын неге ән етпейсіз? Мен соны айтуға келдім», — дейді де кетіп қалады. Жерлесінің орынды ескертуінен кейін сазгердің «Арыс жағасында» әні дүниеге келеді
Ән «Арыс жағасында»
Жүргізуші: Шәмші 14-15 жасында-ақ әннің ырғағын сақтамай, сөз саптауын дұрыс таппай айту небір сұлу әннің шырқын бұзып, сәнін кетіретіндігін сыныптастарына үйрететін еді.
Ән «Ақ бантик»
Жүргізуші: Шәмшінің мол арманының бірі Көкшетауға барып, Ақансерінің басына барып табыну еді.
Сахналық қойылым:
Шәмші: Ассалаумағалейкум асыл аға, ақын аға!
Аруақ (Үнсіздікпен жауап береді)
Шәмші: Аға, алыстан келдім...Сенің басыңа келіп, басымды иіп, тізе бүккелі келдім.
Аруақ (Үнсіздікпен жауап береді)
Шәмші: Алыста жүрсемде сені еш есімненшығармадым.Бас иген балаңның ақ жүректен шыққан сәлемін қабыл ал, аға!
Аруақ (Үнсіздікпен жауап береді)
Шәмші мола басына етпеттеп жата қалды да, бейітті құшақтаған күйі еңіреп жылап қоя береді. Осы кезде, о ғажап, әлдекімнің:
— Уа, Шәмші, бұл сенбісің?
Шәмші: Ақын аға, ия мен, Шәмшімін.
Аруақ: Уа, Шәмші көтер басыңды,тұр орныңнан. Тірі адам өлгеннің жоғын емес, тіршіліктің қамын ойлағаны абзал.
Шәмші: Ақан аға...!
Аруақ: Ия, бұл мен. Сен шын жыладың. Мен сосын келдім. Ел жұртыңаайтар әніңді әлі айтып болған жоқсың. Әнің асқақтап тұрғанда мұндай осалдықты ұмыт сен. Батам сол,күресе біл. Жығылсаң жер көтерер, тек әнің құлдырамасын, Әумин!
Жүргізуші: Бұл 1977 жылдың көктемі болатын. Еліне Шәмші «Бақыт құшағында» әнімен оралады. Ән «Бақыт құшағында»
Жүргізуші: Шәмші Қапыланбек техникумын тәмамдап, ән серігі жетелеп Алматының әйгілі өнер ордасы консерваториясына келіп түсті. Түскенмен түбегейлі оқи алмады, әруақ па,жын ба, пері ме,әлде керемет күй оны желпілдеп көтеріп әкетті. Шәмшінің нағашы жұрты Қаратаудың теріскей бетін жайлаған тамалар болатын. Әкесі Қалдаяқ Теріскейде туып өскен өнерпаз жан. Анасы Сақыпжамалдың үні қоңыраудай, ән салса ажары ашылып, түлеген тоты құстай түрленіп ғажайыптанып кететін кісі болды.Теріскейдің тамылжыған табиғаты Шәмшінің де жүрегін дір еткізді.
Ән «Теріскей»
Жүргізуші: Шәуілдірдің құмақ даласында өскен Шәмші ешқашан теңіз көрген емес. Теңіздегі дауыл,оның таудай биік толқындарын ол тек елестетін.Бір барып өз көзімен көруді армандап жүрген ол Каспийге жолы түсіп,ақын Төлеген Айбергенов екеуінің барғаны бар. Ол сол кезде Төлегенге — Сен қалжыңды қойып,теңізге әбден қарап ал, айтатын ойым бар еді, — деді.
— Ол не ой? — деді Төлеген.
— Теңіздің мың толқыны маған ән ырғағын сыбырлағандай болып тұр. Кешке сәтін салса ән жазамын. Ал сен өлеңге міндетті түрде Каспийді кіргіз.
— Е,жарайды, — деп лып ете қалды Төлеген. Шәмшінің «Ақ ерке — Ақ жайық» әні сол түні туған еді.
Ән «Ақ ерке-Ақ Жайық»
Жүргізуші: Шәуілдірдің шетіне жиналып,ән салатын кештердің бірінде әндетіп,билеп жүрген жастардың қасына таудай үлкен біреу келді. Фардың жарығымен билеп жүрген жастар қашуға да мұршалары болмай қалшиып тұрып қалады,әлгі дәу: — Кеш жарық! — деп гүр еткенде үрейлері ұшқан жастар дүр етіп тым-тырақай қаша жөнеледі.
— Уа,тоқтаңдар! Қорықпаңдар, бұл Қажымұқан әкеміз ғой, — деген дауыс тоқтатады. — Өлең айтыңдар! — дегенде,бұл тұрғандардың бәрінің де үні шықпақ түгілі дымдары өшіп қалған еді. Соны байқаған Шәмші-Балуан ата,рұқсат етсеңіз,мен бір ән салып берейін, — дейді.
Әнді жасқана бастаған Шәмші біртіндеп екпіні үдеп, ең соңында мүлдем қанаттанып кетті. Палуан аға Шәмшіге риза болды.Сол ән «Шынарым» әні еді. Ән «Шынарым»
Жүргізуші: Шәмшінің композиторлық атағы жер шарлап кеткенде, оның анасы айықпастай дертке ұшырайды. Алматыдан Шәмшіні шақыртады. Анасы: Балам, бұл өмірден жас кеттім демеймін,арманда кеттім деймін. Тағдыр маған келіннің қызығын көруді, немере сүюді бұйыртпапты. Тілегім сен аман бол. Әнің айтылмай жатып үзілмесін. Бақытты бол, балам!
Шәмші: Апа, қарыздармын. Сенің басыңа мавзолей орнату менің қолымнан келмес. Бірақ саған әсем әннің ең сұлуын, ешқашан ұмыт болмайтын ескерткіш қалдырамын.
Жүргізуші: Бұл 1957 жылдың 4 қыркүйегі болатын. Шәмші уәдесін 1961 жылы орындады. Бұл ән—ана алдындағы борышын сезінген перзентінің үні еді. Бұл ән—аналар туралы гимн еді.
Ән «Ана туралы жыр»
Тәңірің бе екен
Шәмілің бе екен
Шақырған сені ғайыпқа
Әулие десем,
Әнбие десем
Өзіңді аға айып па?
Өзегі толған
Өзіңнен қалған
Жалғайын әнді, әнге мен!
Қолдай жүргейсің
Қорғай жүргейсің
Әулием-ау,әулием!
Жүргізуші: Ана сезімі тереңде мол. Ананың қасиеті балаға күннің шуағымен, ана сүтімен дариды. Ана алдында барлық адамдар қарыздар. Батырды да,ақынды да, сазгер Шәмшіні де дүниеге әкелген сол-Ана.Сондықтан бәріміз де аналарға тағзым етеміз.
Хор. «Ән аға»
- 10187 просмотров