Тәуелсіз Қазақстан — жарқын болашақтың кепілі
ОӘл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Шет тілдер кафедрасының оқытушылары Уалиханұлы Абылайхан, Чалимбаева Анель Далелхановна |
Тәуелсіздік — ұлы ұғым. Бұл дегенің — жақсы өмір сүруге алған құқығың. Жұмыр жерде өлшеулі өмірді бейбіт елде өткізу бір бақыт емес пе? Тәуелсіздік — таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз.
Тәуелсіздік — бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Бұл қуана отырып мұңаятын, мұңая отырып қуанатын ұлы мейрам.
Түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бағзы заманнан бері қаншама өзінің іргелі ел, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны — еркіндік сүйгіштік жігерінің, асқақ рухының арқасы. Қазақ мемлекеттілігінің түпкі негізі сонау сақтардан басталып, ғұн, қаңлы, қыпшақ, Ақ орда мен Қазақ хандығының жалғасы — бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекеті.
1991 жылы қазақ елі ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізді.1990 жылы 25 қазанда Тәуелсіздік жөніндегі декларация қабылданды, ал 1991жылғы 16 желтоқсанында Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады.Қазақ та қайтадан ел құрап, өз алдына мемлекет жариялағалы 30 жыл болып отыр. Бұрын да жоқ емес едік, бар едік, бірақ заман тар еді. Ұранымыз, мақсат-мұратымыз мүлде өзге сипатта еді.
Міне 30 жылда, шекарамызды нақты білеміз, өз әскеріміз, астанамыз, жеріміз, еліміз бар жұртқа айналдық. Азаттықтың арқасында Мәңгілік ел болу деген ұлы мұратымызды да айқындап алдық.
Әр ұлт үшін тәуелсіз ел болу — ұлы арман. Дүниежүзінде алты мыңға жуық ұлттар мен ұлыстар бар екен. Солардың ішінде екі жүздей ұлт қана тәуелсіз мемлекет болып отыр. Сондықтан тәуелсіздік әрбір азаматқа қымбат болуы тиіс. Еліміз жерінін аумағы жағынан шамамен жетпісінші орындарда. Бұл халқымыздың дүниедегі үлкен ұлттардың бірі екендігін көрсетеді.
«Біз Тәуелсіздікті ақылмен, ата-баба жолымен алдық деп ойлаймын» — деп елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, Жас мемлекетіміз осындай аз ғана уақыттың ішінде көптеген экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Экономикалық байланысымыз даму үстінде. Қазақ жерінің байлығы, мол табиғи қорлары еліміздің әлеуметтік дамуының негізі болуда. Осының бәрі — тұғырлы тәуелсіздік тұсында қол жеткізген жеңістер мен табыстар деп білеміз. Қазіргі таңда жас мемлекетіміз көптеген елдерден әлдеқайда алда тұр. Ол ауызбіршілікте, ынтымақта, туыстық қарым-қатынаста, жақсы ниетпен, өмір сүрудің айғағы.Қазірде елімізге тыныштық заман орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келді деп мақтанышпен айта аламыз. Артқа тастаған отыз жылдың ішінде не атқардық деген сауал туса, тізбектеп сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір мемлекетке жетерлік іс тындырылды және жүзеге асырылды. Экономикалық жағдайымыз жақсарып, әл-ауқатымыз артты. Қазақ мектептері мен балабақшалар саны артты. Білім мен денсаулық жағдайына аса мән берілді. Өзге елдермен қарым-қатынасымыз жақсарып, саяси және мәдени қатынастар да үдей түсті. Елімізідің барлық саласындағы қызметкерлерге, шет елдің түрлі саладағы мамандарымен тәжірибе алмасуға жағдай жасалды. Осының бәрі тәуелсіз елдің мақтанышы деуге болады.
Тәуелсіздіктің арқасында еліміз көптеген жетістікке жетті. Демографиялық көрсеткіштер де өсті. Назарларыңызға 30 жылдағы кей деректерді ұсынсам.
1991 жылдан бері халық саны 2 миллионға артты. Азаттықтың алғашқы жылдары Қазақстандағы қазақ халқының үлесі 40 пайызға жуық еді. Бүгінде бұл көрсеткіш 70 пайызға жетті.
Білім беру саласында да ілгерілеу бар. 30 жылда 1500 мектеп салынды. Мемлекеттік тілдің мәртебесі көтерілді. Соның нәтижесінде қазақ мектептері мен балабақшалары көптеп ашылды. Мысалы, 1991 жылы оқушылардың 37 пайызы ғана қазақ сыныптарында оқыса, бүгінде бұл тілде білім алушылардың үлесі — 76,6 пайыз. Егеменді ел атанған жылдары балалардың небары 26 пайызы балабақшадағы қазақ топтарында тәрбиеленген болса, қазір 67,2 пайызға жетті. Мұның бәрі — тәуелсіздіктің толағай табысы.
Тәуелсіздігіміз өз тұғырында тұрғанда біз дамимыз, өсеміз өркендейміз. Сондықтан тәуелсіздіктің қадірін білуіміз және оны жас ұрпаққа дұрыс жеткізе білуіміз қажет. Тәуелсіздіктің қалай келгенін еңкейген қарттар бесіктегі балада санасында сақтауы керек. Болашағымыз балаларымыз деп сенетін болсақ, сол балаларымызды патриот етіп тәрбиелеуіміз қажет.
Патриотизм дегеніміз барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы. Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де патриот деген құдіретті ұғымға сыйып тұр«,— деген болатын. Халқымыздың өткені мен болашағын жалғап тұрған, оның мәңгілік мұраты мен асыл арманы бейнеленген бұл мейрам — еліміздің басты мейрамы. Болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мұраттарға жетелейтін ұғым, оның мазмұнын, мәңгілік мұраттарға қол жеткізудің құндылықтарын насихаттау, жас ұрпақтың санасына сіңіру — қазақ қоғамы үшін аса көкейкесті мәселелердің бірі.
Себебі бұл тәуелсіздік ата-бабамыздың бізге берген аманаты. Аманат — біздің қолда. Осы жауапкершілікті сезініп, егемен елдің ұрпағы деген атқа лайық болу үшін тырысуымыз керек. Білім алып, еңбек етіп, ел дамуына үлес қосуымыз қажет. Бұл — біздің міндетіміз, бұл — бізге артылған жүк. Тәуелсіз Қазақстан-жарқын болашақ кепілі осыны ұмытпайық.
Болашақ дегенде ең алғаш ойға келетін ол әрине біздің жастарымыз. Жастардың болашағы ол тікелей мемлекетіміздің болашағы десек асыра айтқанымыз емес. Жастардың сауаттылығы, білім дәрежесі олардың өмір сүру сапасын айқындайды, демек біздің өркендеу бағытымыздағы ең бірінші қолға алатын дүниеміз ол білім сапасы. Осы орайда өзіміздің жұмыс істеп жүрген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті туралы жаза кетуді жөн көрдік. Университет 180 сала бойынша мамандар дайындайды. QS World University Rankings Results 2011 және Top Universities сайтының келтірген деректеріне қарағанда университет 2009 жылы 600 орынна төмен болған, ал 2010 жылы 501-550 аралығында болса, 2011 жылы 401-450 аралығына дейін көтерілген. 2020 жылы әлемнің ең үздік 200 жоғары оқу орындарының қатарына кем дегенде 2 қазақстандық ЖОО-ның кіруі міндетін абыроймен орындап шықты. Қазақстандық университет QS жаһандық рейтингісінде 165-орынға көтеріліп, феноменалды серпіліс жасады. ҚазҰУ халықаралық ғылым және білім кеңістігіндегі өзінің әлемдік көшбасшы университеттер қатарында екендігін дәлелдеді. Қазіргі кезде университет 37 мамандық бойынша кадрлар даярлайтын жоғары оқу орны және ғылыми-зерттеу орталығына айналды. Университетте екі мыңнан астам жоғары білікті оқытушы жұмыс істейді, соның ішінде 1000-нан астам ғылым докторы мен кандидаты, 100 академик пен елу философия докторы бар. Қазіргі таңда академиялық ұтқырлық мәселесі, сыртқы академиялық ұтқырлық, ішкі академиялық ұтқырлық жүйелі түрде жолға қойылған. Студенттеріміздің шетел университеттерінде тәжірибе алмасуы өз мамандықтарын жан-жақты зерттеуге мүмкіндік береді. Көңіл қуантатыны бұл бағдарламалар бойынша кез келген студент білім деңгейіне байланысты мүмкіндікті қолдана алады. Бұл дегеніміз Тәуелсіз мемлекеттің жетістігі. Жарқын болашағымыздың кепілі.
Мақаламды Қазақстан Республикасының президенті Касым-Жомарт Тоқаев мырзаның Тәуелсіздіктің 30 жыл мерей тойына орай отырыстағы сөзімен тиянақтауды жөн көрдік.
«Бүгінде біз іске асырып жатқан елімізді жүйелі түрде жаңғырту жұмысы адамдардың қоғамдағы, экономикадағы, мәдениеттегі мүмкіндіктерін ашуға бағытталған. Мемлекеттік жоспарлау мен басқару салаларындағы соңғы өзгерістер де осы мақсатты көздейді. Біз өңірлік деңгейдегі теңсіздіктер мен кедергілерді біртіндеп жоямыз. Өйткені бізге қуатты Тәуелсіз Қазақстанды құру үшін аймақтардың бәсекеге қабілетті болып, әр ауыл мен қаланың тұрақты дамығаны керек», — деп атап кеткен Мемлекет басшысы.
- 9325 просмотров