Сабақтың тақырыбы: Ауыл шаруашылығы 70-80 жылдарда
Шингалиева Света Камызагалиевна, Атырау қаласы Еркінқала селосы «Еркінқала» орта мектебінде бірінші санатты тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасаймын. Педагогикалық өтілім 32 жыл |
Қазақстан тарихы. 9 сынып.
Сабақтың мақсаты: Қазақстандағы 70-80 ж. ауыл шаруашылығының даму жағдайын, оны басқару мен ұйымдастыруда орын алған бағыттарды, жетістіктер мен кемшіліктерді, олардың себептерін түсіну.
Сабақтың міндеттері:
1. Білімдік: ауыл шаруашылығында реформалардың соңына дейін жүргізілмеу себептерін талдау.
2. Дамытушылық: мал шаруашылығының дамуында Шұбартаулық комсомол жастардың бастамасының атқарған ролін өлкетану материалдарын пайдалана отырып талдау.
3. Тәрбиелік: оқушыларды өз Отанын сүюге, еңбекті қадірлей білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі:
1. Интерактивті тақта, слайдтар.
2. Қ. Р экономикалық картасы.
Сабақтың әдісі: баяндау, талдау, пікір алысу.
Пән аралық байланыс: география.
Сабақтың түрі: жаңа білімді игеру сабағы.
Сабақтың жүрісі:
1. Ұйымдастыру
2. Қызығушылығын ояту.
3. Мағынаны тану.
4. Ой — толғаныс.
5. Үйге тапсырма.
ІІ. Қызығушылығын ояту:
1. 1964 ж. Қазан пленумында қабылданған экономикалық реформалар өнеркәсіпті дамытуда қандай өзгерістер әкелді?.
2. Қазақстан өнеркәсіптің негізгі салалары бойынша қандай жетістіктерге жетті? Картамен жұмыс.
3. Экономикалық реформалардың оңды нәтиже бере алмау себептері не?
4. Экологиялық дағдарыстың шиеленісуіне не себеп болды? (слайдтар көрсету)
ІІІ. Мағынаны талдау
1. Ауыл шаруашылығының дамуындағы ерекшеліктер және оны басқарудағы кемшіліктер.
2. Мал шаруашылығының дамуы. Қазақ жастарын мал шаруашылығында тұрақтандыру саясаты.
Сабақтың барысы:
а) Оқушылар география пәнінен білесіңдер ауыл шаруашылығына не жатады?
ә) Ауыл шаруашылығын дамытудың экстенсивті және интенсивті даму жолы деген не?
б) Ауыл шаруашылығының өнеркәсіптен қандай айырмашылығы бар?
1. а) Оқушылардың жауабын тірек — сызбаны пайдалана отырып қорытындылап, толықтырамыз.(Кесте: Ауыл шаруашылығының өнеркәсіптен айырмашылығы). Ауыл шаруашылығы — материалдық өндірістің ең маңызды түрлерінің бірі. Ауыл шаруашылығы халықты азық — түлікпен және өнеркәсіпті шикізаттың кейбір түрлерімен қамтамасыз етумен айналысады. Ауыл шаруашылығы екі үлкен саладан, яғни өсімдік шаруашылығынан және мал шаруашылығынан тұрады. Сонымен қатар оның құрамына балық аулау, аңшылық және омарта шаруашылығы да кіреді.
Ауыл шаруашылығы — шаруашылық салаларының ішіндегі ең ежелгі және табиғат жағдайларына тікелей тәуелді саласы. Шындығында, дүниежүзінде халқы ауыл шаруашылығының түрлі салаларымен айналыспайтын бірде — бір ел жоқ. Қазіргі мәлімет бойынша дүниежүзінде бұл салада шамамен 1, 3 млрд — тан астам адам еңбек етеді, Жеке елдер бойынша ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндер саны үлкен айырма жасайды. Мысалы, Батыс Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш — 8%, АҚШ — та — 3%, Канадада — 4%, Ресейде — 14%, Қазақстанда 40% — ға жуық болса, ал дамушы елдерде ол өте жоғары.
ә) 70-80 жылдардағы ауыл шаруашылығының дамуындағы ерекшеліктер және оны басқарудағы кемшіліктер туралы мәтінмен жұмыс істеуге тапсырма беріледі.
Кестені толтыру:
Жетістіктер:
1. Ауыл шаруашылығының өнімдерін сатып алу бағасы екі есе артты.
2. Жоспардан тыс өнім өндіргені үшін үстеме ақы төленді.
3. Ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржы көбейді.
4. Ауыл шаруашылық техникасы молайды.
5. 1960 жылдардың соңынан бастап ауыл шаруашылығын интенсивтендіру шаралары жүргізілді.
6. Республиканың 50 — ден астам кәсіпорны ауыл шаруашылығы техникасы мен қосалқы бөлшектер шығара бастады.
7. 1970 жылы Қазақстан Одақта бидайдың 23, 9 %, күріштің 24, 6 % өндірді. 8. Астық өндіруден 2 — ші, ет пен жұмыртқа өндіруден 3 — ші, сүт өндіруден 4 — ші, қаракөл дайындаудан 2 — ші орында болды.
Кемшіліктер:
1. 1971-1975 жылдары ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 13% құлдырады.
2. Көптеген дамыған елдерге қарағанда республикада ауыл шаруашылығында еңбек ететін адамдар саны өсті.
3. Жыртылған жер көлемінің артуына байланысты мал жайылымы тарылды.
4. 1965-1985 жылдары 4, 2 млн ірі қара, 5, 1 млн шошқа шығынға ұшырады.
5. Жол қатынас нашар болды.
6. Өңдеу кәсіпорындары аз. 7. Жоспарды қол жеткен табыстарға қарай құру.
8. Ауыл шаруашылығының экстенсивті дамуы.
б) Ұжымшарларды кеңшарларға айналдыру туралы өлкетану материалдарын пайдалану арқылы түсіндіру. Өзіміздің туған ауылымызда В. И. Ленин атындағы ұжымшардың құрылуы туралы (Красный моряк, Еркінқала, Ракуша ұжымшарларын біріктіру туралы) Әлібеков Қуаныштың хабарламасын тыңдау.
2. Мал шаруашылығының дамуы.
Республикадағы мал шаруашылығының даму жағдайымен таныстыру. Шұбартаулық жастардың бастамасы.
70-80 жылдары қазақ жастары мен жастар ұйымдарын шопандар бригадасын құруға мәжбүрледі. Малшы еңбегі оңай жұмыс емес. Тәулік бойы демалмайтын кездері болады. Өз білімін көтеруге, мәдени орындарға баруға уақыты да болмайды. 1960 жылдары өкімет басына келген КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Л. И Брежнев қой шаруашылығының дамуына қанағаттанбайтынын білдірді. Сөйтіп тың игеруді қалай қолға алдық, бұл істі де солай қолға алу керек деп қоғам алдына үлкен міндет қойды. Егер өз кезінде тың және тыңайған жерлерді игеруге Одақтың барлық түкпірінен жастар тартылған болса, қой шаруашылығын өркендету тек қазақ ұлтының жастарына тапсырылды. Партия мен үкімет мектеп бітіруші жастарды ауыл шаруашылығы жұмыстарына комсомол — жастар бригадасын құру арқылы тартпақ болды. «Қой шаруа — шылығы — жастар ісі» деген ұран тасталды. Ол жастар арасында лезде таралып, қой өсіруші комсомол — жастар бригадаларын құру науқаны басталды. Мәскеудің шешімін Қазақстан Жастар Одағының Орталық Комитеті қолдады. Алғашқы болып республикада қой шаруашылығына көмекке келуге Шығыс Қазақстан облысының Шұбартау ауданының мектеп бітірушілері бастама көтерді. Шұбартаулықтардың бастамасы барлық жастар ұйымдарына жеткізіліп «Қой шаруашылығы — комсомолдың екпінді еңбегі» деп жарияланып, ауыл жастарының ұранына айналды. Алматы, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының мектеп бітіруші түлектері сыныбымен бірден мал фермаларына аттанды. Мал шаруашылығындағы жастардың жарқын өмірі баспасөзде үсті — үстіне жазылып жатты. Патриоттық бастама ретінде көтерілген бұл бағыт жылдан — жылға шопандардың комсомол — жастар бригадаларының санын көбейтті. Сондай комсомол — жастар бригадалары Атырау облысында да құрылды.
(Слайдтар көрсету)
Біз бүгінгі сабағымызға 1976 жылы Атырау облысы Махамбет ауданы Бақсай совхозы Таңдай ауылында құрылған «Балауса» қой өсіруші комсомол — жастар бригадасының мүшесі Тәниева Қалығыз және 1979 жылы Атырау облысы, Балықшы ауданы Еркінқала ауылында (В. И. Ленин атындағы колхоз) құрылған «Жас талап» комсомол — жастар бригадасының жетекшісі Өтепова Болған апайларыңды шақырып отырмыз.
Сөз кезегін қонақтарға береміз.
Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оған қонақтар жауап қайтарды.
ІҮ. Ой толғаныс:
1. Шұбартаулық жастардың бастамасын ерлік деп есептейсің бе?
2. Қазіргі жастардың осындай патриоттық бастамаларды қолдауы мүмкін бе?
3. Дипломмен ауылға бағдарламасы туралы не білесің?
Қорытынды: 1970 жылдары ауыл шаруашылығының салалық өндірісін, материалдық — техникалық базасын нығайту, даму қарқынын арттыру, мамандандыру мен шоғырландыру жұмыстары жүргізілді. Соған қарамастан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру қарқыны төмендеп, мал басы азайып кетті.
Ү. Үйге тапсырма:
1. § 28
2. Атырау облысында құрылған қой өсіруші комсомол жастар бригадасы туралы қосымша деректер іздеу.
- 11170 просмотров