Сабақтың тақырыбы: «Абай және оның әндері»
Қарағанды облысы, Абай ауданы, Қарабас кенті, № 15 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Матенова Гульнара Дилдашовна |
«Бала тәрбиелеу — болашаққа ең үлкен инвестиция.
Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға
жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек»
Н.Ә.Назарбаев
(«Қазақстан–2050» Стратегиясы қалыптасқан
мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауы)
Мақсаты: Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасап, оқушыларға Абай әндерінің ерекшелігін, тәрбиелік мәнін, ақынның эстетикалық талғамын, әсемдікке деген ұмтылысын таныта отырып, оқушыларды сұлулыққа, сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: Интерактивті тақта, слайд — суреттер, кітаптар көрмесі, видео-роликтер.
Қолданылатын әдіс — тәсілдер: салыстыру, сұрақ-жауап, талдау.
Сабақтың барысы:
І. Мұғалімнің кіріспе сөзі:
Берекелі де мерекелі биылғы 2015 жыл қазақ қауымы үшін есте қалатындай жыл. Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы т. б. елеулі оқиғалар көңілге қуаныш ұялап, жарқын да бейбіт өміріміздің айғағы болып тұрғандай. Бұнымен жылдың шашулары таусылар емес, ерекше мейрам, қазақтың бетке ұстар азаматы, ақын, ойшыл, композитор, дана перзенті Абай Құнанбаевтың туғанына бүгінде, міне, 170 жыл толып отыр. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демеп пе еді ұлы қазақ?! Аты да, хаты да ел есінде мәңгі қалған Абай Құнанбаевтың 170 жылдығына арналған «Абай және оның әндері» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
Мұғалім:
«Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Оның тәтті оранған мәні оятар.
Кейі зауық, кейі мұң дертін қозғап,
Жас балаша көңілді жақсы уатар» — деп жырлаған Абай Құнанбаев. Біз де жүректі тербейтіндей әндерін тыңдап, көңілімізге әсемдік орнатайық.
№ 1 Мәнерлеп оқу
1-оқушы.
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойласаңшы бос қақпай елең-селең.
2-оқушы.
Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл,
Қыз таныстыр — қызыққа жұрт ыржаңшыл.
Қынаменде, жар-жар мен беташар бар,
Өлеңсіз солар қызық бола ма гүл?
3-оқушы.
Өлең деген — әр сөздің ұнасымы,
Сөз қосарлық, орайлы жарасымы.
Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе,
Оған кімнің ұнасар таласуы?
Мұғалім. Иә, «Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен, Өмір сәуле көрсетер судай тұнық...» деген Абай. Абай әндері халықтық негізден нәр алғандықтан, халық әндерімен тамырласып жатқандықтан, нотаның жоқ кезінде-ақ, ауыздан ауызға көше отырып, қалың бұқараның игілігіне айналды. Бұған бұрын-соңды халықтың музыкалық салтында болмаған жаңа өткір тілмен өлең тексіне құрылуы да себеп болды. Жаңа ырғақ — өлшеу, жаңа кейіпті мелодия жолы, жаңа үн сөздіктері — осы үшеуі Абай музыкасының жаңалығы болды.
№ 2 Ән А.Құнанбаев «Желсіз түнде жарық ай»
№ 3 Мәнерлеп оқу
4-оқушы.
Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді
Тыңдағанда көңілдің өсері бар.
5-оқушы.
Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа,
Адам ойы түрленіп ауған шақта.
Салған ән — көлеңкесі сол көңілдің,
Тактысына билесін ол құлаққа.
6-оқушы.
Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды,
Жүрек тербеп, оятар баста миды.
Бұл дүниенің ләззәті бәрі сонда,
Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды.
№ 4 Ән А.Құнанбаев «Қараңғы түнде тау қалғып»
Мұғалім: Абайдың «Евгений Онегинді» аударып, «Татьяна хатына» өзінің ән шығаруы, А. А. Дельвиг пен М. М. Глинканың «Сұрғылт тұманын», А. Г. Рубинштейннің «Мен көрдім», М. Ю. Лермонтовтың «Қараңғы түнде тау қалғыбын» аударып, оларға ән шығарғаны — Абайдың музыкалық сөздігін байытуға әсер етті. Тағы бір айта кететін нәрсе — Абай әндері, сөзі мен музыкасы біте қайнасып жатқандықтан, өзіне дейінгі қазақтың халық әндерінше, орындаушының керінген өлеңге жегіп алып, жүре беруіне келмейді.
№ 5 Оқушылармен жұмыс, талдау-талқылау
Абай толғауындағы «Айттым сәлем, қаламқас» өлеңі |
Абай толғауындағы «Көзімнің қарасы» өлеңі |
Менің әсерім |
|
|
|
№ 6 Ән А.Құнанбаев «Өзгеге көңілім тоярсың»
Мұғалім. Ата-бабаларымыз атар таңын соның нұрына малынып жарқырай қарсы алып, күнін кейістік көрмес көзбен батырып, оның көкжиектен қайта көтеріліп, қайтадан шуақ төге жарқырап тұратынына кәміл сенген сергек көңіл, селкеусіз ниетпен ұзатып салып отырған, таңның қайыра атуын кең даласының бозторғайы болып сайрай үн қосып қарсы алған. Атар таңға, атқан таңға ақ тілектерін қоса білдіріп асқақ ән шырқайтын болған. Ұясына қонып, батуға бет алған алтын арай сұлу күнге тағы да ақ алғыстарын арнап, оның қайта оралар сәтін ынтыға күтуден еш жалықпапты.
7-оқушы. Сондықтан атар таң мен батар күннің арасынан айырмашылық іздемей,
8-оқушы. Ақ таңым, тылсым кешім,
9-оқушы. Ыңғайлы ымыртым, жайлы түнім,
10-оқушы. Сәтті күнім деп сапар шеккен
11-оқушы. Қонақ күтіп, той тойлаған
12-оқушы. Тұтас тәулік бойы тіршіліктің тәтті әуенімен ардақталып, асқақ ғұмыр кешеді екен.
Мұғалім. Сонда уақыт айырмасын — күн мен түннің, ымырт пен кештің айырмасын аңғартпай жіберетін бір тосын күш, тылсым тыныс болады екен. Оның атын қазақ атамыз
Бәрі бірге: Ән
Мұғалім: деп атайтын болған. Осындай тылсым күштің иесі бола білген, «Жүректен кіріп, бойды алған» күш иесі Абай атамыз жасасың! Есімі ел есінде мәңгілік сақталсың! Келесі кездескенше, сау болыңыздар!
- 19441 просмотр