Ұйымдастырылған оқу іс — әрекетінің технологиялық картасы
Ельжанова Үміт Қайырғалиқызы, БҚО Бөрлі ауданы, Ақсай қаласы, № 3 МДБҰ тәрбиеші Білімі-жоғары, І квалификациялық санат, еңбек өтілі 20 жыл/ Мамандығы: Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу. |
Ересек тобы
Білім беру саласы: «Қатынас»
Ұйымдастырылған оқу іс — әрекетінің түрі: Сауат ашу және жазу негіздері
Тақырыбы: «Б» дыбысы мен әрпі
Мақсаты: «б» дыбысы мен әрпін қайталату, буындарды оқыту, сөздерді оқыту арқылы балалардың тілдерін дамыту, ұқыптылыққа тәрбиелеу.
Билингвальды компонент: Бақа бақылайды — лягушка квакает; бақа — лягушка — frog; бала — мальчик — boy.
Қолданылатын көрнекіліктер мен құралдар: Көркем суреттер, жұмыс дәптері, әріптер қимасы.
Мотивациялық — қозғаушылық:
Шаттық шеңбері.
— Сәлеметсіңдер ме, балалар! Қандай керемет таң! Бір-бірімізді көңілді әрі үлкен қуанышпен қарсы алу үшін мен сендерді шаттық шеңберіне шақырамын. Өйткені біздің шеңберімізге әрқашан да нағыз шынайы достар жиналады. Қол ұстасып, айтайық:
Ән салуға барамыз, (балалар шеңбер бойымен жүреді)
Досымызды табамыз. (жүріп келіп, тоқтайды)
Сәлемет пе! Міне, мен! (қолдарын екі жаққа сермейді)
Доспын енді сенімен. (бір-бірімен қол алысады)
Ұйымдастырушылық-ізденістік:
Бүгінгі ұоіә ерекше болмақ, бізге мектептен қонақтар келді. Алдымен еске түсірейік, біздер осы сауат ашу ұоіә мынадай сиқырлы сандықшаны не үшін пайдаланамыз?
— Ол сандықша неліктен екі түсті?
— Дауысты, дауыссыз дыбыстарды бөліп саламыз.
— Дыбыстар неше түрге бөлінеді?
— Дауысты және дауыссыз дыбыстар.
— Дауысты, дауыссыз дыбыстар қалай айтылады?
— Дауысты анық, дауыссыз кедергімен айтылады.
— Ендеше, сандықшамызды ашып танысқан дыбыстарды еске түсірейік.
(тәрбиеші дыбыстарды біреуден көрсетеді, балалар атап, қандай дыбыс екенін айтады)
Тарбаң-тарбаң тарбиған,
Түрі жаман жарбиған.
— Бақа.
Сандықшадан бақаның ойыншығын шығарып өткен дыбысты еске түсіру.
— Балалар, өткен ұоіә-де қандай дыбыспен таныстық?
— «Б» дыбысымен.
— Бақа қалай дыбыстайды екен?
— Бақ-бақ.
— Бақ-бақ еткен бақа қай дыбыстан басталады?
— «Б» дыбысынан басталады.
— «Б» дыбысы қандай дыбыс?
— Дауыссыз дыбыс.
— «Б» дыбысынан басталатын сөздер айтыңдаршы?
Балға, балта, бала, балапан, балық, борсық, бұқа, бұзау, бота, Ботагөз, Бауыржан, Балжан, Балым, Батыр.
— Осы сөздерді буынға бөлу.
Бақаның суреті бойынша бақа сөзіне дыбыстық талдау жасау. (тақтада бір бала орындайды)
Б-дауыссыз, А-дауысты, Қ-дауыссыз, А-дауысты. Төрт дыбыс, екі дауысты, екі дауыссыз дыбыс бар. (балалар жеке қызыл, көк түсті дөңгелектермен белгілеп орындайды)
Билингвальды компонент: Бақа бақылайды — лягушка квакает; бақа — лягушка — frog; бала — мальчик — boy. (балалар үштілде қайталайды)
Сергіту сәті:
Ал, балалар, тұрайық,
Бой жазайық бәріміз.
Мойнымызды бұрамыз,
Қолымызды созамыз.
Аяқтарын топ-топ басып,
Орнымызға барамыз. (қимылмен сөздерді айтып, орындайды)
Тілге арналған жаттығу:
Ға-ға-ға — ғарыш,
Аң-аң-аң — аңшы.
Ыс-ыс-ыс — ыдыс,
Ор-ор-ор — орман.
Ма-ма-ма — маса,
Ша-ша-ша — шана.
(барлығы бірге айтып, тілдерін жаттықтырады)
Дыбыстарды қосып оқу: БА, БО, БАҚА, БАРАБАН, БОН, БАЛА. (балалар жеке, барлығы бірге оқиды)
Саусаққа арналған жаттығу:
«Мысық»
Ойға батып мысық,
Отыр көзін қысып.
Бірақ өзі ояу,
Дейді: мияу-мияу-мияу.
Мысық сүтке тойып,
Мұртын сүртіп қойып.
Әндетіп бір баяу,
Дейді: мияу-мияу-мияу.
Дәптермен жұмыс: Дәптердегі № 20 тапсырма бойынша орындалады. Жеке жұмыс жүргізіледі.
Ойын: «Сөз ойла, тез ойла»
Тәрбиеші бұдыр допты бала ұсынып, таныс дыбысты айтады, допты алған бала сол дыбыстан басталатын сөз айтады. А, Н, М, Қ, О, Ғ, Р, Б дыбыстары. (балалар допты қолдарына айналдырып тұрып сөз айтады, доп кедір-бұдырлы қолдарына уқалау түрі жасалады)
Рефлексиялық түзетушілік:
— Балалар, қандай дыбысты қайталадық?
— «Б» дыбысы қандай дыбыс?
— Қандай сөзге дыбыстық талдау жасадық?
— Дыбыстар неше түрге бөлінеді?
— Қандай түстермен белгілейміз?
(балалар сұрақтарға толық жауаптарын айтып, қорытындылайды)
Бақа ойыншығы балалармен кешке дейін ойнауға топта қалады.
Күтілетін нәтиже:
Орындайды: өткен әріптерді қайталап, «б» әрпін тануды.
Түсінеді: дыбыстық талдау жасап, дыбыстарды ажыратуды, жеке орындауды.
Қолданады: өткен дыбыстарды қосып, хормен оқуды.
- 24255 просмотров